Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар ҚазҰАУ 85 ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСКЕ АБЫРОЙМЕН КӨТЕРІЛДІ

ҚазҰАУ 85 ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСКЕ АБЫРОЙМЕН КӨТЕРІЛДІ

27 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық университетінің іргесі қаланғанына 85 жыл толуына орай оқу ордасында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы ғылым мен білімнің басым бағыттарының жаңа стратегиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті бірігіп ұйымдастырған бұл конференцияның негізгі мақсаты – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуын қолдау үшін ғылыми-зерттеу және білім беру басымдықтарының стратегиясын әзірлеу болып табылады.
Конференция жұмысына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, ҚР білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, КАҚ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» директорлар кеңесінің төрағасы Ғани Қалиев және әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарын біріктіретін Жаһандық консорциум мүшелері, Қазақстандағы елшіліктер мен консулдық қызмет өкілдері, отандық және шет ел жоғары оқу орындарының ректорлары, көрнекті ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен қызметкерлері, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді. «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымын 85 жылдығымен құттықтаймын. Университет – еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісіне арнап білікті мамандар дайындайтын іргелі оқу орны. Оны мыңдаған түлектер бітіріп, отанымыздың АӨК саласының дамуына үлес қосты. Университет өз жұмысын заман талабына сай ұйымдастырып келеді. Студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми-зерттеу нәтижесін арттыруда. Инновациялық ізденістерді дамытуда. Әлемде халық саны өсіп, сапалы азық-түлікке деген сұраныс барған сайын артып отырған кезде ауыл шаруашылығы өндірісі саласы әрдайым өзекті болып қалады. Бұл бағытта университет ұжымына жүктелетін жауап арта түсері анық», делінген онда.
Қала әəкімі Бауыржан Байбек Алматы қаласының дамуындағы аграрлық саланың алар орны туралы айтып өтті. «Мемлекет басшысы ғылымның дамуына үлкен мəән беріп отыр. Жақында Алматыға сапарында ол қаланың ауқымды мегаполис ретіндегі маңызын тілге тиек етті. Қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету аса өзекті мəәселе. Алматының дамуы облыспен тікелей байланысты. Университеттің импорттық өнім­дердің орнын басу мақсатында салалық кластерді қалыптастыруда қосып отырған үлесін айта кету маңызды», – деді қала əәкімі.
– Қазақ ұлттық аграрлық университеті 2010 жылдан бері шетелдік тәжірибе және жобалық басқарудың халықаралық стандарттары негізінде Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бағытында мақсатты түрде жұмыс атқарып келеді, – деді өз сөзінде ҚазҰАУ ректоры, академик Т.И.Есполов. – Бүгінгі күні материалдық емес актив­терді дамыту; аграрлық ғылыми-өндіріс кон­сор­циумының қарқынды интеграциясы; халық­аралық ғылым-білім кеңістігіне ену; білім мен ғылым инфрақұрылымдарын дамыту; білім алушылардың дәлелді қөзқарастарын қалыптастыру сынды негізгі басымдықтар анықталып отыр.Трансформациялаудың басты өлшемі: ғылым мен білім, өндірісті біріктіру; зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау; агроөнеркәсіп кешендері үшін жоғары білікті мамандар дайындау. Биыл университетіміз QS рейтингісі бойынша әлемдегі беделді 308 университет арасында 67-інші орынға көтерілді. Университет осы жетістіктермен тоқтап қалмайды. Қазіргі жағдайда жоғары оқу орындары ғылым мен білім поцестерін кәсіпкерлік ортамен байланыстырушы негізгі интегратор болуы керек. Сондықтан ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу университеттерде жүзеге асырылуы тиіс. Университет дербестігі мен академиялық еркіндікті қамтамасыз ете отырып, студенттерге білім беру мен зерттеу жұмыстары үнемі бірлікте болуы керек, – деді ол.
Үкімет қаулысымен биыл аграрлық саладағы жетекші үш жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтті. Бұл университеттер жаңадан құрылған «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» аясында бірлесіп жұмыс атқаруда. Орталық құрамында осы 3 университетпен қатар, 23 ғылыми зерттеу институты, 14 тәжірбиелі станция, білімді комерцияландыру және тарату орталығы бар. Бұл интеграция ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары мен бизнес ортаның арасындағы әріптестікті кеңейтудің тиімді құралы болмақ. Аталған үш оқу орнының негізінде кластерлер құрылып, ҚазҰАУ негізінде – «Оңтүстік және оңтүстік-шығыс» кластері, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ негізінде – «Солтүстік», Жәңгір хан атындағы БҚАТУ негізінде – «Батыс» кластері дамымақ. Мұндай кластерлерді құру аймақтарды дамытудағы өзекті мәселелерді жедел шешуге, ауыл шаруашылығы төңірегінде кәсіпкерлікті дамытуда жоғары нәтежиелерге жетуге мүмкіндік береді.
Университет қонақтары конференция аясында Инновациялық орталықтың ашылуына қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Конференция қоры­тындысы бойынша инновациялық технологияларды енгізу арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға, ел экономикасындағы аграрлық сектордың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға, тағам қауіпсіздігін сақтауға мүм­кіндік беретін қаулы қабылданды. Конференция жұмысынан кейін, Түлектер жәрмеңкесі ұйым­дастырылып, Алматыдағы Республика сарайында Тұңғыш Президент күні мен уни­верситеттің 85 жылдығына арналған «Білімді жастар – Ұлы дала тірегі» атты салтанатты кеш өтті.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus