Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Астық терминалы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Астық терминалы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді


Ақтау теңіз портында елде жиналған астықты шетелге экспорттайтын арнайы терминал бар. Кәсіпорын былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. 682 мың тонна бидай қабылдап, өзге елдерге жөнелткен. Үздік қызмет көрсеткені үшін терминал жаңа жыл қарсаңында Президенттің қолынан «Алтын сапа» жүлдесін алған еді. Компания ұжымы биыл да бұл белесті бағындыруды көздеп отыр. Жуырда жаңа келісімдер жасалып, астық тиелген алғашқы кеме Иранға жол тартты. Терминал еліміздің астық экспортын ұлғайту мақсатында 2002 жылы құрылған болатын. Бірер жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен ол толық жаңғыртылды. Осылайша кәсіпорын жылына 300 мың тоннадан 600 мың тоннаға дейін бидай мен арпа қабылдап, шетелге жөнелтуге мүмкіндік алды. Ал былтыр астық терминалы тарихында болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Рафаэль Галямов, астық тасымалдау терминалының басшысы -Былтырғы жыл біз үшін сәтті жыл болды. Өндірістік қуатымыздан артық астық тиедік. 682 мың тонна бидай мен арпа шетелге экспортталды. Үздік нәтиже көрсеткеніміз үшін Елбасының «Алтын сапа» жүлдесі берілді. Бұл марапат бізді жігерлендіре түсті. Әлемдік дағдарысқа қарамастан биыл да жемісті еңбек етеміз деген ойдамыз. Қазірдің өзінде отандық астық тасымаладушы компаниялармен жаңа келісімшарттар жасалып жатыр. Ақтау теңіз портында орналасқан терминал 1 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 22 мың тонна астық сақталады. Барлық жұмыс автоматты түрде жасалады. Жуырда ғана жаңа қызметке кіріскен Мақсат Сарыбаев еліміздің солтүстігінен жүк пойызымен жеткен бидай мен арпаны арнайы құрылғының көмегімен қабылдап алып, кемелерге тиеп жатыр. Арнайы курстан өткен жас маман жаңа техниканы тез-ақ меңгеріп алған. Мақсатпен бірге мұнда 60 адам еңбек етеді. Мақсат Сарыбаев, терминал операторы -Бұрын қиын болды бәрі. Барлығын қолмен жүктейтін едік. Қазір бәрі техникамен қамтамасыз етілген, компьютерлендірілген. Тек уақытылы ашып, жауып тұрсақ болды. Ондай қиындық жоқ. Бұрынғыдан сәл жеңілдеу болды жұмысымыз. Компания қазақ астығын сыртқы нарыққа шығару мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Каспий жағалауындағы қос елмен біріккен кәсіпорындар құрылды. Келісімге сай Баку мен Амирабад теңіз порттарында елімізден жөнелтілген бидайды сақтайтын қоймалар салынды. Ал болашақта «Бекет ата» және «Түркістан» атауларын иеленген астық тасымалдайтын отандық кемелердің қатары көбеймек. Терминал басшылары құрғақ жүкке арналған 3 кемеге тапсырыс берілгенін айтты. Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

www.khabar.kz

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus