Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар АГРОӨНЕРКӘСІПТІҢ ДАМУ ЖОЛЫ

АГРОӨНЕРКӘСІПТІҢ ДАМУ ЖОЛЫ

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл Жолдауында «Нұрлы жол» жаңа эко­но­микалық саясаттың негізі болатын басты жеті бағытты айқындап берді.
Мен ғылыми-зерттеу институтының басшысы және ға­лым ретінде Жолдауда көрсетілген шағын және орта бизнесті қолдау, қазақстан­дық­тардың іскерлік белсенділігін арттыру сияқ­ты мәселелерге айрықша назар аудар­дым. Ең бастысы, Елбасының Жолдауы «Қа­зақстан Республикасының 2015-2019 жыл­дарға арналған индустриалдық-инно­вациялық дамуы» және «Агробизнес – 2020» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыра оты­рып, ауыл шаруашылығы саласын өркен­дету арқылы еліміздің экономикасында құ­рылымдық өзгерістер жасауға мүмкін­дік береді.

Әлемдік стандарттарға сәйкес елімізде ауыл шаруашылығы ауа райының құрғақ­шылығы жағдайында жүргізілуде. Себебі еліміздегі негізгі егін өсіруші аймақтардағы жауын-шашынның жылдық түсімі 200-350 мм құрайды. Осыған байланысты отандық өсімдік шаруашылығының климаттық өз­ге­рулерге бейімделуі бойынша зерттеулерді күшейту қажет, яғни селекциялық жұ­мыс­тарға деген көзқарасымызды өзгертуіміз ке­рек. Осы орайда, сорттардың өнімділікті арттырып қана қоймай, олардың күйзеліске (құрғақшылыққа, аязға, қысқа, тұзға және ыстыққа) шыдамдылығын дамытуға мән беруіміз керек. Сондай-ақ негізгі ауыл ша­руашылығы аймақтарында қалыптасқан егіншілік жүйесіне түзетулер енгізуіміз қа­жет. Өйткені ауа райының өзгеруі өсім­діктің вегетациялық кезеңіне ауытқулар енгізуде, осының салдарынан агротех­ни­калық іс-шараларды жүргізудің оңтайлы мер­зімдерін нақтылау қажеттігі туындап отыр. Мұнымен қатар ауа райының өз­ге­-руі арам шөптердің өсіп-даму фазасына, өсімдіктерді қорғау заттарына зиянкестер мен аурулардың бейімделуіне және тағы да басқа салдарларға әкеп соғуда. Бұған іс-шаралардың кешенді жүйесі, егіншіліктің ғылыми-негізделген жүйесі қажет, оның құ­рамында егістік алқаптарының оңтайлы құрылымы (ауыспалы егістіктер), топы­рақ­ты өңдеу, өсімдік шаруашылығын кеңінен әртараптандыру, егіншіліктің заманауи жүйе­лері және ауыл шаруашылығы дақыл­дарын өсірудің агротехнологиялары болуы тиіс. Қазақстанда экологиялық жағдайдың нашарлауы мен ауылшаруашылық жер­ле­рінің тозуын ескере отырып, институт ға­лым­дары заманауи егіншілік жүйесін әзір­леудің ландшафты жолын ұсынған-ды. Мұ­ның негізі – егіншілікті экологиялық қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ететін нақты аймақтар үшін теңдестірілген тұрақты аг­роландшафтарды жасау.

Мемлекетімізде сумен қамтамасыз ету келешекте республика экономикасын да­мы­тудың маңызды әрі шешуші факторына айналатыны белгілі. Бұл – су қорларының тапшылығымен, атап айтсақ, мемлекеттер ара­сында су қорын бөлумен, суды пайда­лануды қатаң шектеумен, аймақтық су ша­руашылығы жүйесінде өзендердің ағу ре­жимін өзгертумен, суармалы жерлердің тұз­дануымен байланысты. Жер бетінде ауызсу тапшылығының қарқынды өсуі суар­­­малы суды үнемді пайдаланудың жол­дары мен әдістерін іздеуді алдыңғы міндет­тердің қатарына қоюды талап етуде. Көп­теген зерттеулер суармалы суды үнемді пайдаланудың тиімді жолы ретінде да­қылдарды тамшылатып суарудың маңызы ерекше екенін көрсетуде. Тамшылатып суа­­ру бұл – су барлық вегетациялық кезеңде өсімдіктердің тамырына ғана жіберіледі және ирригациялық ылғал қатар арасына жайылмай, тек өсімдіктерге ғана беріледі. Соңғы жылдары Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ҒЗИ-да Қазақ­стан­ның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы суармалы жерлерде танаптық дақылдарды, атап айтқанда, қытайбұршақ, жүгері, қант қызылшасы және күрішті тамшылатып суа­рудың тиімділігін зерттеу бойынша жұ­мыстар басталды. Зерттеу нәтижелері күріш пен қант қызылшасы сияқты суды көп қа­жет ететін дақылдарды өсіру кезінде там­шы­латып суарудың жоғары нәтижелілігін көрсетті. Алғаш рет жабын пленкасы ас­тында тамшылатып суару негізінде күрішті өсірудің жаңа табиғатты қорғаушы техно­логиясы әзірленуде. Жаңа инновациялық технологияның ерекшелігі – күріш суға ба­­тырылмай және гербицидтерді қолдану­сыз өсіріледі.

Соңғы кездері икемді егіншілік (гибкое земледелие) концепциясы үлкен танымал­дылыққа ие болуда. Бұл қуаң аймақтарда егіншілік жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарының бірі ретінде қарастырылады. Оның негізгі буыны – ылғалды мол жи­наудың іс-шаралар кешені және осының негізінде – қалыптасатын ауа райы жағ­дайларына сәйкес егістік алқаптарының құ­рылымын оңтайландыру, сондай-ақ то­пырақты өңдеу, тыңайтқыштарды қол­-дану, өсімдіктерді қорғау тәсілдері, т.б. жүйе­лерге түзетулер енгізу. Тәуекелді егін­шілік жағдайларында бұл факторларды ескеру суару барысында икемді әрекет ету­ге, егістікті пайдалану құрылымын жедел өзгертуге және биоклиматтық әлеуетті то­лықтай пайдалануға мүмкіндік береді.

Біздің алдымызда Елбасы қойған ауқым­ды және күрделі міндеттер тұр. Ол мін­дет экономикалық өсуге, ауыл шаруа­шылығындағы инвестициялық ахуалды жақ­сартуға бағытталған. Жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық құрылымдар­дың: білім-ғылым-өндірістің жүйелі жұмыс жасауын қамтамасыз етуіміз қажет. Жалпы, аграрлық ғылымды ұйымдастырудың жаңа жүйесінің бастапқы үлгісі қажет, онда іргелі және қолданбалы ғылым әдістерінің үйле­суіне негізделген кадрларды дайындау, трансферт пен алдыңғы қатарлы әлемдік жетістіктерге бейімделу, сонымен қатар экономикалық жағынан тиімді егіншілік жүйелерін әзірлеу үрдісі біріктірілуі тиіс. Әрқайсысымыз тек өз саламыздың ғана емес, ортақ, яғни бүкіл ауыл шаруашы­лы­ғын дамытудың жаһандық мақсатын, өзара қа­рым-қатынасты жетілдіру қажеттігін жете түсінуіміз керек. Ол үшін бізде қажетті мүмкіндіктер мен әлеует бар екендігіне се­німдімін.

Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі, а.ғ.д, профессор

http://www.aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus