Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Атырауда бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өндірісі дамып келеді

Атырауда бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өндірісі дамып келеді

Мұнай-газ өндірісінің жетістіктерімен әйгілі болған Атырау облысында енді азық-түлік қауіпсіздігі қолға алынып, қуаты күшті өндірістер ашылуда.
Өнімнің сапасына кепілдік беретін жаңа технологиялар енгізіліп, бәсекеге қабілетті жоғары сапалы тауарлар өңдірілуде. Аймақта ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жоғары деңгейде жұмыстар атқарылуда және келешекте жалғасын табарына сенім мол.
Бұл туралы Атырау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты жиында мәлім етті.
Сенбі күні Атырау өңіріне іссапармен келген Асылжан Сарыбайұлы аймақтағы соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласына серпін берген жобалармен танысты. Айтарлығы, бұл жобалардың барлығы мемлекеттік органдардың тікелей жетекшілігімен, сондай-ақ бұл салаға арналған даму бағдарламаларының қолдауымен жүзеге асты.

Аймақта баламасы жоқ жобалар жүзеге асуда

Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке елімізде баламасы жоқ «Caspiy Lana Atyrau» түйе және қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасын таныстырудан бастаған аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетовтың айтуынша, фабрика биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілетін болады. Жаңа жобаны жеке кәсіпкер Әлімжан Балжігітов «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асыруда. Фабрикада алғашқы кезеңде 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңдеуден өткізіледі. Жүн жуу цехына құрал-жабдықтар алуға – «QingdaoYuanQuanMachineryCO» компаниясымен, ал тоқыма цехы үшін жаңа технологияны жеткізуге итальялық VICOTEXSRL компаниясымен келісімшарт жасалған. Жеңіл өнеркәсібі қарқынды дамыған шетелдердің білікті мамандары кеңесші ретінде тартылады. Қазірдің өзінде Атырауда бастапқы өңдеуден өткізілетін жүнге Ресей, Қытай және Моңғолия елдерінің қызығушылығы байқалып отыр. Сонымен бірге Еуропа елдері технологиясымен киім тігуді қолға алу жолдары қарастырылады. Алғашқы тапсырысты тоқыма фабрикасын құрал-жабдықтармен қамтыған итальялықтардың өздері жасап, тоқыма фабрикасының алғашқы өнімдерін жеткізіп беруге өтініш білдірген. Бізді алғашқы өнім партиясы жуырда жергілікті тұрғындардың да қолына тиіп қалатыны қуантады.
Бұдан соң Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында Атырау облысындағы екі жаңа құс фабрикасы туралы толық мәлімет берілді. Жылыой ауданындағы «Атырау сауда» және Махамбет ауданындағы «Алмалы құс» фабрикалары бүгінде облыс тұрғындарын жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Облыс кәсіпкерлері жергілікті халықтың сұранысынан артылған жұмыртқаны көршілес облыстардың нарығына шығаруда. Бүгінде облыстағы екі құс фабрикасы жылына 100 миллион жұмыртқа өндіреді. Ауыл шаруашылығы министріне таныстырылған «Алмалы құс» фабрикасында тәулігіне 52 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Фабрика өнімі бүгінде облыс орталығындағы базарлар мен апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде және ауданның сауда орындарында сатылымда. Жұмыртқаның әр данасы 15 теңгеден. Бұл – сырттан келетін жұмыртқадан екі теңгеге арзан және сапалы әрі отандық өнім.
Сондай-ақ Асылжан Сарыбайұлы Махамбет ауданында «Жұмыртқа және ет өндіру бағытындағы 10 мың бас бөдене фермасы» жобасымен танысты.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ осы жобаға 40 млн теңге қаржы бөлсе, өзге қаражат есебін «Атырау-Бөдене» ЖШС өзі қаржыландырады. Жобаның жалпы құны – 90 млн теңге. Биыл пайдалануға берілуі жоспарланған бөдене фермасы жылына 700 мың дана бөдене жұмыртқасы мен 2 тонна бөдене етін өндейтін болады. Сайып келгенде, аймақта жаңа жобалардың ашылуы жергілікті жердегі жұмыссыздықты болдырмауға септігін тигізуде.
Мемлекет басшысының еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына ерекше серпін беруі Атырау облысында баламасы жоқ ешкі фермасының ашылуына себеп болды.
«Сарайшық» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы» ЖШС үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жұмсалатын шығынның 49 пайызын, кәсіпкер В.Розметов басшылық ететін «Атырау-АгроӨнімдері» ЖШС 51 пайызын өтеуге келісіп, құны 600 млн теңгеге бағаланған жоба жұмысы бүгінде алғашқы нәтижесін берді.
«Сарайшық» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы» жеке серіктестігі «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметовтың айтуынша, ешкі өте өсімтал мал. Ешкі фермасында алғашқы жылы 180 тонна ешкі сүті өндіріліп, 140 тонна ешкі сүтінің өнімі шығарылады деп жоспарланған. Бұл межені шаруа қожалығы бағындырды. Ешкілерден тәулігіне 3 тонна сүт сауылып алынады. Ешкі сүтін, емдік сарысуды, айранды, йогуртты құятын арнаулы құтының өзі осы ферманың өзінде қолма-қол дайындалады. Ешкі сүтінің майлылығы – 3,2 пайыз. Барлық өнімнің құтыларында тауар белгісі бар. Нарық талабын біліп, тәуекелге бел буған шаруа қожалығы басшылығы жобаға сай, ешкі басы мыңға жеткенде, халықаралық сертификаттың көмегімен шетел нарығына шығуға мүмкіндіктері мол екенін айтып отыр.
Шаруашылық өнімінің басты артықшылығы – табиғи таза сүттен дайындалуында. Оның құрамында консерванттар мен химиялық қоспа жоқ. Сондықтан еліміздің нарығында ешкі сүт өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Шаруашылықта алғашқы сүт өнімінің 7 түріне қосымша тағы да өнім түрлерін қосуға тәжірибе жасалуда. Мәселен, ірімшіктің тағы да бірнеше түрін көбейту жоспарда бар.
Халықаралық деңгейдегі бәсекелестікке жету үшін Қазақстанда тұңғыш ашылған ешкі фермасы ешкі сүтінен өндірілетін өнім түрлерінің қазіргі сауда сөресіндегі жиырмаға жуық түрін еселеп көбейтуге тәжірибе жасауда. Емдік қасиетке бай ешкі сүті мен одан жасалған өнімдер – тек Ресейде ғана емес, әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие тауар.
Қазірдің өзінде «Сарайшық» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы» жеке серіктестігі өнімдері Ресейдің Волгоград, Самара қалаларынан тұтынушысын тауып отыр. Жуырда Орынбордан тапсырыс түскен. Ешкі фермасының тауары еуропалық стандартқа негізделгендіктен, экспорттың талаптарына толық сәйкес келеді.
Мұнай-газ саласы өндірісінен аграрлық кешенге қарышты қадам жасаған Атырау өңірінде жүзеге асқан жобаның бірегейі – «1 мамыр» тауарлы сүт өндіру кешені. 500 бас голландық асыл тұқымды (голштин-фриз) мүйізді ірі қара малын бағып-күтуге арналған тауарлы-сүт фермасы Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс селосында орналасқан. 2014 жылы пайдалануға берілген тауарлы-сүт фермасында сиыр сүті өткен жылдан бері өндірілуде. Бүгінде бір мыңға жуық сиыр малының 450 аналығы сауылып, әр сиырдан 18 литр сүт алынады. Мал сүтінің сапасы мен оның майлылығын арттыру мақсатында фермерлер сиырлардың қорегіне аса мән береді. Шетелден сатып әкелінген малдың күтімі өте ыждағаттылықты талап етеді. Тауарлы-сүт өндіру кешені Америкадан тағы 500 бас сауын сиыр алып, тәуліктік өнім көлемін 4 тоннадан 12 тоннаға жеткізуді жоспарлауда. Кешен табиғи сүтті өздері өңдеп, айран, қаймақ, ірімшік және басқа да дәрумендерге бай сүт өнімдерінің 10 түрін шығаруды қолға алды. Жалпы, Атыраудағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басты міндеті – мал басын асылдандырып, осы салаға заманауи озық технологияларды енгізу. Ол міндетті жергілікті биліктің қолдауымен кейбір шаруашылықтар жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, «1 мамыр» серіктестігі былтыр қолға алған тауарлы-сүт өндіру кешенін толықтай автоматты жүйеге көшірді. Нәтижесінде, өнім көлемі артып, алыс құрлықтан әкелінген асылтұқымды голштино-фриз текті ірі қара алғашқы өнімдерін бере бастады. Жаңа технологияның артықшылығы – сауылған сүт тікелей сүт қоймасына түтік арқылы барады. Яғни сапасы бұзылмайды. Бұрын 500 сиырды саууға ондаған сауыншы қажет болса, қазір оны 3-ақ адам атқарады, жүйе толық автоматтандырылған. Бүгінде «1 мамыр» тауарлы-сүт фермасының өнімдері жергілікті жердегі базарлар мен сауда желілерінде сатылымға шығады. Сүт және сүт өнімдері туралы жұртшылық тарапынан жақсы лебіздер айтылуда.
Қазіргі таңда Атырау облысындағы жаңа піскен көкөністер өндірісі, тұрғындар мен мекемелердің сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Бұл мәселе әсіресе, күз-қыс және көктемгі кездерде өзекті болып отыр. Көкөніспен қамтамасыз ету проблемасының басты шешімінің бірі – сақтау мен өңдеудің заманауи технологиясын қолдану арқылы, сонымен қатар консервілеу есебінен көкөністердің сақталуын арттыру. Бұдан бөлек, Атырау облысында ауылшаруашылық көкөніс өнімдерін өңдеу әлеуеті де жоқтың қасы. Нәтижесінде, аталған өнімдердің басым бөлігі облысқа, Қазақстанның басқа аймақтарынан, алыс-жақын шетелдерден әкелінеді. Осы үрдістен құтылу мақсатында Атырауда «Агрофеликс» ЖШС 8 мың тонналық заманауи көкөніс сақтау қоймасы мен көкөністерді консервілеу өндірісін жуырда пайдалануға берді. Атырау өңіріндегі көкөніс консервілерінің тұтыну нормасы есебінен алғанда, қажеттілік жылына кем дегенде 1554 тонна. «Агрофеликс» ЖШС өзінің толық қуатына шыққанда, облыс халқының көкөніске деген қажеттілігін өтейтін болады.
3,6 гектарды құрайтын кәсіпорын қожалығының аумағында 9 ғимарат пен әртүрлі құрылыстар, көкөніс өнімдері дүкені, көкөніс консервілеу цехы, салат цехы, көкөніс сақтау қоймасы, қойма жайлары орналасқан. Зауыт өнімнің 13 түрін шығаратын болады, қуаттылығы жылына 75 мың құты консервіленген өнім мен көкөніс салаттарын 370 тоннаға дейін шығаруға жетеді. Әзірше жаңа цех күніне 10 түрлі, 1,5 тонна салат дайындайды. Кәсіпорын тапсырыс бойынша жұмыс жасайды, ал бұл өз кезегінде тұтынушыға тек жаңа дайындалған салатты жөнелтуге мүмкіндік береді. Бұл – салат өнімдерін дайындауда барлық технологияларды пайдаланатын аймақтағы жалғыз өнеркәсіп.
Осы жобалармен қатар, облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке балық тоғандарында балық өсіруді қолға алған «Caspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық өсіру кешені мен «Асыл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу цехының жұмыстарын да таныстырды.
Бұдан соң облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов министрге аграрлық саладағы өнімдердің делдалсыз сауда жасауына мүмкіндік беретін коммуналдық базардың аяқталуға жақын қалған нысанын көрсетті.
Жергілікті тұрғындарға тұрақтандыру қорынан және жаңа жобалардың өнімдерін делдалсыз жеткізу арқылы қолжетімді бағамен сату мақсатында салынған коммуналдық базар, облыс халқының әлеуметтік аз қамтылған отбасылары үшін өте тиімді болмақ. Базар ішіндегі сауда орындар саны 288 болса, оның 158 орны азық-түлік сататын орын болып белгіленген. Өзгелері төрт түлік мал еті, құс еті, балық, көкөністер сататын орын болып бөлінген. Келер жылы дағдарысты желеу етіп, халыққа азық-түлікті қымбат бағада сатуды көздегендердің мақсатының алдын орап кеткен коммуналдық базар халық игілігіне жаңа жылдың қарсаңында пайдалануға беріледі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиевтің айтуынша, егер бұрын бізде алыпсатарлар көп болса, қазір жаңа жобалардың арқасында олардың жолы кесілді. Сондықтан тауар өндірушілерге өз өнімдерін сауда орындарына тікелей өткізе алады. Есесіне бағасы да қымбат болмайды. Коммуналдық базардың ашылуы жергілікті өндірушілерге тиімді болмақ. Оның үстіне бұл базар екі бірдей мәселе түйінін шешіп бермек. Біріншіден, отандық өндірушілерге үлкен қолдау көрсетілсе, екіншіден, ең негізгі азық-түлік бағасын реттуге ықпал етпек.

Тауар өндірушілер Кооперация маңыздылығын жіті түсінуі қажет

Жоғарыда біз саралап жазған аграрлық саладағы жаңа жобалармен танысқан Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Атырау облыстық орталық коммуникациялар қызметінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау реформасын түсіндіріп, жаңа заңдарды ақпараттандыруға мүдделі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
– Біз бүгін Атырау облысының тауар өндірушілерімен кооперация жөнінде сұхбаттасуға, жаңа заңдарды түсіндіру мақсатында іссапармен келдік. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперациялары» мен «Ауыл шаруашылығы кооперативтері мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары күшіне енбек. Осы заңда ауыл шаруашылығы кооперациясын тежеп отырған бірқатар өзекті мәселелер шешілгелі отыр. Қазіргі бәсекелестік ұлғайып тұрған кезде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бірігуі әсіресе, экономикалық тарапынан маңызды. Өйткені кооперация арқылы тауар өндірушілер өзінің өндірістік және басқа да тұтынушылық қажеттіліктерін шешу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ие болады. Бұған Үкімет тарапынан көңіл бөлінуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі жуық арада Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, кооперация жөнінде жұмыс істейтін өзара іс-шаралар жоспарына қол қойды. Осы жоспар бойынша әр өңірде тәжірибелік және жақсы деңгейде ашылған кооперацияның пилоттық жобаларын іске асырамыз деп келістік, – деген Асылжан Сарыбайұлы осы жоба негізінде фермерлерге семинар өткізіп, кооперацияның пайдасы туралы түсінік жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Жалпы, өткен жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы субсидиялардың тиімсіздігіне бірнеше рет көңіл бөлген. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі соңғы 7 жылда 3,5 есе өсіті. Бүгінде субсидия мәселесі реформалануда. Қазіргі күні оның механизмі әзірленіп, заңнамаға өзгерістер енгізуді қажет еткен мәселелер қаралуда. Министр, сондай-ақ Ресей елінен біздің тауарларымызды тұтынуға деген сұраныс болса, ол мәселені біздің тауар өндірушілеріміз өздеріне пайда болатын жағдайда көрші елдің сұранысын қанағаттандырудан бас тартпайды деп мәлім етті. Елімізде нан бағасының қымбаттауына қатысты да жауап осы баспасөз мәслихатында айтылды.
Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтiң қатысуымен өткен субсидияның реформаланауы мен кооперацияның тиімділігі жөнінде өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсенбаев сөз алды.
– Субсидия алу, алдағы уақытта субсидияландырылу туралы айтсақ, біздегі барлық өндіріс орындары – асыл тұқымды мал өсіруге, кез келген өнімді шығаруға және сүт пен ет өндіруге субсидия алып отыр. Біздегі құс фабрикалары жұмыртқа өндіріп, әрбір жұмыртқа үшін 2 теңгеден алады, жемшөп өсіріп субсидия алады, техника алуға субсидия алады. Бірақ мұндай субсидиялар өндірушілерімізді біршама деңгейде босаңсытып жіберді. Біреуі 30 литр сүт беретін, енді біреуі бес литр сүт беретін сиыр өсіреді де, мал басына субсидия алады. Өнімді жақсарту үшін жұмыстанбайды, сүт пен еттің өндірісін арттырмайды. Мемлекет беріп отырған субсидия арқылы сапаға, бәсекелестікке ұмтылуды ойламайды. Сондықтан министрлік асыл тұқымды мал өсіруді арттыруға жағдай жасауға, егін шаруашылығында заманауи технологияларды қолдануды арттыру, мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін тиімді позицияны айқындады. Аймақтар бұл субсидияның реформалануын және кооперацияның тиімділігін қолдап отыр, – деген Ғұмар Исламұлы қазіргі таңда министрлік осы бағыт бойынша жұмыстар атқарып жатқанын айтты.
Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, өңірдегі нақты жеке қожалықтардың барлығы әлі де болса толық қуатқа енген жоқ. Сүтті-тауарлы ферма мың бас малға есептелген, сиырлардың екінші кезегі тек қана бұзаулауға жіберіледі. Тәулігіне 6 тонна сүт алынады. Ал негізінде, 12 тонна өндіріп, 20 тоннадан асыру керек. Осы жағдайда ғана бұл тиімді өндіріс болмақ. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан, инвестициялық субсидия аясында жоспарлы қуаттылыққа жеткен, өз-өзін қамтамасыз ете алатын, өзіндік құны төмен болатын, осындай жеке қожалықтарды қолдау қарастырылған. Жергілікті әкімдік екі-үш жылда жүзеге асырған 10 жобаны Ауылшаруашылығы министрлігіне жіберген. Жалпы, қолдау бар, келісімдерге қол қойылуда. Қазір осы мақсатта 3,5 млрд теңге көлемінде инвест-субсидия алуға үмітті болып отыр. Мысалы, бұл сомадағы 1,3 млрд «1 мамыр» жеке қожалығына тиесілі субсидиялар. Бұл – өнеркәсіп үшін айтарлықтай қолдау.
– Кооперация бойынша, Құрманғазы сервистік-дайындау орталығы бар. Оның өзіндік құнына сатушы емес, өзі төлейтін қосымша құн салығына айтарлықтай әсер ететін. Бұл мәселені шешу, арзандауға, жұмыстың тиімділігін арттыруға жол ашады. Бұл мәселе бүгін-ертең біздің тоқыма фабрикамыздың алдына да қойылатын болады. Олар қосымша құн салығы төлемінен босатылған тұрғындардан, жеке кәсіпкерлерден, қауымдастықтардан тері жинайды. Бұл жерде министрлік тарапынан бірінші кезекте, өңдеушілер мен тұрмыстық тауар өндірушілерге, өндіретін тауарға қосымша құн салығын азайтуда, өзіндік құнына және тиімділікті арттыруға үлкен көмек көрсетілген. Жалпы, ауылдық ұжымдастыру мәселесі баяғыда-ақ жетілді. Біреу жүз гектарға егін егеді, келесісі 50 гектарға. Ең жақын мысал. Индер ауданының әкімі жер жырту, егін егу және өзге де жұмыстарға сұраған техникасын бердік. Биыл 450 гектар бақшалық, 450 гектар картопты, біздің тапсырысымыз бойынша, кейбір сынған және бұзылып, істен шыққан техникалардың орнына алған болатын, – деген Ғұмар Исламұлы әкімдік оларға техникамен көмектескенін айтты.
Кооперация заңында, кооперация өкілдеріне үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жерде еркінен тыс тәсіл қолданылмайды. Өзі қаласа, құрамына кіреді, қаламаса, шығады. Бірақ пайда шаш етектен. Жергілікті атқарушы органдарға берілетін тапсырма, қожалықтар арасында, өздігінен жұмыс жасағанда келетін пайда мен кооператив құрамында жұмыс жасағандағы пайданың айырмашылығын айқындайтын түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Адамдар өз пайдасын сезінгенде ғана, өз еркімен белгілі бір кооперативке бірігуге келісетін болады. Балық өндірісінде, біреулер балық аулап, мұздатып, Ресейге сатып жатыр, келесісі өңдеп, сүйектен айырып, еуро стандартқа ие болып, Еуропаға, Украинаға, Ресейге сатып жатыр. Шикізат ретінде сату мен қосымша құн қосып, дайын өнім ретінде сату арасында айырмашылық бар. Осынын барлығын саралап айтып жеткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстары нақты әрі дәл жүргізілетін болса, тауар өндірушілердің кооперация туралы түсініктері кеңейіп, жұмыстарын жеңілдетуге соғұрлым жеңіл болады деген пайымын айтты.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі бағаланды

Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков Атырау облысына жұмыс сапарында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Бұл жиынға облыстың ғалымдары, ардагер шопандары, егін саласы мен баламасы жоқ жобаны жүзеге асырушы кәсіби мамандар мен ауыл шаруашылығында еңбек етуді мақсат еткен жастар қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен алдағы мақсаттар туралы айтты.
– Атырау облысында соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласында инновациялық тың жобалар іске асып, ұмытылып қалған игі істер қайта жалғасты. Өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл ауыл шаруашылығы саласына 5,2 млрд теңге бөлінсе, оның 1,1 миллиарды субсидиялық қолдауды құрайды. Өткен жылы осы салада өнім өндіру көрсеткіші 48,8 млрд теңгеге жетті. Көкөніс пен картопты егудің гектарлық ауқымы кеңейді. Бұдан басқа облыста 350 гектар алма бағы өсіріліп, 12,5 гектар жылыжай жұмыс істеп тұр. Атырау аймағында агроөнеркәсіп кешенінде бұрын болмаған 8,8 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылды, – деген аймақ басшысы өңірде жүзеге асқан 10 жобаның әрқайсысы туралы қысқаша мәлімет айтып, келер жылы жүзеге асатын жаңа жобаларды атап өтті.
Аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов өткен жылдан бастап Елбасының тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындарды толықтай өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп отырғанымызды тілге тиек етті. Бүгінде Елбасының халыққа Жолдауында негізделген аймақтарға инвесторларды көптеп тартып, ауыл шаруашылығына инвестиция салуға бағыттау бойынша жұмыстар басталып кетті. Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов ресми баяндамасынан соң, агроөнеркәсіп саласын дамытуға атсалысып жүрген азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Атырау облысының Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Кісенбай Асабаевты 80 жас мерей-тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесіне орайластырылған салтанатты жиында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Ауыл шаруашылығы экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызды сала. Халықтың тең жартысы ауылдарда тұрады. Олардың табыс көзі де осы ауыл шаруашылығы бизнесі. Ауыл шаруашылығы саласының дамуы Елбасының айрықша назарында. Салалық бағдарламаны қолдау күннен-күнге артып, мемлекет бюджеті тарапынан соңғы 4 жылда субсидияға берілетін қаражат 3 есеге артты. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, елімізде ауыл шаруашылығы саласына қаржы салу ұлғаюда. 2016 жылы осы салаға 15 млрд теңге қаржы бөлінеді. Әлем елдерінде азық-түлікке деген сұраныс артуда. Сондықтан ішкі рынокка ғана емес, экспортқа да бағытталған біздің ішкі өндірістердің өсуінің маңызы зор. Осыны ескеріп және Елбасының тапсырмасын мүлтіксіз орындап, елімізде баламасы жоқ жобалар жүзеге асырып отырған Атырау облысындағы жұмыстарға ерекше көңілім толды. Азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы мәселелері қолға алынып, аймақта үлкен өндіріс көздері ашылуда. Бірқатар өндірістерді аралап көрдім. Өте жақсы деңгейде жұмыс істеп жатыр» деп, жаңа өндірістерде жаңа технология енгізіліп, бәсекеге қабілетті тауарлар өндіріліп, жаңа жұмыс орындары ашылып, Атырау өңірі мұнай-газ саласы жетістігімен қатар, ауылшаруашылық саласын дамытуда жақсы нәтижеге қол жеткізген жергілікті атқарушы билік пен еңбеккерлерге алғыс айтты.
Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласындағы тындырымды істерге осылайша баға берген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Социалистік Еңбек Ері Кiсенбай Асабаевты, «Атырауагроөнімдері» ШҚ басшысы, «Сарайшық» БК» ЖШС-ның атқарушы директоры Владимир Розметовті, «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілхайыровты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаевты, «Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және егіншілік шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның Атырау филиалы өсімдік шаруашылығы секторының меңгерушісі Болат Мұханбетовтерді ҚР «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Осы салтанатты шарада Асылжан Сарыбайұлы облыста агроөндіріс саласының дамуына үлес қосқан бірнеше шаруашылық басшыларына, мамандарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасын» табыс етті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға да облыстық мәслихаттың Алғыс хаты табыс етілді.
Кәсіптерінің нәсібіне орай еңбектері бағаланған еңбеккерлердің өз қызметтеріне деген қызығушылығы, жауапкершілігін арттыру, жастарға үлгі ету мақсатында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің ұсынысымен тағайындалған Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев атындағы «Озат шопан» жүлдесі биыл үшінші мәрте табыс етілді. Биыл осы жүлдені Қызылқоға ауданынан «Құрман» ШҚ аға шопаны Думанбек Жаңабаев алды. Жүлде – 200 мың теңге.
Салтанатты шарада әріптестерін Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Сарайшық»БК»ЖШС-ның атқарушы директоры Владимир Розметов құттықтап, әріптестерін аймақта ауыл шаруашылығын дамытуда бірге жұмыла отырып жұмыс істеуге шақырды.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты шара облыстың кәсіби өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің Атырау өңіріне жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Облыста өз өнімдерін экспортқа шығарып отырған шаруа қожалықтарының өнімдерін көрген Асылжан Сарыбайұлы жалпы, облыста ауыл шаруашылығы саласында серпінді қадам барын және көңілі толатынын айтты.

Аймақта тұрақтандыру қоры ұлғайды

Атырау облысында биыл тұрақтандыру қорының көлемі бірнеше есе тоннаға ұлғайды. 2015 жыл өңірде азық-түлік бағытындағы бірнеше ірі өндіріс орындарының ашылуымен де ерекшеленіп отыр. Жергілікті атқарушы билік аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері тапшы болмайды. Есесіне, бағаның қымбаттауына да ешқандай негіз жоқ дейді. Биыл Атырау облысында тұрақтандыру қорының көлемі 4 мың 800 тоннаны құрап отыр. Оның 100 тоннасы – жеміс-жидек және көкөніс болса, 700 тоннасы – азық-түлік тауарлары. Базардағы бағаны реттеп, бақылап, тұрғындарды арзан өнімдермен қамтамасыз ету үшін аймақта апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылуда. Сонымен қатар өңірде тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын 118 сауда нүктесі жұмыс істейді. Сайып келгенде, осы істердің барлығы – халықтың нәсібесі. Бұрын-соңды ауыл шаруашылығына аса ден қоймаған Атырау өңірі әйгілі мұнай-газ өндіруден ауыл шаруашылығын дамытуға сәтті қадам жасады. Енді осы қарқынды бәсеңдетпеу, керісінше, бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, экспортқа шығару арқылы әйгілі болу ауыл шаруашылығы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Атыраулық тауар өндірушілер өздерінен үміт ететін жауапкершілік талабынан шығатындарына сенімді. «Ең бастысы, сенім, содан соң мақсатқа жетуде тынбай еңбек ету» деген қағиданы ұстанған ауылшаруашылық саласы мамандары келер жылды да табысты бастағалы отыр.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus