Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Жер реформасы бойынша комиссия мүшелері Атырау облысы халқымен кездесті

Жер реформасы бойынша комиссия мүшелері Атырау облысы халқымен кездесті

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

23.07.2016 ж.                                                       Атырау қ.

Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы бойынша комиссиямүшелерінің Атырау облысы халқымен кездесуіболып өтті.

Бүгінгі күнге дейін Комиссиямен Астанада төрт отырыс және Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарының халқымен кездесулер өткізілді.

Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимдебайланысқа шықты. Сонымен қатар, «Bnews.kz» ақпараттық агенттігінің сайтында тікелей эфир ұйымдастырылды.

Жер реформасы бойынша комиссияның негізгі міндеттері Елбасы айрықша тапсырғандай, бұған дейін құрылған құқықтық, экономикалық, ақпараттық-түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі төрт жұмыс тобының тиімді қызметі арқылықалың көпшілікпен пікір алмасып, жер заңнамасының нормаларына қатысты ұсыныстарды қарау болып табылады.

Осыны тілге тиек еткен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов Комиссияның өңірлердегі жұмысында белгілі бір принциптердің қалыптасқанын, яғни, ашық түрде ешқандай шектеусіз нақты көтеріліп отырған мәселеге байланысты пікір айтам дегендерге шектеу жоқтығын атап өтті.

«Біз бұл жерге дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Жер мәселесін ақылмен, сабырмен, жан-жақты талқылау арқылы қарап, шоғырланған түйінді мәселелерді шешудің жақсы үлгісін көрсетуіміз қажет», – деді Комиссия төрағасы.

Күн тәртібінде алдыңғы қозғалған тармақтардың заңды жалғасы ретінде үш мәселе қаралды:

Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру. Оның ішінде, жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға жалға берілетін жерлердің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу, Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібін күшейту.

Екіншіден, елді мекен маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру

Үшіншіден,  мораторий жарияланған 2 мәселеге (қазақстандықтарға жеке меншікке және шетелдіктерге жалға беру) байланысты пікір алмасу.

Ең алдымен, экономикалық топтың жетекшісі Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы сөз алып, Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын жетілдіру, сондай-ақ оған мониторинг жүргізу  бойынша ұсыныстарын баяндады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтап, оған мониторинг жүргізу, қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін тарта отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің жеке тәртібін және конкурстар өткізудің тәртібін белгілеу,  республика және әр әкімшілік аудан  бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің алқап түрлері бойынша шекті (ең жоғары) мөлшерін бекіту, жерді ұтымды пайдалану бойынша жер пайдаланушылардың міндеттері мен жауапкершілігін  күшейтетін  жалға берудің үлгілік шартын  бекіту.

Ал, құқықтық топтың жетекшісі Тайжан Мұхтар Болатханұлы топ жұмыстарының нәтижелері бойынша елді мекен маңындағы жергілікті тұрғындар үшін қажетті жайылымдарға байланысты баяндама жасады.

Одан соң штаб жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Вице-министрі Нысанбаев Ерлан Нұралыұлы Ауыл шаруашылығы министрлігі  жанындағы  жұмыс тобының, сонымен бірге өңірлердегі қоғамдық кеңестердің атқарған жұмыстарының есебін берді.

Соңғы баяндамамен Атырау облысының қоғамдық кеңесінің басшысы –  Атырау облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Өтешов Мұрат  Сақтайұлы қоғамдық кеңестің жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық кеңес мүшелері әрбір аудан мен ауылды аралап, жер мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді және де алғашқы нәтижелер де жоқ емес.

Бұдан әріде сұрақ-жауап кезеңіне жол беріліп, бұқараны мазалаған түйткілдердің айналасында, соның ішінде мораторий жарияланған тармақтар бойынша пікір алмасулар өрбіді.

Комиссия мүшелері өз жұмыс топтарының аясында, уақыты келісілген шешімдер бойынша ұсынымдар әзірлеп, ортақ пікірлерді тұжырымдайтын кездің келгендігіне кеңінен тоқталды.

Айта кетейік, өңірлерде халықпен кездесулер өз дәрежесінде жалғасатын болады. Мұндағы түпкі нәтиже – халықты толғандырып жүрген жер тағдыры бойынша мәселені әбден саралап, салмақтап, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Парламентке нақты ұсыныстар беру.

Анықтамалық:

Халық арасында түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізу мақсатында  ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап Call-центр (1434) қызмет етуде. Бүгінгі күнге дейін келіп түскен қоңыраулардың саны 12564 жетіп, оның ішінде жер телімдерін рәсімдеу, жалға алу, сату, сонымен қатар, ү.ж. 6 мамырында ҚР Президентімен бекітілген жарлығымен нормаларға моратории жүргізу мәселеріне қатысты қоңыраулар келіп түсуде.



ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com
www.minagri.gov.kz

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus