Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі отырыс болып өтті.

Жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл облысынан басталып, Қарағанды, Атырау облыстары, Алматы қаласы мен облысының мәселелерін талқылауға ұласқан болатын. Ол жиындарда мал мен егін, су шаруашылығына қатысты бірқатар түйткілдер қаралып, сол жерде шешімін тауып, енді бір бөлігі орындалу мерзімі бекітілген түрде Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қарауына жіберілген еді.

Бүгін алдыңғы басқосулардың тәжірибесіне сүйене отырып, ақтөбеліктер мен маңғыстаулықтар сала жетекшісіне күрделенген проблемаларды баяндады. Атап айтқанда, субсидиялар төлеуді тоқсан сайын жүргізу, арнаулы техникалардың жанар-жағармайына, тозған немесе сынған құрал-саймандарын алмастыруға арнайы бағдарламамен қаржы қарастыру, ветстанцияларға, ветпункттерге үлгілік ветеринарлық-санитарлық талаптарды әзірлеу, сондай-ақ, бақылау-қадағалау функциясын облыстық ветеринария басқармасының құзырынан алып тастау, ветеринариялық-санитариялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту сынды мәселелерді күн тәртібіне шығарды.

Айталық, ақтөбеліктердің хабарлауынша, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымдарға есептелген-қосылған құн салығы шегінде бюджетке төленген-қосылған құн салығы сомасын субсидиялау қағидасына сәйкес субсидиялар төлеу күнтізбелік жыл қортындысы бойынша жүргізіледі. Сол үшін де, қағида бойынша субсидияларды төлеуді тоқсан сайын жүргізуді және дайындаушы ұйымның ауыл шаруашылығы өнімін өткізуден түскен кірісі кемінде 90%-ды құрауы тиіс деген шартты өзерту қажет. Сондай-ақ, АӨК субсидиялау жүйесіне өзгерістер енгізілуіне байланысты, АШМ бұрынғы бөлінген қаражаттарды қайтаруды жоспарлауда. Бұл жерде инвестициялық субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыру үшін 1,3 млрд. теңгені облыстың басқаруында қалдыру керек.

АШМ тарапы мемлекеттік органдармен келісу барысында субсидиялар төлеуді тоқсан сайын жүргізу ұсынысы қолдау таппағанын хабарлады. Яғни, экономикалық өсімді және жұмыспен қамтылуды ынталандыру бойынша қосымша шаралар шеңберінде Министрлікпен 2016 жылы АӨК-гі инвестициялық салымдарды қосымша субсидиялауға 36,8 млрд. теңгеге өтінім берді. Аталған мәселе бойынша оң шешім қабылданған жағдайда, Әкімшіліктердің қажеттіліктері толық көлемде қамтамасыз етілетін болады.

Тағы бір айта кетерлік мәселелер – ЖАО жанынан құрылған мемлекеттік ветеринарлық ұйымдардың қажетіне жергілікті бюджеттен қаржы салулары қажет және де Ақтөбедегі ветстанциялар мен ветпункттерді түгелдей ветеринариялық-санитариялық талапқа сай дербес ғимаратпен қамтыған жөн.

Маңғыстаулықтардың сұранымдары да осы бағытта болғанымен, негізінен салалық Заңдық өзгерістер тұрғысында өрбіді. Олардың айтуынша, облыстық ветеринария басқармасы мамандарының бақылау-қадағалауды жүргізу тәртібі Заңда ашып көрсетілмеген. Тиісінше, аталған функцияны басқарма құзырынан алып тастау керек. Ал аудандық мемлекеттік ветеринариялық коммуналдық ұйымдарға жергілікті бюджет қаражатына жылқыға микрочип сатып алу және осыған жұмсалған бюджет қаражатын мал иесінен кері қайтарып алу құқын беретін заңнамалық өзгерістер керек. Бұл қатарда ветеринариялық пункттердің ғимараттарына қойылатын ветеринариялық-санитариялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бекіту мәселесі де бар.

Министрлік өкілдері ұсынылған ұсыныстардың сындарлы екендігін, дегенмен, ветеринариялық-санитариялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бөлігінде ғана «Ветеринария туралы» Заңға және басқа да заңнамалық актілерге тиісті өкілеттілікті бекіту жөніндегі сұрақтардың қарастырылатынын айтты. Ал ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалу функциясына қатысты ұсынысты ҚР ветеринария қызметін жетілдіру бойынша жұмыс тобы қарастырады.
Өз кезегінде, А.Мырзахметов мұнда айтылған ұсынымдардың барлығының ескерілетінін атап өтті және де ауыл шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйі мен проблемалық мәселелеріне арналған осынау отырыстар тізбегінің әлі де бірқатар өңірлерді қамтитынын еске салды.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus