Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Әңгіменің арқауы – аграрлық сала

Әңгіменің арқауы – аграрлық сала

22285-6-_g_men_ar_auy_agrarly__ru
Алматы маңындағы «Лесная сказка» демалыс аймағында журналистер үшін ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған екі күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды. Шараны Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен ҚР Ауылшаруашылық министрлігі өткізді.

Алғаш болып сөз алған БҰҰ Даму бағдарламасының жоба менеджері Ерлан Жұмабаев Даму бағ­дарламасының жобалары мен жетістіктері туралы баяндады. Сондай-ақ соңғы уақыттағы климаттың өзгеруінен диқандардың зиян шегіп отырғанын баса айтты. «Ауа райының қолайсыздығы диқандардың жақсы өнім алуына кедергі келтіруде. Осыны ескерген БҰҰ Даму бағ­дарламасы USAID және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп «Орта Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін климаттың өзгеруіне орай Қазақстанда астық өндірісі секторының тұрақтылығын күшейту» жобасын қолға алды. Осы жобаға байланысты арнайы егіс алқаптары бөлініп, осы учаскелерде фермерлерге бидай, рапс және зығыр өсірудің түрлі технологиялары үйретілді» деді Ерлан Жұмабаев. Сондай-ақ жоба менеджері БҰҰ Даму бағдарла­масының диқандарға арналған тағы бір жобасымен таныстырды. Яғни фермер­лердің «Қазгидрометтің» болжамына сүйенуінің маңыздылығына тоқталды. «Қазгидрометтің» бол­жамымен есептес­пеген жағдайда, себілген астық алқап­тарының өнімділігі аз болуы мүмкін. Осы олқылықты болдырмас үшін Даму бағдарламасы «Қазгидрометпен» бірлесіп, колум­биялық ғалымдардың араласуымен диқандарға арналған қолжетімді геопортал жобасын іске қосқалы отыр. Бұл сайттың маңыздығы сонда, диқандар алдағы күнгі ауа райымен таныс болып, қай кезде дән егудің дұрыс болатынын жоспарлай алады. Бұдан кейін семинар қатысушыларына ғұмырының 70 жылын аграрлық салаға арнаған ардагер журналист Моисей Гольдбергтің видеоқұттықтауы таныс­тырылды.

Гольдберг өз құттықтауында жур­налистерді ауыл және ауыл ­ша­руашылығы тақырыбын тереңінен қозғауға шақырды. «Ауыл, ауылдағы еңбек адамы – тау­сылмайтын тақырып. Еңбек әке болса, жер – ана. Сондықтан жер туралы көбірек жазуымыз керек. Азғындықтың бәрі қаладан шығады. Ал даналардың бәрі – ауылда. Ең атақты деген жазу­шылардың бәрі ауылдан шыққан. Бәрі ауыл та­қырыбын жазып бастаған. Сондықтан ауыл тақырыбын қалам­дарыңызға арқау етуден талмаңыздар»  деген тілегін жеткізді.

Ауыл шаруашылығы тақырыбын қалай жазу керек? Фермерлерді қалай сөйлетуге болады? Бұл сұрақтар төңірегінде «Аграрный сектор» журналының, бас редакторы Николай Латышев әңгіме қозғады. «Агро­журналистика, негізінен, ауыл адамы тақырыбын қамтиды. Ауылда тұратын, ауыл шаруашылығын жолға қойған адам. Алайда мұндай адамдар жар­нама жасағанды ұнатпайды. Фермерлерді сөйлету – қиынның қиыны. Алайда нағыз журналист фермерді 3 сағат бойы көсілте сөйлеткізе алады» деді Николай Латышев.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Сәкен Қалқаманов журналистерге құзырлы министрліктің атқаратын қызметімен тереңірек таныстырып, мемлекеттік органдардың жұмыс барысы жайлы айтты. «Бүгінде ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы ком­паниялардың 99 пайызы – жеке қожа­лықтар. Сөйте тұра, ауыл шаруа­шылығына қатысты «апат» болған жағдайда, журналистер министрлікке қолқа салады. Мәселен, Павлодар облысындағы малдың қырылуын алайық. Оған кім кінәлі? Әрине, сол шаруа­шылықтың иесі. Сол сияқты, 2011 жылғы астықтың қар астында қалуы. Бұл да диқандардың қысқа дайындық жұ­мыстарын жасамаудың кесірінен болды. Алайда мұндай сауалдардың бәрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қойылып жүр. Сол секілді субсидияның қалай бөлінетіндігі, жер қатынастары, био­логиялық қауіпсіздік, яғни инфек­циялық ауруларға қатысты сауалдар, өзен-көлдердің тазалығы, бұралқы иттерді аулау, адамдардың жан-жануар­лардан ауру жұқтыруы секілді, сұрақтарға біздің министрлік жауап бермейді. Себебі министрлік мұндай шаруалармен айналыспайды» дей келе, журналистерді дерек көздерін дұрыс пайдалануға шақырды.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков семинар барысында ауыл шаруашылығындағы жаңа реформалар мен осы уақытқа дейін атқарылған шаруалардың шетін қайырды. Атап айтқанда, 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында мемлекет­тік қолдау көлемі едәуір артқанын тілге тиек етті. «2010 жылы бағдарламаны қолдау бағытында мемлекеттен 56,4 млрд теңге бөлінсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 176 млрд теңгеге дейін өсті. Еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар заң­намалық актілер қабылданды. Кішігірім ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілердің бірігуіне арналған «Ауыл ­шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа заң қабылданды. Сол секілді, органикалық өнім өндірісін дамытуға жағдай жасайтын «Органикалық өнім өндіру туралы» заң қабылданды» деді министр. Сондай-ақ осы заңдар аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. Одан әрі асылтұқымды өнім нарығына заңды және жеке тұлғаларға тең мүмкіндікті қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілерді төмендету, асылтұқымды және селекциялық жұмыстарды өздігінен реттеуге беру және сортты сынау үшін қажетті уақыт аралығын жоятын озық селекциялық жетістіктерді қолдану секілді мәселелер сөз болды. Сөз соңында министр былтыр ауыл ­шаруашылығының жалпы ішкі көлемі 4,4 пайызға ұлғайып, 2,7 трлн теңгеге жеткенін айтты. Егін шаруашылығы 5,6 пайызға (1,5 трлн теңге), ал мал шаруашылығы 3,2 пайызға (1,2  трлн  теңге) артқаны белгілі болды.

«Шаңырақ» Басқарушы ком­паниясының бас директоры Максим Божко еліміздегі құс және жұмыртқа өндірісіне тоқталса, Қазақстанның ет өндірушілері одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев ет өндірісінің қазіргі жағдайы туралы баяндады. Сөйтіп, семинардың соңында журналистер ауыл шаруашылығына қа­тысты қызықты да тың тақырыптарды қаузауға мүмкіндік алды. Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы журналистерді еліміздің ауыл ­шаруашылығы тақырыптарын қалай, қай тұрғыда жазуға болатынына жол көрсеткендей болды.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы 1992 жылдан бастап елімізде 200-дей жобаны іске асырды. Әсіресе, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп астықтың өнімділігін жоғарылату, биоәр­түрлілік, жайылымдарды суландыру секілді жобаларды жолға қойды. Сондай жобаның бірі осы – ауыл шаруашы­лығының маңызды ба­ғыттары мен жетістіктерін жариялау мақсатында БАҚ өкілдері үшін өт­кізілген семинар.

Источник: http://aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus