Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Қазақстан астыққа экспорттық баж салығын енгізуді жоспарлап отырған жоқ – ҚР АШМ

Қазақстан астыққа экспорттық баж салығын енгізуді жоспарлап отырған жоқ – ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейдің астық экспортына шектеу енгізуі Қазақстанның бұл бағыттағы саясатына әсер етпейді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» сауалына жауап беру кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарланды.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, РФ тарапы 2014 жылы 104,9 млн. тонна көлемінде астық жинап, бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті 28-30 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкін берді. Осы елдің биылғы экспорттық әлеуеті 2013/2014 маркетингтік жылына қарағанда 3,3-5,3 млн. тоннаға артық болды.

Осы орайда ағымдағы маусымның басынан (2014/2015 маркетингтік жылы) жаңа егін астығының үлкен ұсынысын ескере отырып, ресейлік астықтың экспортқа бағытталуының жоғары қарқыны байқалуда. Атап айтқанда, 2014 жылғы желтоқсанның ортасына қарай экспортқа 21 млн. тоннаға жуық астық шығарылып, бұл 2013 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштен 33 пайызға асып түсті. Сонымен қатар ішкі нарықта да астық ұсынысы қысқарып, соның нәтижесінде бұл жағдай бағаның өсуін ынталандыруда.

Бұл тұрғыда астық нарығында жағдайды тұрақтандырып, халықты нан өнімдерімен тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында РФ Үкіметі 2015 жылдың 1 ақпанынан жұмсақ бидайға шығарылатын кедендік баж салығын енгізу арқылы астық экспортына шектеу енгізеді.

Ал Қазақстаннан астық экспортына тоқталатын болсақ, ҚР АШМ-ның алдын ала мәліметі бойынша 2014 жылдың егін орағынан 18,9 млн. тонна астық бастырылды. Сонымен қатар өңделгеннен кейін астықтың жалпы жиынтығы 17 млн. тонна көлемінде болады деп күтілуде.

«Былтырдан 4,1 млн. тонна көлемінде қалған астыққа биылғы көлемді қосып есептегенде, сондай-ақ ішкі нарықта тұтынылатын 9,5 млн. тонна астықты ескерсек, экспорттық әлеуетті 7 млн. тоннаға дейін жеткізу мүмкіндігі бар. Атап айтқанда астық экспорты бойынша шектеу шараларын қабылдау қарастырылып отырған жоқ», – делінген «ҚазАқпарат» агенттігіне берілген жауапта.

Автор: Руслан Ғаббасов

http://inform.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus