Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Фермерлердің сынын ескеруге дайынбыз

Фермерлердің сынын ескеруге дайынбыз

– Асылжан Сарыбайұлы, соңғы кездері Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің жұмысы Парламентте де, бұқаралық ақпарат құралдарын­да да жиі сыналатын болды. Тіптен Мәжілістің мінберіне сіз шықсаңыз, әншейінде үндемейтін депутат­тар­дың өзі өре түрегеліп, жаппай сұрақ қоюға, сынауға көшетінін көріп жүр­міз. Мұндай белсенділіктің түп төр­кіні неде деп ойлайсыз?
– Бір жақтан қарағанда, сынау көп секілді. Бірақ мұның басқа да жағы бар емес пе? Жұмыс істелмесе сын да айтылмайды деген тағы бар ғой. Сала­да көп өзгерістер басталды. «Жатқан тастың астына су да кір­мей­ді». Жалпы, қоғамда талқылауы тоқта­майтын екі тақырып бар ғой – футбол мен ауыл шаруашылығы. Мұның кө­бісінде са­ладан хабары жоқтар ди­ванда жатып-ақ әңгіме айтады. Ауыл шаруашылығымен нақты ай­на­лысып жүрген фермерлердің, бас­қа да кез келген мамандардың конструк­тивті сындарын ескеруге дайынбыз. Жоқтан барды шығарып, тырнақтың астынан кір іздемесе бол­ғаны. Мә­се­лен, біраз адамдар «700 сиырды өлтір­діңдер» деп кінәлаған болатын. Иә, дертке шалдыққан мал жойылып, ел­дегі сау мал сақталып қа­лынды. Бұл ке­рісінше, ветеринарлық инспекция­ның белсенді жұмысының нәтижесін­де шекарада жекеменшік­ке әкелініп жатқан малды өте мұқият тексеруі ке­зінде табылды. Ауру мал­ды әкеліп, опық жеп қалған шаруа қо­жа­лықтары­ның да кінәсі жоқ. Олар шетелдіктер берген сертификатқа се­ніп қалды. Ақи­қатқа тура қарап, алты жылдың көлемінде бір ғана бруцуллез ауруы бойынша 365 мың сиырдың өл­тіріл­генін неге айт­пасқа? Осы фактіні білесіз бе?

– Мұны кейінгі кездері ғана еміс-еміс естідік. Түсіндіріп айтсаңыз, кім, не үшін?
– Дәл сол уақытта ешкім ештеңе демеді. Қыруар мал бруцуллезбен ауыр­ды деп жойылды, бірақ нақты солай екендігіне де күмән бар. Осыдан 6 жыл бұрын еліміз бруцуллезбен кү­ресте жаңа әдіске көшті. Егер бұрын ауру анализдің классикалық түрімен анықталса, жаңа тәсіл бойынша им­мунофермент анализіне көштік. Ол үшін миллиардтаған теңгеге шетелден жаңа аппарат сатып алынды. Ал оған пайдаланатын материалдарды (диаг­ностикумдарды) елімізде жеке кә­сіп­керлерден сатып алына бастады. Бұл сатып алынатын материалдардың жылдық сомасы да бірнеше миллиард теңгені құрады. Бірақ, уақыт өте келе қондырғының сынамалары көбінесе сәтті шықпайтыны байқалған. Шетел­дердің бірқатарында халықаралық статусы бекітілген референттік лабо­раториялар бар. Мұнда басқа ана­лиздердің қорытындыларына күдік келіп, дау туғанда негізгі тексерісті өткізеді. Сенесіз бе, қазақстандық диагностикумдарды референттік ла­бораторияға салған кезде жарамсыз деп табылды. Осы арқылы жүздеген мың сиырдың ішінде қаншасы босқа өлтірілгенін бір құдай біледі. Немесе қаншама ауру малдың табындарда қалғаны да беймәлім… Бірақ неге екені түсініксіз, осыны өрбітіп жазып жатқан жан жоқ. Тіптен кеше қыста екі шаруашылықтың бірнеше малы өлсе де министрлікті кінәлауға көшті. Біріншіден, бұл қожалықтардың жа­лақы төлемегеніне байланысты та­быншылары кетіп қалған, екіншіден қысқы жем-шөп қоры дайындалмаған еді. Әрине, мұндай шаруа қожа­лықта­рында мал қырылады.

– Енді шетелден тағы да мал са­тып алына ма?
– Үкіметтің «Сиыр етінің экспорт­тық әлеуетін дамыту» жобасын жүзе­ге асыру аясында жеке кәсіпкерлер шетелден асыл тұқымды малды әкеліп жатыр. Ағымдағы жылы өзге мемле­кеттерден шамамен 14 000-дай ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. Тағы да айтамын: малды әкеліп жатқан жеке бизнес, министрлік те, «Каз­Аг­ро» да емес. Бұл жерде айта кететін жайт: малдың сырттан әкеліп жат­қаны мәжбүрлі шара. Өйткені тауарлы малымыздың генетикасын арттыру үшін еліміздегі бар асыл тұқымды ма­лымыздың саны жетіспейді.

– Жарайды, саясаттың емес, ша­руашылықтың жайына ойыссақ. Көктемгі дала жұмысына кірісіп жат­қан шаруаларды қуанта ала­тын­дай жаңалықтарыңыз бар ма? Егіс жұмыстарына қажетті жанар-жа­ғармайдың нарықтағы бағадан не­бәрі 10 пайызға төмендетіліп сатылуы аса зор көмек емес қой. Тағы да ар­зандатудың амалы жоқ па?
– Мұнай зауыттары – негізінде, жекеменшіктің қолында. Сондықтан да жекеменшік өнімді арзандатып сат деу қисынсыз, әрі заңға да, нарыққа да қайшы. Бұл дұрыс шара емес, әр­нәрсені өзіндік құнымен жасау керек. «Ассалаумағалейкүм десең, темекің бар ма?» дегендей, кейбір диқаншы­ларымыз барлығын да тегін бергенін қалайды. Биылғы көктемгі дала жұ­мыстарын жүргізу үшін дизель оты­нына қажеттілігі технологиялық кар­таларға және жоспарланған ауыл ша­руашылығы дақылдарының егіс алқабына сәйкес шамамен 360 мың тоннаны құрады. Мұнай және газ министрлігімен бекітілген кестесі бо­ын­ша 360 мың тонна арзандатылған дизель отынын республикамыздың тиісті өңірлеріне жеткізу туралы ке­лі­сімге қол жеткізілді. Аймақтардағы операторларда дизель отынының ор­таша бағасы жеткізу шығынын есеп­тегенде шамамен 1 литріне 90 теңге болады, ол орташа бөлшек сауда баға­сынан 11-12 % арзан. Ауылша­руа­шы­лық дақылдарын өндіру үшін әр гек­тарына кеткен жанар-жағармайдың шығынын өтеу үшін Үкімет тарапы-нан субсидия беріледі. Одан басқа ты­­ңайт­­қышқа, гербицидке, сатып алын­ған техникаға субсидия беріліп жа­тыр.

Тауарымызды насихаттайтын телебағдарлама керек

– Таяуда Үкімет отырысында елі­міздегі азық-түлік қорының 90 па­йызын өзімізде дайындауға қол жет­кізуге болады деген едіңіз. Халық­-
тың тұтынуындағы шетелдік өнімдер мол үлес алатын қазіргідей жағдайда бұл мүмкін бе? Бүгінде отандық өнім­дердің үлесі неше пайызды құрап отыр?
– Иә, азық-түлік қорын өзіміз жа­сақтау керек деген талап бар. Қазіргі уақытта отандық ауыл шаруашылы­-ғы саласы ауыл шаруашылығы өнім­дерінің азықтық бидай, күріш, жар­малық және көкөніс – бақшалық дақылдар, картоп, ет, сүт және жұ­мырт­қа секілді негізгі түрлері бойын­ша ішкі нарықтың тұтынуын толы­ғы­мен қамтамасыз етеді деуге болады.Жалпы, азық-түліктің барлық негізгі түрлері бойынша ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80%-дан ас­там құрайды. Тізімге тек алма (51,4%), құс еті (39,2%), шұжық өнімдері (57%), сары май (64,2%), ірімшік және сүзбе (46,5%), қант (39,5%), балық (64,4%), жеміс-жидектің консервіленген түр­лері(14%) ғана кірмей отыр. Өзге ел­ден тасымалданатын тауарлардың ішін­де өзіміз өндіре алатын өнімдерді дайындауға көшкеніміз дұрыс. Де­ген­мен импорттың астында қалдық деп байбалам салуға болмайды. Мысалы, күріштен 25 мың тонна импорт қа­былдап, есесіне 46 мың тонна экспорт шығарамыз. Еліміздің қажеттілігі 132 пайызға артығымен өсіріліп отыр. Сондықтан да сырттан күріш кіреді екен деп, артық өндірудің қажеті жоқ. Өйткені, шығыс өңірлеріне Қызыл­орданың күрішін тасымалдау қым­батқа түседі. Одан да, іргеде жатқан Қытайдан бері өткізген оңай. Жылына 88 мың тонна күріш өндіреміз, қа­же­тісі 66 мың тонна. Артығын Түрік­менстан мен Тәжікстанға сатамыз. Мұн­да нарық заңы жүретіндіктен тек қана өзіміздің күрішті жеуіміз керек деген талап орынсыз. Мәселен, АҚШ жылына 700 мың тонна сиыр етін импорттайды, тура сол көлемде өздері де экспорттайды. Содан Америка импортқа тәуелді болып қалды ма, жоқ. Жоспарлы жұмыстарды жүргі­зудің нәтижесінде алда тиісті межені еңсеруді көздейміз. Әйтсе де, мұнда ауыл шаруашылық өнімдерінің саты­лымын реттемей, жекелеген кә­сіп­орын­дардың табыс табуы мен отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі тө­мендей береді. Тіптен бүгіннің өзінде өзімізде өңделген сүт пен құс етін сата алмай жүрген кәсіпкерлер көп.

– Неге? Сонда сатылымды қалай реттеуіміз керек? Мұндай құзыр кім­нің қолында?
– Қазір дүкендердегі қаптаған тауарлардың арасынан сапалы және таза табиғи өнімді ешкім ажыратып жатқан жоқ. Әртүрлі қоспалардан қосылған өнімді сүт деп жазып, сата береді. Оны дайындағандар сиыр ұс­тап, шығындалған жоқ, жобасына тура келетін бағаны қоя салады. Екі ортада нағыз табиғи сүттің иелері отырып қалмас үшін өзіндік құнын әрең жабатындай етіп өткізуге мәж­бүр. Өзіңіз ойлаңыз, табиғи сүт бір жыл сақталына ма? Ары кетсе 3-4 күнге ғана шыдайтындығын бәріміз білеміз. Осыны біле тұра сонау Қыр­ғызстан мен Ресейден немесе Бело­руссиядан апталап жеткізілген өнімді қалай нағыз сүт деп ішпекпіз?! Сары-май мен томат пастасы да солай. Тіп­тен бір елден жеткізілген пастаны арнайы зерттегенде оның 30 пайызы ғана негізгі өнім, қалғандары – бояу, ароматизаторлар араластырылған қос­па екендігіне көзіміз жетті. Ди­қан­дардың күннің астында жаз бойы баптайтын қызанағының томаты оны­мен қалай бәстеседі? Осыны тексеріп жатқан жан жоқ. Тексеру құзыреті бар мекемелер қаржы айналып жат­қан өндірістерге үңілуге ғана құмар. Ешқандай кедергі көрмейтіндіктерін жақсы білетін шетелдік кәсіпорын­дар жасанды өнімдерімен еліміздің нары­ғын жаулап алған. Басқа елдерде бұл жағдай мүлдем басқаша. Мысалға, Ре­сейде Онищенко басқаратын ар­найы мекеме бар, өзгенікінің барлығын іске алғысыз етеді де, өз елінің өнімін аспанға көтереді. Ресейлік ОРТ мен РТР секілді арналарын қарасаңыз, міндетті түрде тауар сапасы мен ма­ңыздылығын анықтайтын бірнеше хабарлары бар. Олар да бірнеше өнім­ді талдай келіп, ресейлік тауарды ең мықтысы етіп шығарады. Біле-білсеңіз мұның барлығы жоспарлы түрде жүзеге асып жатқан әрекет ғой. Жа­рай­ды, шетелдік тауар тасымалдау­шы­ларды елден қумай-ақ қоялық, бірақ журналистер мен мамандар жаңа­ғы­дай бағдарламалар дайындап халыққа ненің пайдалы, қайсысының зиянды екенін көрсетіп, көзін ашып отырса, тұтынушы табиғи отандық өнімді іздер еді. Бұл өз кезегінде ша­руа мен диқанның еңбегін ақтайтыны анық. Біз қалай болмасын ішкі на­ры­ғымызды ұдайы қорғауымыз қажет.

– Идеяңызға рақмет, әріптестерге ұсыныс ретінде тағы айтайық. Тал­қыланып отырған салаға бір қара­ғанда қыруар қаржы бөлінгенімен, шын мәнінде, түрлі кедергілердің кесірінен алушысына толыққанды жете бермейтін сияқты. Әкімшілік кедергілер, құжат жинаудағы қиын­дық, қалаберді сыбайлас жемқор­лықтың салдары дегендей. Сол сияқ­ты кепіл зат сұрайтыны, үстеме па­­йызының тым көптігі бар, әйтеуір шаруаны шаршатып бітіретіндей көрінеді. Осы мемлекеттік субсидия мен несиені берудің жеңілдетілген түрін немесе шетелдік озық тәсілдерін қолданысқа енгізуге болмай ма?
– Қазір ауыл шаруашылығын қаржыландыру мәселелерінде түбе­гейлі бетбұрыстар қолға алынып, жаңа жүйелер пайда болуда. Бүгінгі күнге дейін саланы қаржыландыру бюджетке және осы бюджеттік қа­ражатты (1:1 пропорциясында) алу­шыларға «ҚазАгро» арқылы жеткі­зуге негізделді. Әрине, бөлінген қа­­-
ражат барлығына жетпеді. Жеке қаржыландыру жоқтың қасы болып, барының үстеме пайызы жоғары болды. Бюджеттік мүмкіндіктерге қарағанда сала ауқымды қаржы­лан­дыруды (негізгі капитал мен айна­лым­дағы қаражат) қажет етеді. Әрине, са­ланы жеке көздер есебінен қар­жы­ландырусыз болмайтыны түсінікті. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен басқа инвестицияларды тарту және қаржы­ландыру үшін жағдай жасау керек. Мәселен, пайыздық мөлшерлемені ар­зандату, тәуекелділікті төмендету, қаржыландыру мәселесін шешу, сала­ның инвестициялық тартымдылығын тарту. Бұл мәселелер қалай шешіл­мек?Пайыздық мөлшерлемені арзан­дату үшін пайыздық үстемақыны субсидиялау деген жаңа бағдарлама ашылып жатыр. Егер банк алатын несиеңізге 14 пайыз қойса, жартысын мем­лекет төлейді. Осы ретте ауыл ша­руашылығын тікелей қаржыланды­рудың орнына бюджеттік қаржы не­сие мен лизингтің пайыздық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға ба­ғытталмақ. Аталмыш шара банктердің несиелерін арзандатуға мүмкіндік береді.
Келесі ойымыз салаға таратылатын қаржыны банктер арқылы жіберіп, қысқа мерзімді несиенің қайтары­-мын ұзартуды да қарастыру қажет. Десек те, жоғары тәуекелділік, бизнес ретінде ауыл шаруашылығының ин­вестициялық тартымдылығының тө­мендігі және кепілдемелердің жеткі­ліксіздігі сияқты мәселелер тағы бар. Осы ретте несиелік тәуекелділікті жә­не кепілдемені сақтандыруға фер­мерлер үшін субсидиялардың жаңа түрлері енгізілуде. Бұл тауар өндіру­шілерге кепілдеменің жетіспеушілігі мәселесін ішінара шешуге, банктерге несие бойынша шешім қабылдауға сенімділік береді. Сондай-ақ, инвес­ти­циялық субсидия деп аталына­тын – негізгі капиталға инвести­ция­ның бөлігін өтейтін субсидияның жаңа түрі енгізілуде. Бұл несиенің жүктемесін қысқарта отырып, тиімді­лікті жоғарлатып, табыс мерзімін азайтады. Мәселен, есептелген дәлдік­терге сәйкес, сүт фермасына салынған қаржы он жылда зорға қайтады. Са­лынған қаржы он жыл бойы қайтатын болса бұл салаға кім қаржы салады? Кез келген бизнес екі-үш, әрі кетсе төрт-бес жылда табысқа шықпаса оған инвесторлардың да қызығушы­лығы оянбайды. Ферма салдың ба, мемлекет 20-30 пайыз қаржыңды қай­тарып береді. Сонда бес-алты жылда салынған қаржы қайтып, таза пайда табуға мүмкіндік ашылады. Одан басқа тәуекелділікті азайту үшін өсімдік шаруашылығындағы сақ­тандыру механизмі жетілдірілуде. Қара сиырды сойып енді жаңбыр жауады, егін шығады, несие тарата беріңдер десек, ешкім сенбейді. Мұ­ның жолы әрбір шаруа өзінің еккен егісін сақтандыру жүйесімен сақтан­дырса, егін шықпаған күннің өзінде жерге салған ақшасын қайтарып ала­ды. Бұған дейін де сақтандыру қоры мен жүйесі болған, бірақ нәтижелі жұмыс істемеді. Себебі сақтандыру компанияларын аталған салаға жола­майтындай етіп қойғанбыз. Дұрыс сақтандыру үшін сақтандырудың тө­лемақысы нарыққа сәйкес келуі ке­рек. Егер оның бағасын шектетем де­сеңіз, сақтандырушылар бармайды. Осындай тығырықтан шығу үшін ке­зінде үкімет шаруаларға өзара сақ­тандыру қорын құрып, бір-біріңді сақ­тандырыңдар деген. Нәтижесінде 20 миллион гектар егістіктің 200 мың гектары ғана арнайы сақтандыру қо­рында сақтандырылған, қалғанының бәрі өзара сақтандыру қорымен жұ­мыс істеген. Өзара қорлар ортадан ақша шығарады. Егер ауданның бір шетінде қуаңшылық болса, бар­лы­ғын­да солай қалыптасады ғой. Ақырында бидай шықпаған жылдары әлгі жи­наған қаржыларын қожалықтар қай­тадан салынған мөлшерінде өзара бөліп алып отырған. Енді салаға сақ­тандыру қорлары кірсе, тәуекелділік азаяды. Біздің есебімізше, сақтандыру қорлары гектарына шамамен 400-500 теңгеден жинау керек. Бұл әрине, қым­­бат, сондықтан бұл шығындар суб­сидияланады. Сонда ғана әр шаруа шығарған қаржысын ақтай алады. Осы ретте метеостанциялардың жұ­мысын да жетілдіруіміз қажет. Еуро­пада әрбір 50-60 шақырымда бір станция орнатылған, елімізде мың ша­қырымда жалғызы кездеседі. Осыған қарап, егіннің шығымдылығын анық­тайды, қуаңшылықты болжайды. Ветеринария жүйесі де күшейті-ліп, жетілдірілуде. Жануарлардың ауруы – бұл саланың үлкен тәуекел­діліктерінің бірі. Өзіңіз қараңыз, 364 мыңнан астам сиырды қырып тас­та­дық, мұндай жағдайда қандай инвес­тор сүт немесе ет фермасын салуға барады? Кім кредит береді? Сон­дық­тан да тәуекелділікті азайту, несие үс­темесін арзандату, несиелік тәуе­кел­ділікті сақтандыру мәселесі же­ті­летін болса, шаруалардың қаржы көзіне деген қол жетімділіктері арта түседі.

– Елбасы дағдарыс кезінде Ұлттық қордан 10 млрд доллар алынып, ел экономикасына салғанымен, оның мерзімінде қайтарылмағанын ес­кертті. Үкімет басшысының орынба­сары Қ.Келімбетовтің айтуынша, мұның 1 млрд доллары «ҚазАгро-ға» берілген екен. Бұл қаржы қайда, қорға нақты қашан құйылады?
– Қайтаратын мезгілі әлі жеткен жоқ, белгіленген мерзім – 2024 жыл. Ұлттық қордың қаржысы 15 жылға берілген. Қызығы 2009 жылы «ҚазАг­роға» 120 млрд теңге түскен кезде тура сол күні доллардың курсы 120-дан 150-ге дейін өсіп кетті. Сонда бір түнде 200 миллион долларды «қосып» алдық.
Қомақты соманың барлығы инвес­тициялық бағдарлама бойынша жұм­салуы керек. Алайда, бір жылда мил­лиардтаған теңге салатын жобаны қайдан табасыз? Шындығында, қазір оның жартысынан астамы инвести­циялық жобаларға кірді. Қалғанын өзгелер секілді депозитке салып қо­йып, қаржының үстінде отыруға да болатын еді.Аталмыш қаражат қайта айналмалы капиталға салынып, ал­дымен көктемгі егіс жұмыстарына таратылды да, қыста аздаған өсімімен қайтара жиналды. Екінішіден, 2009 жылы 5 миллион тонна, 2011 жылы тағы да 5 миллион тонна бидай на­рықтағы құнынан жоғары бағаға қа­былданды. Егер сол кезде он миллион тонна бидай сатып алынбаса, демпинг болатын еді, баға мүлде түсіп кетіп шаруалар банкротқа ұшырайтыны анық. Бүгінде сол астық қайтадын сатылып, қаржы орнына келіп жатыр. Қаржы осылайша екі рет айналып, бе­рілген 120 млрд теңге есебінен ауыл­­шаруашылық саласына құйылған қаржы шамамен 250 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Уақыты мен кес­тесіне сәйкес, бұл қаражат Ұлттық қорға қайтадан қайтарылады.

Жұмысымды сараптап, фейсбукке «іліп» қойдым

– Мал шаруашылығы жайында мәселе қозғасақ та алдымыздан қор­даланған мың сән мәселе шығады. Жалпы, бұл жұмысты жүйелеудің жос­пары бар ма? Мал шаруашы­лы­ғын дамытудың бір жолы ретінде бұрынғы жайылымдардан құдық қазу бастамасының қозғалғанын ес­тідік. Бұл істің жоба-жоспары белгілі ме? Неше қаржы бөлінбекші? Бұл құ­дықтар дұрыс қазыла ма? Қазылған құдықтың қасында мал жайыла ма?
– Мына жайтты түсінуіміз керек. Бүгінгі сіз бен біз таңдаған нарықтық жүйеде Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі егін екпейді, шөп шаппайды, құдық қазбайды, мал бақпайды. Ша­руашылыққа байланысты жұмыс­тардың барлығын қожалықтар мен се­ріктестіктер яғни жеке шаруа ат­­қа­рады. Министрлік олардың жұмыс істеуіне тиімді заң жазып, субсидия бөліп, ішкі және сыртқы нарыққа шығу шарттарын қамтамасыз етеді.
Сіз айтқан құдық қазу жобасы жаңа бағдарламада көрсетілген. Егер кабинетте шенеунік картаны ұстап отырып, құдықты қалаған тұстан қа­зуға тапсырма берсе онда сөзсіз қате қадам болады. Ол жерден не су шық­пайды, не мал жайылмайды, әйтеуір кеңседе теориялық тұрғыдан жоспар­ланған жұмыс жөнсіздікке ұрынады. Түп­кі ой құдық мал мен жан бар жерден түсуі керек. Оның ең даусыз тиімді тұсы – инвестсубсидия. Бұл дегеніміз әрбір малшы өзінің қа­ла­уыншақұдықты өзі қазады да, оның шығынын мемлекет қайтарып береді. Меніңше ең төте де, дұрыс жолы осы. Аталмыш іс-шараны іске асыры­луы­ның басталу мерзімі – 2014 жыл. «Агробизнес – 2020» бағдарлама­сын­да шамамен 4 мың құдық құрлысын салу арқылы шамамен 30 млн гектарға жуық жайылымды суландыру қарас­тырылып отыр.
Одан кейін, кезінде ветерина­рия­ны жекеменшікке беріп жіберген еді, ақырында ештеңе ақтамады. Был­тыр­дан бастап әр ауданда мемлекеттік ве­теринариялық станция құрылып,
әр ауылдық округте ветеринарлық пунк­тер ашылды. Биыл олар қажетті құрал жабдықпен, машинамен де толық қамтамасыз етілді. Мұнда жұ­мыс істейтін маман бюджеттен жа­лақы алып, бекітілген аумақтағы тұр­ғындардың төрт түлігін емдейді.

– Елді аралап жүрсіз ғой, жұмы­сыңызды жұрт қалай бағалап жа­тыр?
– Таяуда сәуірдің 11-де министр­лік қызметіме екі жыл толып, іштей өзіме есеп бердім. Содан кейін осы кезеңде атқарған ісімізді ерінбей қа­ғазға түсіріп, жұмыстың жетістігі ретінде төрт нәрсені атап көрсетіп Фейсбукке іліп қойдым, танысып шы­ғыңыз. Әрине, кемшілік жоқ емес. Бірақ кемшілік тек түк істелмегенде ғана болмайды емес пе?! Көп сөй­лемей, нақты фактілер мен сандарды кел­ті­рейін. Егер 2011 жылы саладағы негізгі капиталға 109 млрд теңге инвестиция салынса, 2012 жылы ол көрсеткіш 137 млрд теңгені құрап, инвестициялар­дың өсімі 25,6 пайыз­ға жетті. Бұл – еліміздегі өнеркәсіп салаларының ішін­дегі ең жоғарғы көрсеткіш. Ел­басы Н.Назарбаевтың ауыл шаруа­шылығы саласына деген ерекше қол­дауы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, диқандардың және қаржы ұйымдарының салаға деген сенімін арттырды. Жалпы, 2012 жылдың қорытын­дысы бойынша өнім өндіру қазақ­стандық агроазықтық тауарлары экспортының көлемін 2011 жылмен (1,9 млрд доллар) салыстырғанда 1,7 есе­ге ұлғайтуға мүмкіндік беріп, 3,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Мұны­мен, астық экспорты 2012 жылы ас­тық эквивалентіндегі ұнды ескере 11,1 млн тоннаны құрады (астық – 7,9 млн тонна, астық эквивалентіндегі
ұн – 3,2 млн тонна). Бұл – Қазақстан­ның тәуелсіздік жылдарындағы ре­кордтық көрсеткіш. Міне, саланың көрсеткіштері осындай. Ал енді осыған Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің де қосқан үлесі бар деп ойлаймын. Сондай-ақ жаңа қабылданған «Агробизнес–2020» бағдарламасы, ондағы бизнесті қолдау іс-шаралары аграрлық саланың дамуына одан әрі қуатты серпін береді деп есептеймін.

– Бұрын байқамаушы едік, қазақ тілінде мақалдатып, астарлатып сөй­лейтініңізді көріп жүрміз. Бұл қалып­тасқан дағды ма, әлде саяси имидж бе?
– Қазақ мектебін алтын медальға бітірдім. Бұрын да осылай сөйлей­тінмін, бәлкім, байқалмаған шығар. Саламызға байланысты қазақтың бай тілін қолданып сөйлесең түсінікті әрі нақты шығып жатады. Имидж емес, болмысымыз осы ғой.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus