Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар ДИҚАНДАР МОЛШЫЛЫҚТАН ҮМІТТІ

ДИҚАНДАР МОЛШЫЛЫҚТАН ҮМІТТІ

Республикамыз бойынша көктемгі егіс науқанын сапалы өткізуге бағытталған дайындық шаралары күн өткен сайын қарқын алып келеді. Мол өнімнің негізі ерте көктемнен қаланатынын жақсы білетін диқандар жауапты кезеңге алдын ала қамданып, қажетті жабдықтарын сайлап, дала төсіндегі тірлікке толық кірісіп те кетті.

Биыл республикада егін өткен жылғымен шамалас деңгейде – 21,4 млн. гектар жерге себіледі. Тек бидай алқабын 329 мың гектарға азайту көзделгендіктен, жем-азықтық, жүгері және басқа да дәнді дақылдар алқаптарын көбейтуге басымдық берілгені белгілі. Басым дақылдар алқабын кеңейту ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі меморандумдар аясында жүзеге асырылып, өткен жылмен алып қарағанда бидай, күріш алқаптары едәуір қысқартылды. Ал дәндік жүгері алқабы 76,8 мың гектарға, майлы дақылдар 1,9 млн. гектарға ұлғаюда. Меморандуммен көзделген индикативті көрсеткіштерге сәйкес майлы, мал азықтық және көкөніс-бақша дақылдары сәйкесінше 38,1 мың га, 60,8 мың га және 5,0 мың гектарға артық болып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облыс әкімдіктері басым ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын кеңейту шараларын қабылдап, олардың бірқатары субсидиялау бойынша берілген тетіктерді тиімді пайдалануға ұмтылыс жасауда. Атап айтқанда, Қарағанды облысында жұмсақ бидайды базалық субсидиялауды қысқартып, мал азықтық, көкөніс дақылдарын, сондай-ақ картоп өсіруді арттыруға ден қойылып отыр. Ал Ақмола және Қостанай облыстарында бидайдың базалық субсидиясы едәуір төмендетіліп, тиісінше ғылыми негізделген және ылғал сақтау бойынша себілетін, сондай-ақ майлы, мал азықтық дақылдарға жоғарылатылған.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау, тұқыммен, техникамен қамтамасыз ету, ылғал сақтау технологиясын қолдану шаралары қарқынды жүргізілуде. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 3 мың бірлік өнімділігі жоғары егістік кешендері жұмылдырылады. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды атқаруға қажетті 360 мың тонна арзандатылған дизель отыны жөнелтілетін болды.
Қазір республиканың оңтүстік өңіріндегі 4 облыста егіс жұмыстары қызу жүруде. Аталған жерлерде ауыл шаруашылық дақылдары 75,9 мың гектар жерге егіліп, оның ішінде жаздық астық дақылдары – 46,4 мың га, майлы дақылдар – 5 мың га, көкөніс – 5,7 га, ал көпжылдық шөптер – 18,8 мың га алқапты құрап отыр. Барлық егіс аумағының 44 %-да ылғалды жабу жүзеге асырылған.
Оңтүстік Қазақстан облысында биыл мал азығы дақылдары 214 мың гектар жерге егілмек. Бүгінге дейін 30 мың гектар жерге арпа-бидай және жоңышқа, 5 мың гектар алқапқа мақсары егілді. Қыста қар біршама қалың түсіп, жақсы ылғал жинаған алқаптардан мол өнім түседі деген үміт бар.
Ағымдағы жылы Ақмола облысында арпа және бұршақ дақылдарын – 4,3 млн. га, майлы дақылдарды – 203,6 мың га, картопты – 18,5 мың га, көкөністерді – 4,5 мың га, жемдік дақылдарды (көпжылдық шөптерді қоса алғанда) – 471,5 мың га алқапқа орналастыру жоспарланған. Егіс науқанына 17 мың тұқым себуші бірлік, соның ішінде 862 бірлік жоғары өнімді егіс кешендері тартылмақ. Науқанды табысты өткізу үшін жанар-жағармайдың қажеттілігін облыста бөлінген 65 мың тонна дизель отынының кепілдендірілген көлемі толық өтейді делінуде.
Монодақылды шаруашылық жүргізу әдісінен бас тартып, егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында да биыл бидайдың көлемі азайтылып, сәйкесінше майлы дақылдар – 367 мың, жем-азық дақылдар – 318 мың гектарға жеткізілді. Картоп 27,5 мың, көкөніс тұқымы 5,1 мың мың гектар алқаптан орын тепті. Жалпы алғанда Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4 миллион 338 мың гектар жерге тұқым себу ұйғарылып отыр. Өңір бойынша «ҚазАгро» АҚ-қа қарасты қаржы институттары 9 бағдарлама шеңберінде 7,7 миллиард теңгенің несиелеу, субсидиялау көмектерін ұсынса, 5 миллиарды егіншілікке тиесілі. Топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында биыл егіс алқаптарын 47 мың тонна тыңайтқыштармен байыту көзделген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық. Сорт ауыстыру, аудандастыру және жаңғырту жұмыстарын әрі қарай жалғастыру мақсатында 20 мың тонна элиталы тұқым әзірленген.
Көктемгі егіс жұмыстарына 14,5 мың түрлі маркалы трактор­лар, 5500 себу агре­гаттары, 1000-нан астам жо­ғары өнімді егіс кешендері жұмыл­дырылады. Сонымен қатар, Үкімет­тің жанар-жағармай бағасын бөлшек саудадағы бағадан 8 пайызға арзандатып, литрін 95 теңге деп белгілеуі мемлекеттік қамқорлықтың арта түс­кенін көрсетеді. Демек, жеткізуші операторлармен дер кезінде келісім жа­сап, жанар-жағармай материалдарымен, ди­зель отынымен қамтамасыз етудің қо­лайлы мүмкіндігін пайдалану қажет. Сол сияқты көктемгі егісті ойдағыдай аяқтауда жарамды техниканың орны бөлек болғандықтан да бұл мәселе техникаларды лизингіге беру арқылы оңтайлы шешімін тауып келеді.
2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бағдар­ламаны іске асыру аясында герби­цид­терді субсидиялауға 17 миллиард 600 миллион теңге бөлінбек. Соған сәйкес биыл ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің отандық тыңайт­қыштарға ғана емес, сонымен бірге шетелдік тыңайтқыштарға да субсидия алуларына болады.
Жалпы, «ҚазаАгро» ұлттық хол­дин­гінің мәліметі бойынша, ауыл шар­уа­шылығы тауарын өндірушілерді қар­жыландыру 60 млрд. теңге сома­сында тартылған бюджеттік несие есебінен, Ауыл шаруашылығын қолдау қорының 600 млн. теңге қар­жы­сының есебінен және Азық-түлік корпорациясының мемлекеттік ре­сурсқа астықты көктемгі-күзгі сатып алу үшін бөлген 13,75 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік қаржы есебінен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Аг­рарлық несие корпорациясының мен­шікті қаржысы есебінен несие серік­тестіктері арқылы несиелеуге 4 млрд. теңге қарастырылмақ.
Ендігі міндет – жер-жерде әкімдер көктемгі егіс науқанының ойдағыдай өтуін қатаң бақылауда ұстаулары шарт. Түптеп келгенде, жасалған жағдай мен тиісті бақылаудың табыстылыққа ықпалы зор екендігі анық.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus