Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар БҰҚА БАҚҚАНДАР БАЙИ БАСТАДЫ

БҰҚА БАҚҚАНДАР БАЙИ БАСТАДЫ

Басқаны қайдам, қазақ мал бағуды біледі. Бiрақ, менің бір көршім бар. Ұлты – өзбек. Мал фермасы бар. Жылқы, ірі қара мал бордақылайды. Малды қалай бағатынын қайдам, жыл­қы сойса қазысы 4-5 елі­ден кем болмайды. Қыстай жылқы сойып сатады. Жазда сиырдың етін саудалайды. Бес жылдан бері өз басым, көршім­нен ай сайын бір жілік ет алып тұрамын. Бүкіл көшенің тұр­ғын­дары сөйтеді. Қазақтардан өзіміздің өзбектер де мал бағудан қалыспайтын болды. Мал бордақылаудың тиімді бизнес екенін біліп алды.
Соңғы жылдары Оңтүстік Қа­зақстан облысында мал бордақылау – бизнестің негізгі салаларының біріне айналды. Әсіресе, ауыл азаматтары кәсіпкерліктің ең ыңғайлы түрі деп бағалауға көшті. Мысалы, Қазығұрт ауданында «Қайып ата» деп аталатын серіктестік бар. Оның президенті Жарас Ертаев деген азамат. Белгілі кәсіпкер өз отбасына ғана емес, ондаған ауылдастарына жұмыс тауып беріп отыр. Салықты уақытылы төлеп тұрады. Сол ар­қылы, еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.
Қазір «Қайып атада» 1 мыңнан астам ірі қара мал бордақылануда. Асылтұқымды ірі қара мал ұстап, бордақылауды олар осыдан 3 жыл бұрын бастапты. 2010 жылы қо­расында 200 бас ірі қара мал болған. Алғашқы жылдың өзінде 500 тоннадай ет өндіріпті. Кейін ауыл кәсіп­керлері түскен қаражатқа Қазақ­станның солтүстік облыстарынан асылтұқымды ірі қара малдың бас­пақтары мен бұзауларын сатып алып келе бастады. «Ірі қара мал Оңтүстік Қазақстанды жерсінер ме екен?!» деген ойдың болғаны рас. Бірақ, оларға ерекше күтім жасалып, жемшөбі мен суын уақытылы беріп тұрған жұмысшылардың еткен еңбектері зая кеткен жоқ.Біртіндеп, салмақ қосулары жақ­сара бастапты.
– Асылтұқымды ірі қара малға ерекше күтім керек. Малдәрігерлік талаптар бізде бұлжытпай орындалады. Зоотехниктің де жұмысы жетіп артылады. Біз шаруашылы­ғымызды үлкейту үшін «Қаз­Агро­Қаржы» акционерлік қоғамынан 191 миллион теңге қаражат алдық. Олар бізге пайыздық өсімі төмен несие берді. Соған мал борда­қы­лайтын қора салдық. Мал азығын өсіретін жерімізді агротехникалық талаптарға сәйкестендірдік, – дейді қожалықтың атқарушы директоры Сырым Ертаев.
Сырым «Қайып атаның» пре­зиденті Жарастың туған бауырының ұлы. Шалдар «жерге ұрып алғандай, пысық жігіт» деп риза пейілмен айтып отыратын азаматтардың бірі.
– Мал шаруашылығын жүргiзiп, басқаруды Сырымға сенiп тапсыр­ғанымда қателеспеген екенмін. Сенiмдi ақтады. Сиырға күтім онасауды біледі. Жұмысшылармен ортақ тіл табыса алады. Жоспар­лаған iсiмдi дөңгелетіп алып кетті. Жұмыстың көзiн тапты. Құдық қаздырып, су шығарды. Мал азығын дайындау үшiн 500 гектар жер телiмiн жалға алды. Қазір ауылдағы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр, – дейдi Жарас Ертаев.
«Ауылдағы» дегеннен шығады. «Шарапхана» – Қазығұрт ауданын­дағы үлкен елді мекендердің бірі. Осы маңда қазір 4-5 мал бор­дақылайтын қожалық бар. Оларды ашқандар өз ісінің қыры мен сырын жақсы білетіндер. Қожалықтардың басшылары, негізінен, кезінде «Қайып атадағы» мал бордақы­лайтын қожалықта жұмыс істе­гендер. Жұмыстық қыры мен сырын меңгеріп алған соң, Жарас Ертаев­тың батасын алып, өздерінің серік­тестіктерін ашыпты. Олар да асыл­тұқымды бұқаларды сатып алып, бордақылай бастапты. Ша­руа қо­жалығының алдағы кезге жасаған жоспарлары да жақсы. Қазақтың ақбас сиырларын кө­бейтудi межелеп қойыпты. Малдың тезегiнен биогаз өндiру де ойларында бар. Жылыжай салмақшы. Жемiс-жидек беретiн көшет ағаштарын биылғы көктемнен бастап отырғызбақшы. Ол үшiн Сайрам ауданынан арнайы жер телiмдерiн алуға әркеттеніп жүр. Осы үшiн мемлекеттен қажеттi қаражат алмақшы. «Қайып ата» ЖШС-нің президенті Жарас Ер­таевтың Шымкентте халыққа қыз­мет көрсететiн қоғамдық орындары, дәмханалары да бар. Бордақылап жатқан асылтұқымды бір бұқа­сының еті: берісі – 800-900 мың теңге, әрісі – 1 миллион теңгеге жете­тін кәсіпкердің аяқ алысы жаман емес.
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus