Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша құқық қорғау органдары сақтаулы тұрған астықтың талан-таражға түсуіне жол берген астық қабылдау кәсіпорындары басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғады

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша құқық қорғау органдары сақтаулы тұрған астықтың талан-таражға түсуіне жол берген астық қабылдау кәсіпорындары басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғады

Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марстың айтуынша, соңғы 3 айда жүргізілген тексеріс 6 астық қабылдау кәсіпорнында 85 мың тонна астықтың жетпейтіндігін анықтаған. Салдарынан АӨК субъектілеріне 3,4 млрд теңге шығын келген. «Астықтың 64 мың тоннасы «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясына қарасты мемлекеттік астық ресурстарына, қалған 21 мың тоннасы шаруа қожалықтарына тиесілі болды. Астық қабылдау кәсіпорындарының қожалары қоймадағы астықты қымбат бағаға сатып жіберіп, кейін оның орнын науқан кезінде арзан бағаға сатылатын астықпен толтыра қоюды көздеген. Бұған қолданыстағы заңның олқы тұсы түрткі болған. Себебі еліміздің «Мемлекеттік қадағалау және бақылау туралы» заңына сәйкес ауыл шаруашылығы министрлігі астық қабылдау кәсіпорындарын жарты жылда бір-ақ рет тексере алады. Келесі тексеріске дейін астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары астықты заңсыз жұмсауға және пайдаланылған астық көлемін қайта қалпына келтіруге тырысады. Осының алдын алу үшін біз астық қабылдау кәсіпорындарын ай сайын тексеріп отыру бастамасын көтеріп, заңға өзгеріс енгізуді ұсындық. Қазір құқықтық құжат Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр», – деді Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше астық жетіспеушілігі анықталған 2 кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. «Предгорненский элеватор» К» ЖШС «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға 47477 тонна астық берешек болып қалған. Осыған орай ШҚО аумақтық инспекциясы хаттама жасап, аты аталған ЖШС-ға 520 мың теңге көлемінде айыппұл салып, материалды облыстық прокуратура мен Қаржы полициясына жолдаған. Ал «Бел-ағаш МКК» ЖШС-ның басшылары 15 мың тонна астықты «асап», мемлекеттің 617 млн теңгесін ысырап қылған. Қазір олардың мәселесін құзырлы органдар қарап жатыр. Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы «Элеватор Агрофуд» ЖШС-на жоспардан тыс тексеріс өткізді. Нәти­жесінде оларға «Азық түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ сақтауға берген астықтың сандық сапалық қа­сиеті­нен кемшілік анықталды. 25846 тонна астық бүлініп кеткен екен. Сот отырысы бойынша «Элеватор Агрофуд» ЖШС-нен 1086,4 млн теңге өндірілетін болды. Бұға қоса оларға 108,6 млн теңге айыппұл салынды», – деді Алмабек Марс.

Осы отырыста өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың Пенсельвания штатынан Солтүстік Қазақстан об­лы­сының шаруа қожалықтарына әкелінген ангус және ге­рефорд асыл тұқымды 667 бас ірі қара малға қатысты мә­лімдеме жасалды. Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Нұртазина карантинда ұстау уақытында жануарлардың ауруларына диагностикалық зерттеулер жүргізілгенін тілге тиек ете келіп былай деді: «Әу баста блютанг ауруы белгісіне оң нәтиже көрсеткен 12 мал басы анықталған болатын. Кейіннен шетелдердегі арнайы тексерулерден соң ауру белгісі расталмады. Бүкіләлемдік жануарлар денсаулығы ұйымының ұсыныстарына сәйкес, ауру белгілерін растау үшін блютанг вирусы байқалған жануарлардың оқшау­лануымен зертханалық тексерулер қажет болды. Осыған байланысты Қазақстанның ветеринариялық қызметі ауру белгісі тіркелген сынамаларды зертханалық тексерулер үшін Италиядағы ұйымның Референттік зертханасына жолдады. Оның нәтижесінде алынған үлгілерден ешқандай блютангтың вирусы анықталмады. Яғни АҚШ-тан әкелінген iрi қара сау».

Қанат МАХАМБЕТ
Астана

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus