Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Аманкелді МОМЫШЕВ: МАЛДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ – ЖҰТТЫҢ БЕЛГІСІ ЕМЕС

Аманкелді МОМЫШЕВ: МАЛДЫҢ ҚЫРЫЛУЫ – ЖҰТТЫҢ БЕЛГІСІ ЕМЕС

Аманкелді МОМЫШЕВ, экс-депутат, Астана қалалық «Ауыл» агроөндірістік палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы: – Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласына қатысты сын жиі айтылып жүр. Әрісі Австриядан әкелінген сиырларды айтпағанда, Павлодардағы жеке шаруалар малының қырылуын төтеннен төнген жұтқа балаушылар көп. Жалпы, жеке шаруалардың жағдайына Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты ма? – Негізінен Павлодар облысындағы малшылар бейқам отырмай, алдын ала жем-шөп дайындауы керек еді. Қар қалың жауғаннан кейін жылқының тебіндеуі қиынға соғатыны айдан анық. Алайда малдың қырылуын жұт келді деп бағалауға болмайды. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы мен Моңғолияда болған оқиғаны жұт деп атаса болады. Сонда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ шаруалардың басы-қасында жүріп, қар басқан жолды аршып, жем-шөптің жеткізілуіне мұрындық болды. Моңғолияда қыс қатты болғанда біз Қазақстаннан материалдық көмек ретінде 1,5 мың тонна күріш апардық. Айтайын дегенім, елу млн. қойы бар Моңғолияда 10 млн.-ға тарта түлік қырылып қалды. Мұны жұт демей не дейді? Шығыс Қазақстандағы оқиға да осыған ұқсас. Аймақ басшысы қала халқын ұйымдастырып, барлық техниканы жұмылдырып, қырылған малдың ақшасын берді. Павлодар облысының әкімдігін кінәлағаным емес, бірақ осындай жағдайда шаруаларға көмектесуі керек еді. Аудан әкімдері де алдын ала қам жасауы керек-тін. Сондағы малы аштыққа ұшыраған небәрі екі шаруа қожалығы ғана. Қалғандары қысқа сақадай сай отырған. 500 бас жылқының қырылуы аз шығын емес. Бірақ жұт деп елді дүрліктірудің қажеті шамалы. Фермерлер субсидия сұрамаса оған кім кінәлі? Малы бола тұра, қысқы жем-шөпті қамдамағанына Ауыл шаруашылығы министрлігі кінәлі бола ма? Екі шаруашылықтағы малдың қырылуына бола күллі Қазақстанға дабыл қағып, заңды тұлғаны қаралау қисынға келмейді. – Дегенмен, Австриядан келген сиырларға қатысты даудың бір шеті министрлікке келіп тірелетіні белгілі. Асыл тұқымды малдың сау болмай шығуын қалай түсінуге болады? – Елді дүрліктіріп отырғаны – Австриядан әкелген сиырларда шмалленберг вирусының бары анықталған. Оның өзі карантин кезінде белгілі болды. Негізі, елге әкелмес бұрын сол жақта тексеріп алу керек еді. Олар ветеринарлық қағазға сау деп мөр соғып бере салған. Шамасы, Қазақстанға бәрі бірдей өте береді деп ойлаған болуы керек. Мысалы, былтырғы жылы 5 мың сиыр аусылға ұшырады. Бірақ ондай малдарды қолда ұстап отыру қауіпті. Ал сиырда кездесетін шмалленберг деген ауру көптеген елдерде бар. Осындай аурулардың вирусы анықтала келе ауру малдарды өртеуге тура келді. Себебі күн жылынысымен маса, шыбын-шіркей арқылы ауру тез тарайды. Ол адам үшін аса қауіпті. Бірақ оны анықтау оңайға соққан жоқ. Әуелі Ресей тексерді. Одан кейін Еуропа мамандары зерттеуді егер уақытында анықталмағанда жағдай басқаша болар еді. Бұл сиырларды Қазақстанға жеткізген жеке компаниялар. Ал тиісті қаражатты «ҚазАгроҚаржы» берген. – Малы қырылған шаруалардың шығыны Үкімет есебінен өтеле ме? – Қазір заңгерлер сиырға қатысты құжат дайындап, оны Австрияға жіберуге тиіс. Шетелден әкелгенде сатып алған малдың ақшасы шаруаларға бірден тұтастай қайтарылып беріледі. Еуропалық сиырларды өсіруді «Полтавка» және «Леонов» шаруа қожалықтары алған. Жалпы, мал сатып әкелу Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгроның» құзырындағы шаруа емес. Кім сатып әкелді деген әңгімеге келсек, кәсіпкерлер шетелден сатып алуға құлықты ниетті болған. Алдағы уақытта шаруалар араға делдал салмай өздері таңдап алуы керек. Сау, ауру екендігін елімізде де тексеріп, қабылдап алуға сақадай сай болуымыз қажет. – Асыл тұқымды сиырларды әкелгенде «ет пен сүті молынан қамтиды» деген жарнамасы жер жарып тұрған еді ғой. Бірақ енді ет экспортына қауіпті вирустың Қазақстанда анықталуы кедергі тигізбей ме? – Қазақстан 2016 жылдан бастап экспортқа 60 мың тонна ет шығарамыз деп жоспарлауда. Дегенмен қазіргі жағдайда сыртқа межелі уақыттан бұрын ірі көлемде ет шығаратындай мүмкіндік бар. Мәселен, 60 мың тонна етті шетелге сату еліміз үшін аса қиындық тудырмайды. Алайда әуелі өзімізді етпен толық қамтып алған дұрыс. Қазақстанда қой шаруашылығының өркендеп келе жатқаны қуантады. Мысалы, Орта Азия елдерінде қой етіне сұраныс мол. Сондықтан сиырдан бөлек қой етін сатуды қолға алсақ, ұтылмаймыз. – Қой етін экспортауды қолған алған күннің өзінде жүн өнеркәсібі тұралап қалған жоқ па? – Жоқ. Керісінше, жүн өндеуді еліміз қолға алды. Бұрын қой жүні өңделмеген күйінде Қытайға өткізілетін. Қазір өзімізде өңдейтін жағдай жасалып отыр. Соның арқасында бағасы да едәуір өсті. Бұрын ақ жүннің бағасы 100 теңге болатын болса, қазір ол сома 400 теңгеге ұлғайды. Қара жүн 5-10 теңге шамасында еді, бүгінде 50 теңгеге өсті. Биязы, қылшықты жүннің де өзіндік бағасы бар. Тіпті, қазір Қазақстан мата шығаратын жағдайға жетіп отыр десек артық айтқандық емес. Әңгімелескен – З.ТАУДАЙ

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus