Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Көптің көңілі кооперативке ауатын түрі бар

Көптің көңілі кооперативке ауатын түрі бар

Бәкір Әлиевтің Федоров ауданындағы Успенов ауылына көшіп келгеніне біраз жыл болды. Ауылда тұрған соң мал ұстап қана күнің өтеді.

Ұлы жолдың бойындағы шағын ауылда барлығы 70-тен аса қожалық бар, осында сонау 1990-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында Моң­ғолия­дан қоныс аударған ағайындар да біраз үй, солардың барлығының қорасы құр емес. Бірақ, ауылдастардың малдан көріп отырған пайдасы шамалы болатын. Оның бар кілтипаны – ет пен сүт бағасының тым төмендігі. Сауған сүтінің литрін ең көтеріл­генде 55 теңгеден алатын, ал жаз айларын­да сүт молайған кезде жау торғайдай пай­да бола қалатын алыпсатарлар сүттің де, ет­тің де бағасын тым тұқыртып жібереді. Оның үс­тіне жайылымның, шабындықтың, көсілуге келмейтін табыстың аздығынан ауыл адамы қанша шаруа болса да, малды жазы­л­ып ұстай алмайтын.

Б.Әлиев – Успенов ауылындағы шаруаға бейім кісінің бірі, мал ұстап, семіртіп, ет сатып күнін көрді. Бірақ, табысы өзі ойлағанындай айналымға келмеді.
Елі­міз­де ауыл тұрғындарын тиімді жұмыс­пен қамту және жеке қосалқы шаруа­шы­лықтардың әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыру аясында құрыл­ған 6 қанатқақты ауылшаруашылық кооперативінің бірі осы Успенов ауылын таңдаған екен. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың облыстық филиалымен бірлесіп аудан әкімі Тәубе Исабаев ұйымдастырған топ келіп, ауылдастарға түсінік жұмысын жүргізді. Кооперативтің ауыл адамдарының оң жамбасына келетінін алдымен түсінгеннің бірі де осы Бәкір болды. Қолында сауып, сүтін өткізіп отырған 5 сиыры болатын. Соған 1 миллион теңге несие алып, оған тағы да 5 бас сауын сиыр сатып алды. Қорасын он бас сауын сиырға лайықтап бүтіндеді. Бұрын сатып алған, сарайында тұратын сүт сауатын аппарат та қазір пайдаға асып кетті. Қазір өзі мүше болып кірген «Успенов-сүт» кооперативінің сүт таситын машинасы есігінің алдынан келіп, Бәкірдің он сиыры берген 3,5 фляга сүтті алып кетеді.

«Мен мал шаруашылығын жақсы білемін. «Успенов-сүт» кооперативіне кіруге бірден келістім. Сүттің литрін қазір 100 теңгеден алып кетеді. Айына 120 мың теңге шамасында ақша аламын. Алған несиеме Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры екі жылға дейін жеңілдік жасап отыр. Бұдан артық бізге не керек», дейді Б.Әлиев.

Мұнда кооператив арқылы шаруасын дөңгелентуге кіріскен бір ол емес, бүкіл ауылдастар десе болады. Бұл кооператив өткен жылы желтоқсан айын­­да құрылды. Ол 312 бас малы бар 76 мү­­шені біріктіріп, Ауыл шаруашылығын қар­­жылай қолдау қоры «Ырыс» бағдар­лама­сы арқылы кооперативтің 34 қатысу­шы­сын қаржыландырды. Осы кооперативке жұм­саған жалпы қаржысы 72 миллион теңгені құрады. Сатып алынған малдың саны 203 бас­қа жетті. Қазір ауылдастар неғұрлым сүт­ті көп өткізсе, соғырлым табыс табатынын түсін­ді. Ең бастысы, оған мемлекет тарапынан коопера­тив арқылы қолайлы жағдай жасала бастады. «Успенов-сүт» кооперативі бөлінген қаржыға тек мал ғана емес, сүтті жинайтын машина, сүттің майлылығын өлшейтін, тазалығын, сапасын тексеретін аппарат сатып алды. Су жаңа, сырты жалтырап тұрған машинаның цистернасына 4 тонна сүт кетеді. Осылардың барлығын дайын­дап алған соң, сәуір айының басы­нан бас­тап, Успенов ауылының, Воронеж ауыл­дық округіне қарайтын ауылдардың кооперативке мүше болып кірген тұрғын­дарынан сүт жинау басталды.

– Өткен жылдың аяғында облыста ет бағытындағы – 3, сүт бағытындағы 3 коо­ператив құрылып, қанатқақты жоба іске асырыла бастады. Біз оған 397 миллион теңге жұмсадық, 300-дің сыртында адам бізден 6 пайыздық несие алды. Қазір «Успенов-сүт» ауылшаруашылық кооперативінің мүшелері 300-ден асып жығылады. Ауыл­дағылар мемлекеттің көмегін сезіне бас­тады, кооперативтің жақсы жоба екенін біліп отыр, – деді «Ауыл шаруашылығын қар­­жы­лай қолдау қоры» АҚ Қостанай облыс­тық фи­лиалының директоры Марат Салықбаев.

Аудан әкімі Тәубе Исабаевтың ауыл­дағы малымен күн көрген ағайын коо­пера­тивтің болашағына сенерінен, түсі­нері­нен үміті үлкен. Қазір кооперативке мүше бол­ған ауыл­дас­тардың үйіне ай сайын табыс кіріп отыр.

– Кооператив ауылдастардың бірнеше проблема­ларын шешеді. Алдымен жұмыс­сыз­дықты азайтатыны сөзсіз. Қазір коопе­ративке мүшелер алдымен дербес кәсіпкер болып тіркеледі, салығын, медициналық сақтандыруды төлеп отырады. Үйге ай сайын табыс кірген соң, тұрмыс деңгейі де көтеріледі, – деді Т.Исабаев.

Кооператив дайындаған сүт сол күні Қостанай қаласындағы сүт зауытына жеткі­зі­летінін айттық. Зауыт директоры Сергей Блок әңгімені қысқа қайырды. – Кооперативтерден дәл қазір күніне 15 тон­на сүт жеткізіліп тұр. Көк қаулаған сайын сүт­тің көлемі де көбейеді, кооперативтерге жаңа мүшелер қабылданады, сауын малдың са­ны көбейеді. Алдағы уақытта күніне бізге ке­ле­тін сүттің көлемі 35 тоннаға дейін жетеді деп ойлаймын. Ең бастысы, кооперативтер құ­рыл­ғалы сүттің көлемі көбейді, сапасы жо­ға­рылады. Сүзілген, су қосылмаған, таза сүт келе бастады. Бұл тұтынушыға жететін біз­дің өнімнің де сапасы жоғарылайды және шикі­зат жетімсіздігінен арыламыз, экспорт көлемі артады деген сөз, – деді С.Блок.

Сөз соңында айтарымыз, ауылдастар коо­перативке қатысты әзірге шешімін күт­кен бір проблема бар екенін айтты. Успенов ауылының іргесінен бастап егін алқабы түскен, көбейген мал басына жайылым мен шабындық жетпейді. Аудан әкімі Т.Иса­баев қазір ауданда жайылымдық жер жөнін­де тексеріс жүріп жатқанын айтып, алдағы уақыт­та кооператив үшін жайылым мәселесі шеші­мін табарына сендірді.

Дерек көзі: egemen.kz
ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus