Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін несие мөлшерлемесі төмендетілді

Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін несие мөлшерлемесі төмендетілді

Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз орталығында 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарының жүргізілу барысы туралы министрлік өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.

Aғымдағы жылы АӨК субъектілерімен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюджеттік несие көлемі 60 млрд. теңге. Осы қаражаттардың шеңберінде жалпы 3 млн. га егістік алқапты қамти отырып, 1500 АӨК субъектілерін қаржыландыру көзделіп отыр.

Биылғы жылы көктемгі егіс жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмендетілді.Қазіргі таңда шаруалар тікелей «Аграрлық несие корпорациясынан» бұрынғы 5% кредиттің орнына 2% заемды ала алады. Ал егер несие екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, соңғы қарыз алушы үшін кредиттеу мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Өйткені банкке қойылған мөлшерлеме 3,7%-дан 2%-ға дейін қысқартылды. Егер қаржыландыру кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылатын болса, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6%-дан аспайтын болады. Бұл жағдайда да кредиттік серіктестік пен микроқаржы ұйымдары үшін кредиттеу мөлшерлемесі 5%-дан 3 % – ға дейін төмендетілді.

Корпорациядан несие алу үшін шаруалар тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жүрген жерлердегі 13 аймақтық филиалдың біріне, сондай-ақ Астана қаласында орналасқан орталық кеңсеге келіп құжаттарын ұсынуы тиіс.

Осы ретте, мемлекеттік қаражаттарды пайдаланудың тиімділігін және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жүктемелігін арттыру мақсатында қаржыландыру тетіктері басыңқы бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бірінші кезекте майлы дақылдар мен мал азығы дақылдары қаржыландырылады.

Еске сала кетейік, Қазақстанның астық өндірушілері де бюджеттік кредитті ала алады. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 60 млрд теңгенің 22 миллиарды 1 сәуірге дейін басымдыққа ие дақылдар үшін сақталады. Қалған 38 миллиард теңге өзге дақылдарға, соның ішінде бидай дақылдарына да үлестіріледі. 1 сәуірден соң 22 млрд теңге резервтен алынып, игерілмеген қаржы болса ерекшелігі мен басымдықтарға қарамай барлық дақылдарға беріле бастайды.

Осы жылы тұқымның сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа Мемлекеттік бағдарламаның аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғарғы сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында тұқым шаруашылығын қолдау механизмі жетілдірілді. Мысалы, ағымдағы жылдан бастап бірегей және элиталық тұқымдарды субсидиялау қайтадан басталатын болады, ал бірінші репродукциялы тұқымдар тек басымды дақылдар бойынша және ең төменгі нормасыз субсидияланатын болады. Бұдан басқа жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттері және бірінші ұрпақты будандарын субсидиялау жалғастырылатын болады.

Үкіметте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынысымен көктемгі егістік жұмыстары басталған кезден бастап, дизель отынына берілетін акциз мөлшерін а.ж. сәуір айынан бастап мамыр айына дейін тоннасына 9300 теңгеден 540 теңгеге дейін арзандату туралы шешім қабылданды
Қабылданған шешім ауыл тұрғындарының 2 млрд. теңге көлемінде қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.

2017 жылғы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 375 мың тонна мөлшерінде қажетті дизель отынының көлемі айқындалды, оның ішінде 254 мың тонна наурыз-сәуір айына бекітілді. Наурыз-сәуір айына бекітілген баға литріне 105 теңге. Нарықтық баға литріне 131 теңге болғанда, операторлардың шығынын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін литріне 121 теңгені құрайды.

Анықтама: 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 миллион гектар алқапта орналастыру жоспарлануда, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 311 мың гектарға артық. Оның ішінде көктемгі егіс көлемі 18,5 млн. га құрайды.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus