Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Израильге сапар аясында ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына қол қойылды

Израильге сапар аясында ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына қол қойылды

Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы Израиль Мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.

Делегация құрамында мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және «ҚазақстанИнжиниринг», «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниялары, сондай-ақ, «Агротехнология трансферті және коммерциализация орталығы» ЖШС өкілдері бар.

Жұмыс сапарының басты мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы АӨК-ке шетелден инвестиция тарту бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу.

Сапар аясында Қазақстан делегациясы Израиль Мемлекетінің ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрі, Кнессеттегі «Еврей үйі» партиясының депутаты Ури Ариэлмен кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы келісімге сәйкес 2017-2018 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтасу бойынша Жол картасына қол қойылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында коммерциялық негіздегі демонстрациялық ферма құру бойынша Декларацияға қол қойылды. Оның кешенінде ауыл шаруашылығының әр алуан бағыттары бойынша технологияларды таныстыру жоспарлануда.

Екі тарап Қазақстан өнімдерін Израильге экспорттау мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, Израильде қой еті (кеудесі мен құйрық майы), жұмыртқа және өзге де өнімдерге қажеттілік бар. Екі жақты келісімнің ендігі кезеңі бұл өнімдерге қатысты ветеринариялық талаптар мен стандарттар мәселелеріне тіреліп тұр.

Инвестиция тарту және отандық өнімдерді экспорттау және инновациялық агротехнологиялар трансферті үшін «дөңгелек үстел» форматында израильдік агробизнес өкілдерімен кездесу болып өтті. Оған 20 компания қатысты.

Сонымен қатар, делегация мүшелері ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялармен айналысатын «Volcani center» ғылыми-зерттеу институтына барды. Мұнда біріккен зерттеулер мен жас мамандарды даярлау мәселелері қаралды. Делегация мүшелерін экспортталатын өнімдер сапасының сақталуы қатты қызықтырды.

Олар Израиль тәжірибесін зерттеп зерделеу мақсатында «Gevat-Haviva Rezervoir» су ресурстарын үнемдеу және басқару компаниясы жұмысымен де танысты. Аталған компания су тазартумен айналысады және оны аузы су ретінде пайдаланады. Айта кетейік, су бағасы 1 куб үшін 94 теңге.

Мұнан соң делегация мүшелері кооперация құрамына кіретін отбасылық сүт фермасы мен «Мошав Нитсаней Оз» мини ірімшік қайнату орталығының қызметімен танысты. Бұл ферма толықтай автоматтандырылған. Онда 100 сауын сиыр бар және жылына 1 200 тонна сүт береді. Күнделікті сүттің 300-350 литрі ірімшік өндіруге қалады. Ал қалған бөлігі Бірыңғай Израиль сүт концерніне жеткізіледі.

Сонымен қатар, ферма ірімшік әзірлеуге баулу сыныптарын ашқан. Бұдан әріде бұл өнімдер дүкендердің сөрелеріне жөнелтіледі.

А.Мырзахметов аталған тәжірибені еліміздегі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру барысында пайдалану керектігін атап өтті. Израильде кооперативтер фермерлердің өз бастамалары бойынша құрылады және мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау білдірілмейді.

Осы ферманы аралау барысында Қазақстанда ірімшік өндіру перспектвиалары бойынша талдама жасалды.

Сапар аясында жылыжай мен тамшылатып суғару зауытына барып, «Netafim» компаниясы (суғару жүйелерін өндіру, жылыжай, ландшафтық жер өңдеу және т.б.) басшылығымен келіссөздер жүргізілді.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus