Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Қазақстанда азық-түлiк өнiмдерiнiң сапасын тексеретiн арнайы мемлекеттiк орган құрылуы мүмкiн – А.Мамытбеков

Қазақстанда азық-түлiк өнiмдерiнiң сапасын тексеретiн арнайы мемлекеттiк орган құрылуы мүмкiн – А.Мамытбеков

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат – Үкiмет Қазақстанда азық-түлiк өнiмдерiнiң сапасын тексеретiн арнайы мемлекеттiк орган құру жөнiнде ұсыныс жасады.

Бұл туралы бүгiн ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар кызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков айтты.

“Импорттық, сапасыз, техникалық регламенттерi сақталмаған азық-түлiк өнiмдерi бiздiң нарығымызға көптеп келуде. Оны тексеретiн органдар оған баса көңiл бөле де бермейдi. Бұл отандық тауар өндiрушiлерiмiзге тiкелей керi әсерiн тигiзiп отыр. Бiз қазiр Қазақстанға құс етiнiң 60 пайызын шет мемлекеттерден импорттаймыз. Бiздiң iшкi өндiрiсiмiз елдегi сұраныстың тек қана 40 пайызын жауып отыр. Соған қарамастан құс етiн шығаратын қазақстандық фабрикалар өзiмiздiң елiмiзде өз өнiмдерiн сата алмай жүр. Өйткенi әкелiнген құс етiне тиiстi маркировка жасалынбаған, мемлекеттiк тiлде олардың техникалық регламентке сай болуы туралы ақпарат жазылмаған, оның сапасы өте төмен. Сондай-ақ еттерге су және фосфаттар қосылып, салмағы жасанды көбейтiледi де құны арзан болып шығады. Бұл, әрине бәсекелестiкке қайшы келетiн нәрсе”, – деп атап көрсеттi министр.

Оның айтуынша, соның салдарынан отандық өндiрушiлер бәсекеге төтеп бере алмауда. Жақын күндерi министрлiктiң бастамасы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiне қарайтын метрология және техникалық регламенттердi бақылау комитетi және Ауыл шаруашылығы министрлiгi санэпидемиологиялық комитетiнiң бiрлескен рейдтерi өткiзiлген.

“Бiздiң супермаркет, дүкен, базарларда осындай өте көп тауарларды анықтап, көзiн жойдық. Соның арқасында бiздiң құс өндiретiн фабрикалардың сауда көлемi бiр айдың iшiнде 30 пайызға дейiн артқанын көрiп отырмыз. Соны ескере отырып, Үкiмет Елбасына арнайы хат жазып, техникалық регламенттердi, өнiмдердiң сапасын тексеретiн арнайы мемлекеттiк орган құру жөнiнде ұсыныс жасады. Тиiстi шешiм қабылданады деп ойлаймыз. Одан басқа өнiмдердiң сапасын қадағалайтын мониторлық жүйе құру, оған қосымша зертханалар санын арттыру және басқа да үлкен iс-шаралар қабылданбақшы”, -деді А.Мамытбеков.

Министрдiң атап өткенiндей, бүгiнде тексерiстердi бiрнеше органдар атқарып жүр. Бұл өз кезегiнде осы саладағы жұмыстың тиiмдiлiгiне керi әсер етпек.

“Аталған мемлекеттiң органның қашан құрылатындығын бiздiң министрлiк шешпейдi. Бiздiң қалауымыз, бұл тезiрек болса екен деймiз. Орган, менiңше, отандық және импорттық азық-түлiктiң барлық түрлерiн тексеретiн болады. Бұл – импортпен күресетiн орган емес, тұтынушылардың мүддесiн қорғайтын орган болады. Сапасыз әрi арзан өнiмдерге тосқауыл болған кезде, ол отандық өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттiгiн арттырмақ”, – деп түйдi сөзiн А.Мамытбеков.

http://kazinform.kz/kaz/article/2569732

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus