Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Гүлмира ИСАЕВА: Қазіргі заманның әйелі ширақ болуы керек

Гүлмира ИСАЕВА: Қазіргі заманның әйелі ширақ болуы керек

Көктеммен бірге жанымызға жылу сыйлар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі де келіп қалды. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен жаны нәзік болса да, жігері мықты әйел затының осыншалықты күш-қуатының құпиясы әлі күнге жұмбақ. Қазіргі заманда қыз-келіншектеріміз отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, мемлекет үшін маңызды мәселелерді шешуге де өз сүбелі үлестерін қосуда. ҚР Ауыл шаруашылығы минстрлігінің вице-министрі Гүлмира Исаеваны сондай жандардың бірі десек, артық айтпаймыз. Нәзік мойнына үлкен мекеменің ауыр жауапкершілігін артқан вице-министр ханым BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында басшы бола отырып, әйел затына тән нәзіктікті сақтай білудің қыр-сырымен бөлісті.
– 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Қазақстан – осынау мейрамды кең ауқымда мерекеленетін елдердің бірі. Сіз үшін көктемнің мерекесінің маңыздылығы қандай?

– Біз мектепте оқып жүрген уақытта 8 наурыз мейрамына саяси сипаттама беріліп келді. Тарихтан білетініміздей, жұмысшы әйелдердің екінші конеренциясы барысында Клара Цеткин барша әйелдердің басын біріктіріп, өз мәселелерін талқылауға арналатын ортақ бір күнді белгілеуді ұсынған. Бүгінгі күні осы мейрам саяси сипаттынан арылып, әйелдер мерекесіне айналып отырғанына қуаныштымын. Бұл күні біздің ер азаматтарымыз жұмысында болсын, отбасында болсын, оқу немесе әйелдер бар басқа да жерлерде барша нәзік жандыларды мейраммен құттықтап, ерекше мереке ұйымдастыруға тырысып жатады. Бұл, әрине, өте қуанышты жайт. 8 наурыз мен үшін көктеммен қатар келетін құбылыс тәрізді. Қазақстан үшін оның орны ерекше. Біз Наурыз мейрамы қарасыңында Әйелдер күнін тойлап, өзіміздің көтеріңкі көңіл күйімізбен қазақтың салт-дәстүрі бойынша Жаңа жылды қарсы алуға дайындала бастаймыз.
1-2
– Ал осы мейрамда алған есте қаларлық ерекше сыйыңыз қандай?

– Бірден айтып кетейін, елден ерекше сый алған емеспін. Сондықтан ең есте қалған құттықтау жөнінде бөліскенім жөн болар. Әкемнің анам екеумізді құттыққтағаны есімде ерекше сақталыпты. Әкем әрдайым бұл күнді ерекше мейрамға айналдыруға тырысатын. Сол себепті, балалық шағымнан 8 наурызға қатысты ең жылы естеліктер сақталып қалды.

– Әйел адам үшін министрлікте басшылық қызмет атқару әсте оңай емес. Вице-министр ретінде Сіз күн сайын түйткілді мәселелердің түйінін ақтарып, мойныңызға үлкен жауапкершілік аласыз. Осындай қызығы мен шыжығы мол қызметте күш-жігерді қайдан аласыз?

– Меніңше, біздің ұжым өте ұйымшыл, мықты басшымыз бар. Осының арқасында күрделі жұмыстарды атқару оңай әрі қызықты көрінеді. Мен, мысалға, күнде жұмысқа қуана-қуана келем.

– Жұмыстың әрбір күні сіз үшін мейрам демексіз ғой?

– Иә!
1-3
– Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымында іске асырған жұмыстарыңыздың нақты қайсысын ерекше мақтаныш тұтатыз?

– Бұл ретте белгілі бір жұмысты тек «менің арқамда орындалды» деп өз есіміммен ғана байланыстыра алмаймын. Бұлай істеу, тіпті, ұят та болар. Атқарылған жұмыстың барлығы – біздің ұжымның еңбегі. Ауыл шаруашылығы саласы үшін осындай ерекше кезеңде жұмыс істеп жатқаныма өте қуаныштымын. Саламыздағы тарихи оқиғаларға қатысып отырғанымыз ерекше жайт, яғни осы уақытқа дейін жинақталған тәжірибе мен халықаралық тәжірибені ұштастыра отырып, мал шаруашылығы, ветеринария бағыттары бойынша мәселелердің ерекше шешімін тауып жатырмыз. Бұл болашақта Қазақстанды әлемдегі ірі ет экспорттаушысына айналдыуға сеп болмақ әрі мен еліміздің бұл мақсатқа жететініне сенемін.

Жұмыста өтетін әр күннің орны бөлек, себебі күнделікті түрлі қызықты оқиғалар орын алып, олар нақты нәтиже түрінде көрініс тауып жатыр. Әдетте, әрбір реформатор көзі тірісінде өз еңбегінің жемісін көре бермейді. Қазір ауыл шаруашылығында өте ерекше кезең. Біз жұмыс істеп жатырмыз әрі оның нәтижесіне де көз жеткізудеміз.

– Сіз біраз уақыттан бері басшы лауазымдарда жұмыс істеп келесіз. Сіздің ойыңызша, басшы тұлға қандай болуы тиіс? Әсіресе, әйел басшыға қандай қаситтер тән?

– Менің ойымша, жетекшілік қызметті атқару үшін әрбір адам өзінің жынысына қарамастан, ең алдымен бастамашыл болуы шарт. Оның бойында еңбекқорлық, жеке жауапкершілік қасиеттері болып, өз ісін жетік білуі, кейін дұрыс шешім қабылдау үшін істің егжей-тегжейіне дейін тоқтала білуі шарт. Кез келген басшы адам қол астындағы қызметкерлерін тыңдай білуі керек. Басшы лауазымдағы ер азаматтар мен әйелдерді салыстыратын болсақ, әйелдерді демократиялық, ұжыммен сенімді қарым-қатынас құра білу қасиеттері ерекшелейді. Әйел тыңдай біледі, жеке өзіне қатысты сындарды түсіністікпен қабыл алады. Әйелдер қызметкерлерінің сеніміне көбірек ие болатыны сондықтан болар. Әрине, бұл тек менің жеке пікірім ғана.
1-4
– Ал Сіздің жұмысыңыз мінез-құлқыңызға әсерін тигізді ме? Сіз өзіңізді жұмсақ мінезді адаммын деп айта аласыз ба?

– Мен жұмыс пен одан тыс уақытты бір-бірімен араластырмаймын. Отбасы,туысқандарым, достарыммен қарым-қатынаста өзімді мейірімді, қамқор жанмын деп айта аламын. Жұмысқа келетін болсақ, ұжыммен жұмыстан тыс уақытта да араласатын кездер болады. Мысалы, түрлі корпоратив, кездесулер бар. Сондай уақытта мен жұмыс пен демалыс арасындағы аражікті сақтай аламын. Дегенмен, өз-өзіме сипаттама беріп жатқан бір түрлі болар. Мен туралы біздің ұжым менен де жақсы айтып бере алады деген пікірдемін. Қатал яки мейірімді деген таңдау қоятын болсақ, мен жұмыстан тыс уақытта мейірімді шығармын.

– Жұмысбасты адамдарға жұмыстан тыс өмірі туралы сауалдар жиі қойылып жатады. Ал Сіздің демалыс, сүйікті ісіңіз бен саяхаттауға уақытыңыз жете ме?

– Еңбекқор адам болған соң оған менің уақытым жоқ. Тіпті, бос уақыт болмайды да. Бар уақытымды жұмысыма арнап жатырмын қазіргі таңда. Себебі, бүгінгі күні нақты нәтижеге әкелер дұрыс шешім қабылдайтын уақыт туындап отыр. Сол себепті, бұл мәселені әрдайым естен шығармай отырмыз. Тіпті, ойша да дем алуға уақыт табылмай жатады.

– Қоғамда «саясатта жүрген әйелдерге қарағанда ер азаматтар биік жетістіктерге жетеді деген» пікір қалыптасқаны жасырын емес. Десек те, Сізге қарап бұл пікірмен келіспеуге болады. Жалпы, нәзік жанды тұлғаның саясат саласында осыншалықты биікті бағындыруының сыры неде?

– Кез келген әйелге отбасы мен туған-туысқандарының қолдауы өте маңызды. Менің осындай маман, басшыға айналу жолым менің ғылыми жетекшім – Медеубеков Қилыбай Есенұлынфң басшылығымен өтті деуге болады. Ол маған көп ақыл-кеңес беріп, бірталай дүниелерге үйретті. Ол белгілі ғалым, тәжірибесі мол жетекші. Сол азамат маған дипломатия негіздерін, адамдармен дұрыс қатынаста болып, құрметпен қараудың қыр-сырын, бір мәселенің бірнеше шешімін табуға тырысуға үйретті. Мансап жолымда осындай жетістіктерге жетуіме менің отбасым, ата-анам мен ғылыми жетекшімнің әсері мол болды деген ойдаймын. Осы адамдардың арқасында мен алдарыңызда отырған осындай азаматшаға айналдым.
1-5
– Киім-кешек таңдағанда қандай мәселелерге назар аударасыз? Сізге бұл ретте белгілі бір мамандар көмектесе ме, әлде тек өз талғамыңызға сүйенесіз бе?

– Біздің ұжым, ең алдымен, алда тұрған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жолына, әдіс-тәсілдеріне көңіл бөледі. Әрине, адамның сырт келбетінің де маңызы өте зор. Стиль мен бет-бейне мәселесінде мен тек өз талғамыма сүйенемін. Киімді өрескел көрінбейтіндей, ресми стильде, үйлесімді етіп таңдауға тырысамын. Мен көйлектермен қатар шалбарлы костюмдерді де кигенді ұнатамын. Менің имиджмейкерлерім жоқ. Жұмыстан тыс уақытта ашық түсті, ресми стильден бөлек киім кигім келеді. Тек, бұл іс колымнан керемет келеді деп айта алмаймын. Кеңсе стиліндегі киімдер маған көбірек жарасатын сияқты.

– Ал тарихи тұлғалардың қайсысы Сіздің жаныңызға жақын? Үлгі тұтасыз?

– Мен бұл сауалға біздің Мемлекет басшысының бастамасы турасында жауап бергім келіп отыр. Яғни осы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтеді. Соңғы уақытта тарихқа деген қызығушылығым оянып, Қазақ хандығының құрылуы туралы көптеген еңбектерді оқып жатырмын. Маған тарихи тұлғалардың ішінде ата-бабаларымыздың бірі – Батыр Баян жақын. Ол жоңғарлармен соғыста қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен батырлардың бірі. Оның ерекше қасиетін кезінде Абылай хан да мойындаған. Хан оған ақылымен және қайратымен ерекшеленетін батырлардың бірі деген бағасын берген болатын. Батыр Баянның бойында адамдарды белгілі мақсатқа жету жолында ұйымдастыра білу, бірнеше руды бір ту астына біріктіре алу қаситеттері болған. Меніңше, бүгінгі күні батыл, ақылды, адал болып, өз отанын сүю, оған өмірін арнаудың маңызы зор.
1-6
– Сіздің ойыңызша, бүгінгі күннің талабына сай келетін әйел адам қандай болуы тиіс?

– Бүгінгі күні жаңа заманның талабы әйел затына көптеген міндеттер жүктеп отыр. Себебі, қазір күнделікті тұрмыс-тіршілік ағынынан әйелдің өзіне көңіл бөлуіне уақыт артылмай жатады. Нәзік жандылар күн сайын күрделі шешім қабылдауға мәжбүр. Оның үстіне жұмыс істейді, кейбірі жұмыспен бірге оқуды да қатар алып жүреді. Меніңше, қазіргі заманның әйелі ширақ болуы керек. Оның үстіне, әдептілік, отбасы құндылықтары мен жастайымыздан жанұямызда бойымызға жиған ата-анаға, балаға, туған-туысқанға қамқор болу қасиеттерін қатар алып жүру керек. Сондай-ақ ұжымда да үйлесімді жұмыс істей білуі тиіс.

– Қазақстан әйелдеріне, қыз-келіншектеріне не тілейіз?

– Қазақстанның барша әйел қауымына, ең алдымен бейбітшілік, бақыт пен зор денсаулық тілеймін!

– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА, фото: Ғабит Қощанов

http://bnews.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus