Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Елімізде ұсақ шаруалар бірігіп, ірі кооперативтер құрылады

Елімізде ұсақ шаруалар бірігіп, ірі кооперативтер құрылады

Еліміздегі ұсақ шаруалар бірігіп, көлемді кооперативтер құрылады. Кәсіпкерлерді субсидиялауға 30 пайыз жеңілдік жасалмақ. 2016 жылы шаруаларға берілетін қаржылық көмектің жалпы көлемі 15 млрдқа артады. Бұл ауыл шаруашылығы министрінің айтқан ақжолтай ақпараты. Алматыға келген Асылжан Мамытбеков мырзаға шаруалар өте көп сұрақ қойды, біразына жауап алды. Көп жерінде демейін, кей жерінде тосылып та қалды министрді. Бәрін айт та бірін айт ауыл шаруашылығының жырын айтады Аршын Кемелжан.

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жаңалықтарын жайып салды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы биыл 3,1 пайызға өскен. 19 млн тонна астық жиналып, 6 млн тоннасы ішкі нарыққа, қалғандары экспортқа шығарылған. Ауыл шаруашылығы кооперациясы заңнамасына Президент қол қойған. Енді республикадағы ұсақ шаруалар бірігеді.

«Өзіндік құнына бұрмалайтын субсидияларды азайтып, жалпы сипаттағы субсидияларды ұлғайту. Ол біздің кәсіпкерлеріміздің техникаларын жаңарту, жаңа техникаларды енгізуге қолжетімділігін арттырады»,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ.

Ауыл шаруашылығы министрін күтіп алған кәсіпкерлер оған сұрақ жаудырды. Бірі – субсидия ала алмай жүрсе, екіншісі – шаруашылық жерлерге бекітілген жаңа салық түріне қарсы. Алматылық кәсіпкердің пікірінше, жер салығы табысына емес, көлеміне қарай белгіленеді. Жаңа салық заңнамасында шабындық, егіндік және жайылымдық жерлердің салық мөлшері бірдей.

«Бір гектар ғана егістік жері бар адам 3-5 миллион табыс тауып отырып, менімен бірдей салық төлейді. Менің сонша гектар жерім бар. Алайда сапасы мен шығымдылығы төмен. Бірақ сонымен бірдей салық төлеймін»,- деді шаруа Жұмадiл БИЖАНОВ.

Асылжан Мамытбеков бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Қипақтап барып, жайылымдық жерлерге қатысты лимиттің көлемі артатынын ғана айтты.

«Шектеу қойылды, ол да рас. Бірақ мынау шектеуге биыл біраз өзгерістер енгізілді. Оңтүстік облыстардағы шөлейт жерлердегі жайылымдардың лимиттері 5 мың гектарға дейін ұлғайтылды»,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан МАМЫТБЕКОВ.

Министрдің айтуынша, қаржылық дағдарыс пен ұлттық валютаның құнсыздануы нан бағасына еш әсер етпейді. Себебі ас атасының бүгінгі құны соңғы 8 жылдан бері өзгеріссіз келеді. Республика бойынша180 млн гектар ауыл шаруашылық жері бар. Оның 150 миллионы жайылымдық. Шаруашылық жердің 100 миллион гектарының ғана заңды құжаты бар. Министрдің сөзінше, игерілмей жатқан жер иелеріне қатысты салық көлемі артады.

Аршын Кемелжан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика