Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар «Бұл ұжымшар болмайды»

«Бұл ұжымшар болмайды»

5 желтоқсанда Атырауға ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ (суретте) жұмыс сапарымен келді.
Министр аграрлық сектор кәсіпорындарына барды, драма театрында болған салтанатты жиналыста сала озаттарын марапаттады, өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді.
А. Мамытбеков журналистермен кездесуінде үстіміздегі жылдың қараша айында қабылданған ҚР «Ауылшаруашылық кооперациялары туралы» заңы туралы айтты.

– Бұл кооперативтердің кеңестік ұжымшардан айырмашылығы неде?

– Кооперативке біріккен фермерлер заңды тұлға құрып, жерге берілетін мемлекеттік актіні біріктіреді. Біз фермерлердің жеке шаруашылық болып қалып, тек өндіріс, машина-тракторлық қызмет көрсету, тауар өткізу және т.б. мәселелерде бірігуін білдіретін осындай экономикалық бірлестіктердің болашағы зор деп есептейміз. Бір фермер бірнеше кооперативтің мүшесі бола алады. Бұл ұжымшар емес.

– Бұл Заң жеке аула шаруашылықтарын біріктіруді қарастыра ма?

– Жеке меншік аулалар өнімді өңдеумен де, өндірумен де айналыса алады. Мұндай шаруашылықтардың бәсекеге қабілеттілігі фермерлерге қарағанда төмен. Сәйкесінше оларды өндірістік кооперативке біріктірудің де пайдасы шамалы. Егер олар өнімді өткізу үшін біріксе, әңгіме басқаша. Дайындаушы кооперативтер аграрлардың артық өнімдерін сатып алып, өңдеп, ақырғы тұтынушыға сата алады. Мұндай кооперация кеңестік кезеңде жұмыс жасады.
Заң бұрын дайындаушы кооперативтердің қызметін тежеп жүрген салық салу мәселелерін де шешті. Жеке аула иелері ҚҚС төлемейді, барлық ауырлық дайындаушылардың мойнына түсетін және бұл өнімнің ақырғы бағасы мен оның бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін. Жаңа заң бойынша дайындаушы ҚҚС төлейді, алайда кейіннен бұл сома бюджеттен өтеледі.

– Жақында сіз қазақстандық кәсіпорындар түрік өнімдерін кіргізуге тыйым салуға байланысты ресейлік тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға дайын деп мәлімдедіңіз…
– Бұл контекстен қиып алған тұжырым. Сұрақ былай болған еді: «егер Түркия өнімдерін кіргізуге шектеу салуына байланысты Ресейде сұраныс артса, қазақстандық фермерлер өз өнімдерін ресейлік нарыққа шығарады ма?» Менің жауабым былай болды: «егер ресейлік нарықтан сұраныс болса, біздің фермерлеріміз қазақстандық фермерлерге тиімді жағдайлармен өнімді жеткізуге дайын. Бұл түркиялық импортты толықтай жабамыз деген сөз емес».
Өкінішке орай, біздің өндіріс көлемдеріміз өндіріс жағдайларымен ғана емес, өткізу мәселелерінен де қиындық көріп отыр. Бүгінгі таңда өткізу мәселесін шешуді алға қойып отырмыз. Егер сұраныс болса, фермерлеріміз өндірісті бірнеше есе арттыруға дайын.

– Үкімет әлеуметтік нанның бағасын көтеуге мәжбүр болды. Биылғы дәнді дақылдар орағы қалай болды? Қанша бидай жиналды және қаншасы егін алқабында қалды?
– Егін алқабында бидай қалған жоқ. Қалса да, былайғы жылдарда да егін оруға шамасы келмейтін фермелерде аз-мұз қалған шығар. Осы жыл қиын болды. Алайда ел аграрлары 19,9 млн тонна дәнді дақылдар жинады, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш миллион тоннаға көп. Бірақ бұл нан бағасын өсіруге негіз болған жоқ.
Ал нан бағасын өсіруге бұл саладағы баға қалыптастыру енді нарыққа сәйкес болуы керек деген шешім негіз болды. Тағы қайталап айтайын: нан егін орудағы қиын жағдайларға, біреудің егіс алқабында бидайдың шіріп қалғанына, қамбаларда астықтың жетіспеушілігіне байланысты қымбаттаған жоқ. Дұрысы, нан бағасы нарықтық тәсілмен қалыптасып, әлеуметтік әлсіз топтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс.

Сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ алды:

– Облыстың аграрлық секторындағы барлық кәсіпорындар субсидия алады. Бұл біздің ауылшаруашылық өндірушілерімізді жайбірахаттыққа салып қойды. Біреу күніне 20 литр сүт беретін сиыр ұстаса, біреуінде бұдан мүлдем аз. Екеуі де бірдей көлемде субсидия алады. Сондықтан да мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің фермерлерді асыл тұқымды мал өсіруге және егістікте заманауи технологиялар қолдануға ынтыландыруды қолға алған шешімін дұрыс деп есептеймін.

Мемлекет жоспарлы қуаттылыққа шығуға дайындалып жатқан аграрлық кәсіпорындарға қолдау көрсетеді. Соңғы үш жылда салынған облыстың аграрлық секторындағы он кәсіпорын келесі жылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге инвестициялық субсидия алуы керек. Олардың 1,3 млрд теңгесін «Первомайский» ЖШС алуды жоспарлап отыр.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus