Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар ЕСКЕ АЛУ

ЕСКЕ АЛУ


Отанымыздың ауыл шаруашылығының дамуына ерекше үлес қосып, аты аңызға айналған даңқты механизатор, тың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Трактормен қара жерді қопарып, ақ бидайдан алтын тау тұрғызған Кәмшат Байғазықызы өзінің мол тәжірибиесімен, кәсіби шеберлігімен ауыл шаруашылығының нағыз майталман маманы болды.
Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева 1937 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ленин кеңшарында туған. Ол алғаш еңбек жолын 1961 жылы туған ауылында элеваторда жұмысшы болып бастаған. Кейін Меңдіқара ауданындағы “Каменск-Уральский” кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, Қостанай ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, “Харьковский” кеңшарында механизатор болып еңбек еткен.
1972 жылы қайырмасыз соқамен жер жыртуда әйел механизаторлар арасында өткізілген облыстық сайыста бірінші орынға, республикалық жарыста үшінші орынға, 1973 жылы Ростов облысындағы Зерноградта бүкілодақтық жарыста жүлделі орынға ие болған.
1973 жылы 26579 гектар, 1974 жылы 38158 гектар, 1975 жылы 37199 гектар жер жыртып, өзіне тапсырылған жылдық міндеттемелерін асыра орындаған.
Ол осындай зор жетістіктерімен қазақ қыздарының жасампаз үлгісіне айналып, зор мәртебеге ие бола білді. Жастарды ауыл шаруашылығы техникаларына мінуге үндеп трактор штурвалына өзі бастап мінді. Мемлекет Кәмшат Дөненбаеваның осындай қайраткерлік еңбегі үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде Құрмет дипломы мен автокөлік сыйға берді.
1974 жылы СОКП XXV съезінің делегаты, IX сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.
1990-1993 жылдары өзі туған кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, ал 1993 жылдан шаруа қожалықты басқарды.
1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, екі рет Ленин және Құрмет белгісі ордендерімен марапатталды.
Өскелең ұрпақтың бойына адал еңбектің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің нәрін сіңіре білген ел Анасы, даңқты механизатор Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның жарқын бейнесін, оның атқарған игі істерін халқы әрдайым жадында сақтайды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus