Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main News of ACC (KZ) Өзіміздің өнім

(KZ) Өзіміздің өнім

Өскемендіктер өңір өндірушілерін қолдайды

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отан­дық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акция­сын өткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы орайда барша отандастарымызбен бірге өскемендіктер де «Қазақстанда жасалған» акциясына белсенді түрде үн қосуда. Қазіргі кезде облыс орталығындағы барлық сауда желілері мен дүкендерде отандық тауар өндірушілердің өнімдері сұранысқа ие бола бас­тады. Өйткені, кез келген супермаркет пен сауда нысандарына кіріп барсаңыз, қарсы алдыңыздағы отандық өнімдер қойылған сөрелердегі «Қазақстанда жасалған. Өз еліңді қолда!» деген жазулар қарсы алады.

– Өскемен қаласының кә­сіпкерлері «Қазақстанда жа­сал­ған» акциясына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бүгінде шаһар­­дағы ірі сауда нүктелерінің барлығында аталған акцияның төлтаңбасы мен жазулары бар баннерлер қойылды, – деді қа­лалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Нұрғазин.

Сондай-ақ, сауда нысандарында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері сатып алушыларға қолайлы орындарға орналастырылды. Ал «Фрэш-Маркет» сауда гастрономындағы азық-тү­ліктің негізгі бөлігі жергілікті кә­сіп­орындардың өнімдері. Әу бас­та аталған гастроном шы­ғысқазақстандық фермерлерді қол­дау бағытында құрылған бо­латын. Онда әр сенбі сайын жер­гілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін төмен бағада ұсы­на­тын жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Қала тұрғындарының да осы үрдіске үйреніп, көбінесе жер­гілікті өндірушілердің өнім­дерін сұрастырып жатқанын жиі аңдаймыз. «Қазақстанда жа­салған» жалпыұлттық акциясы осы қолдауды одан әрі жандандыра түсті.

– Дүкендерге кіріп келгенде, алдыңыздан «Қазақстанда жа­салған. Өз еліңді қолда!» деген жазуы бар белгілер қарсы алады. Оған назар аудармау мүмкін емес. Бұл сауда жасаушылар, сатып алушылар үшін өте қолайлы. Яғни, қай жерден отандық өнімдерді алуға болатынын тез біле қоясыз. Мен үнемі өзіміздің өңірде өндірілетін, Қазақстанда шығарылатын өнімдерді таң­даймын. Өйткені, өзгелерден гөрі, өзіміздің өндірушілерге сенемін, – дейді қала тұрғыны Райхан Жаңылханова.

Аталған шараны ұйым­дас­тырушылар жалпыұлттық акция аясында тұрғындардың елімізде қандай өнімдер өнді­рілетінінен де жан-жақты хабардар болып жатқанын жеткізді.

Думан АНАШ,
ӨСКЕМЕН,

http://egemen.kz/

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus