Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main News of ACC (KZ) ҚАЗАҚЫ ТӨБЕТ

(KZ) ҚАЗАҚЫ ТӨБЕТ

Қазақ төбеті 1970 жылдардың аяғынан бастап Қазақстанда, 1966 жылдан Қытайда мәдениет төңкерісі кезінде жоғала бастады. Себебі, Қазақстанда Ресей, Кавказ республикалары, т.б. елдердегі сияқты ұлттық жан-жануарлар тұқымдарын қорғайтын, оны этномәдениеттің нысандары деп қарастыратын ұйым болған жоқ.
Халықпен ғасырлар бойы жасасып келе жатқан төрт түлік тұқымы әлемдік стандарттарға келмейді деп ет комбинаттарына өткізіп, қалғандарын жаппай будандастырып жатқанда, төбет жайына қалды. 1966 жылы Қытайда мәдениет төңкерісі кезінде төбет, тазы ит тұқымдары ескіліктің сарқыншағы деп өсіртпеді. Сонымен бірге Қытай елінің жаңа жыл мерекесі Шағанда ит сою дәстүріне сәйкес, қалайда қазақ итінің еті тәтті деген лақап көп тарады. Қытайлар ауылдан, қорадан ит қоймайтын болыпты. 2000 жылдардан бастап Қытайда қазақ интелегенция өкілдері, көнекөз ақсақалдар, ел басқарып жүрген азаматтар бірлесіп тұқымы құрып, мүлдем жоғалуға жақындаған қазақы төбет тұқымы жайында дабыл қаға бастағанының әсерінен ел арасында төбет тұқымын іздеп тауып, асыраушы отбасылар пайда болса, Бейжиңнің (Пекин) ауылшаруашылық ғылымдар академиясының ғалымдары қазақы төбетті зерттеуді қолға алады. Нәтижесінде, ғалымдар тибет төбеті мен қазақ төбетін, бойының биіктігі, салмағы, кеуде орамының үлкендігі, аяқтарының жуандығы, күштілігі, т.б. белгілеріне қарап дүниежүзіндегі он алып иттің құрамына кіргізіп, патент алады. Әлемдегі 400 ит тұқымының үлкендігі жағынан есептелінетін – неміс догы, француз сенбарнары, бульдог, боксер тұқымдарының алғашқы ондығының қатарына қазақ төбеті мен тибет төбетінің кіруі – қазақтың ұлтжанды азаматтары мен Қытай ғалымдарының тізе қоса отырып жұмыс жүргізуінен еді. Соңынан Қытай компартиясының Іле-қазақ автономиялық облысының саяси бюросында «Қазақ төбет иті тұқымын жаңғырту, зерттеу, өсіру, заманға лайықты пайдалану» жөнінде қаулы қабылданады. Қаулыға сәйкес төбет ит өсіретін адам қаржының жартысын өзі шығарып, жартысын мемлекет көтеретін болады. Көпке дейін бұл жұмысқа ешкім батып бара қоймайды. 2010 жылы Алтай аймағынан Мамырбек Көпжасарұлы деген кәсіпкер жігіт қолына алыпты. Көптен бері ауданның атбегілер қоғамының бастығы болып істейтін 35 жасар Мамырбектің қалада «Ұлыс Орда» атты мейрамханасы, 60 жылқысы, 20 қойы, 20 сиыры бар, енді бұрынғы жұмыстарына қоса қазақы төбет өсіру базасының бастығы болады. Мамырбектің ит өсіретін жері Шіңгіл қаласынан аулақ, Арал ауылының Сартақтай деп аталатын жерде, таушықтың етегінде тіктөртбұрыш планды, аузында үлкен қақпасы, қырық клеткасы бар күйдірілген кірпіштен салыпты. Қырық қорада қырық ит бағылады. Күшіктерімен қосқанда 60-тай төбет. Ауыл-ауылға, жайлауға, күзеуге, көктеуге дейін шығып, кім қазақы ит ертіп жүр деп сұрастырып, бірнеше қаншық ит, одан соң еркектерін тауып, ит сыншыларымен келісе отырып асыл тұқымдарын екшеген.
Себебі, қазақ төбеті жер жүзінде он алып иттің қатарына кірген соң тұқым тазалығын сақтауы керек. Жыл сайын ит жарыстары өтіп тұрады. Жарыста салмағына, бойының биіктігіне, жүнінің ұзындығына, омырауының кеңдігіне, аузына, езуіне, тісіне қарайды. Аяғы жуан, шымыр, жұмыр, тұяғы ұстаған нәрсені жібермейтін білеулі болуы керек. Мамырбектің айтуынша, ит базасын қора-қопсысын, ит бағушылар тұратын үйді барлық кешенді өзі салып, жартысын мемлекет төлепті. Жылына мемлекет тарапынан 100 мың юань (1 юань=29 теңге) ақша беріліп тұрады. Мамырбектің жоспары бойынша келешекте иттердің санын жүзге жеткізіп, дәл жанынан қасқырлар ұстайтын питомник ашсам ба деген ой. Себебі, қазақтар ертеде төбеттің айбынын арттырып, күшін нығайту үшін қасқырмен шағылыстырыпты. Сол әдісті іске асырсам ба деп отыр.
Иттің бәрі қорада, Алтайдың аязы 20-дан асып тұр, шаңқ-шұңқ етіп үрген дауыстан құлақ тұнады. Өстіп тұрғанда басы қазандай, кеудесі арыстанның кеудесіндей, аяқтары шомбал, басқан ізі жолбарыстың ізіндей, бойы тайыншадай, жалы аттың жалындай бір төбет еркелей жақындады. Енді байқадым, қарды жарып иіскелеген бе, мұрынының үстінде шәугімдей кесек қары бар – жетіп келді. Мамырбек бұл осындағы иттердің бәрінің атасы деді. Аты – Шалбас, келген адамға тиіспейді, нағыз маңтөбет.
Ит базасынан шығып, 2 шақырым жүре беріп едік, алдымыздан үлкен бір джип шығып тоқтады. Рульде 16-18 жасар жас бала, жанында түлкі тымақ, аяғында саптама, ұзын бойлы қапсағай денелі қария машинадан түсті де жанымыздағы Мамырбектің ит бағушы жігітін тани кетіп: «Салпаң құлақ көкала күшіктеді ме?», – деп сұрады.
– Иә, күшіктеді, үшінші күн болды бес күшік туды – деді ит бағушы.
– Біреуін алам, соған бара жатырмын, қарғыбауын келінге беріп кетем, жарай ма? – деп жатыр. Біз де түсіп амандастық. Біздің Қазақстаннан келгенімізді білген соң (Қытайда Қазақстаннан кім келсе де жергілікті халық жөн сұрасып, әңгімелескенді, үйіне шақырғанды өзіне борыш санайды):
– Құдайы қонақ екенсіңдер, мен қазір күшік алам, үйге жүріңдер. Күшігімді сендердің үзеңгілеріңнен өткізіп алайын, қонақ болыңдар, – деп бәйек болды. (Қазақта белгілі адамның үзеңгісінен қырқынан шыққан сәбиді, иттің күшігін өткізіп алу ғұрпы бар – А.Т.). «Ақсақал, біз үзеңгіден өткізетін ат мініп жүрген жоқпыз, уақытымыз тығыз», – десек: «Үзеңгі деген ырым ғана ғой, бұттарыңнан, қолтықтарыңнан өткізсеңдер болды. Қазақстаннан, үлкен жерден келген қонақтың үзеңгісінен өткен күшік деп айтып жүргенге жақсы. Бүгін күшік алам деп өзімде түнімен ұйқым келмей, алағызып шығып ем», – деген Ерғали ақсақал 1975 жылы 6 жасар Аютөс деп аталатын төбетін өзімен бір ауылда тұратын Юн Су деген қытайдың сойып жеп қойғанын, содан бермен төбетті қойып, қорасына ит ныспысының бұйырмағанын айтып жатты. Біз ақсақалға күшігіңіз өсіп таутөбет болсын, үйіңізге құт әкелсін деген тілекпен қош айтыстық.
Барлық қазақ жеріндегідей, Қытай қазақтарында да ит жайында аңыз-әңгімелер көп. 1770 жылдардың аржақ, бержағында Сыр бойынан қазақтарды бастап келген Тауасар би, Жәнібек, Қуандық, Қожаберген, Қотырақ, т.б. батырлар «Ертісті өрлей судың басын алмасақ бәрібір жер біздікі болмайды», – деп, Ертістің салалары: Қыран, Бұлғын, Бала Ертіс, Қу Ертіс, Көк Ертістің бастауына дейін барған. Сол кезде Ер Жәнібек Бұлғын өзенінің басына найзасын шаншыпты деген сөз бар. 1756 жылы Жоңғарияны Қытай жер бетінен жоғалтса да қалған-құтқан қалмақтар тау-тасты, орман-тоғайды бекініп алып, қазақтарды мейлінше жоғары жібермеуге тырысып, жолдарына тосқауыл қойған. Қалмақтардан мергендер көп шыққан, қыздарына дейін құралайды көзінен атқан садақшы болған, жол-жөнекей көшіп келе жатқан қазақтарды жалғыз-жарымдап жайрататын мергендерді бір-бірлеп теріп отырып құрту қазақтарға оңай түспеген. Қазақтар жазда Алтайды жайлап, қытымыр қыста қар аз түсетін Ақдалаға, Құмылдың құмына қыстаған. Екі жердің арасы 200 шақырымдай. Аумалы-төкпелі заман, ел әлі жаңа жерге толық орнай қоймаған. Тауасар би қырда жүргенде жайлаудағы елге хабар беру үшін Сарыала деген итінің қарғыбауы-на хат жазып байлап жібереді екен. Сөйтіп, Сарыаламен хат берісіп, хат алысып тұрған. Сонда Сарыала бір күнде 400 шақырым жол жүріп отырған.
Алтайда ХІХ ғ. аяғында өмір сүрген Қалшеке байдың көп жылқысы суға түскенде кішігірім су құрып қалыпты. Байдың атақты Көкала айғыры, Қарабурасы, Көкжасыл атты төбеті болыпты. Жылқысын Көкала айғыр, түйесін Қарабура, қойын Көкжасыл күзетіпті. Көкжасыл деген иті отаудың оң жағында жатады екен, оған құрт езіп беретін көрінеді. Себебі, басқа тамақ ішпейді. Кешке жақын құрт езіп берсе ішіп алып, қора-жайды күзетуге үйден шығып кетеді екен. Түнде қораға келген қасқыр болса өлтіріп тастап үйге кіріп өз орнына жатқан. Жылқышылар жылқыны күзеткенде қайыңтозға от қойып ағаштың басына шошайтып қояды, сол күні жылқышыларға бір қонақ қонады да соған тамақ беріп отырып айналып қалған жылқышылар табынға келсе жылқы үркіп, қарағайдың жанындағы алаңқайға шығыпты. Төменде сайдан бір жылқының шыңғырған дауысы шығады. Таңертең барса Көкала айғыр аюмен таласып, аю көкала айғырды жұлып, Көкала айғыр аюды жұлып, екеуі де қансырап, аю жарасын ауырсынып суға жата қалыпты, Көкала айғыр ішегі шұбатылып, тәлтіректеп сенделіп тұрыпты. Суда жатқан аюды жылқышылар соғып алады, Көкала айғыр сөйтіп табынды аюға бермей өліпті.
Ол кезде түйені жонға айдап тастап, анда-санда бір қарап тұрады екен. Түнде түйеге аю келіпті, табынын қорғаған семіз Қарабура аюмен алысып, буранның тегеурініне шыдамаған аю бір жарға келгенде жардан секіріп өтіп кетеді де, аюдың артынан қуған еті семіз Қарабура секіре алмай жарға жығылып, шалқасынан түсіп өліпті.
Көкжасыл ит отаудың оң жағына жатып ап келген қонақтардың қамшысына қарайды екен. (Қазақ әдетінде қонақ қамшысын босағаға қыстырып, содан соң төрге шығатын. Келген адам үй иесіне зілмен, жағымсыз ниетпен келсе қамшысымен төрге бірақ шығатын. – А.Т.) Сөйткен Көкжасыл алжыпты. Сонда бай:
– Е-е-е Көкжасыл! Қарабура өлді, Көкала айғыр да өлді, сенде алжыдың ғой, енді өлетін уақытың болды, – депті. Сол күні Көкжасыл әдеттегідей құртын ішіп алып шығып кетеді. Таңертең қараса, қотанға бір қасқыр келген екен. Көкала қасқырды тамақтан алып, қасқыр Көкжасылды тамақтан алып екеуі де апалас-төпелес өліпті. Содан Қалшекеден байлық қайтып, кедейленген екен.
Күзетте 20 адамнан бір ит артық деп жатады халық. Адам баласы қанша сақ болса да, ұйқыға шыдамайтын кездері бар. Ит қасқырдың, ұрының иісін әудем жерден біледі. Қорашыл төбеттер түнде төбеге барып барлығын байқап жатады.
Тарбағатай аймағының Жайыр деген жерінде Жұмақасым деген кісінің қара иті ерекше жуан, үлкендігі тайыншадай төбет екен. Төбеттің бір ерекшелігі – албаты адамға үрмейді. Малға, қораға келген жүрісі бейсауат адамдарға үріп қана қоймай, аттың үстінен жұлып алған. Бірақ жұлып алған адамын жараламайды, тіпті, тісін тигізбеген. Екі аяғымен кеудесін басып отырады, адам қимылдаса болды, тісін арситып ырылдайды. Бір адам қораға түспекші болғанда атынан аударып ап, басып тұрыпты. Иесі шығып: «Неге жүрсің, неғылған адамсың» дегенде, ұры шынын айтыпты. Ұры шынын айтқан соң, Жұмақасым: «Бұдан кейін ұрлыққа түссең төбетімнен арашалап алмаймын»,– деп, ұрыны жазасыз жіберген екен. Бұл төбеттің тағы бір ерекшелігі – иттерді кеудесімен бір соғады екен, иттер қайтіп оған беттемейтін көрінеді. Төбетке бір адамның күші жетпейтінін білген 3-4 жігіт бірлесіп, қолдарына сойыл алып, төбетті ұрып жығып, иттеріне талатады. Дәл сол кезде Жұмақасым, ауылдың және бір адамы бар үстерінен түсіпті. Жұмақасым куәсі бар, сақшыға арызданып итті ұрғандарды 10 күн қаматып, төбеттің пайдасына 1 еркек қой төлем алдырып, қойды сойып, әлсіреп қалған итін сорпалатыпты. Бұл оқиға 1978 жылы болған. Жұмақасымның сот үстіндегі сөздерін әлі күнге дейін ел жыр қылып айтады. «30 жыл қой баққанда менің бір қойым жоғалды дегенді естігендерің бар ма? Шілденің шіліңгір ыстығында да, қаңтардың қақаған аязында да қорама күзет жасамаймын, таң атқанша осы төбет қораны айналып жүреді. Таң сәріден қоймен бірге кетіп, кеш бата келеді. Отарды осы бағады. Заты ит, іс жүзінде мыналардан артық еді»,– депті ол.
Толы ауданын аралап келе жатқанымызда жол шетінде қой айдап жүрген, жанында үлкен қара иті бар, бет-әлпеті қытайға ұқсас қария адамға жолықтық. Жанына келіп тоқтаған машинаға итімен бірге жақындады. Жол басшы аудармашымызға мән-жайымызды айтып, иті жайында сұрағанымызда, тап-таза қазақша сөйлеп қоя берді. Ұлты дүнген екен, өзін Бамбижан деп таныстырды. «Өмір бойы қазақтың төбетімен мал бағып келе жатырмын, қазақ төбеті қазақтың өзі сияқты 7-8 күн аштыққа шыдап, малдың соңынан жүре береді», – дейді қария.
Шынында, қазір алабай деп асқақтатып жүрген иттер, екі күн тамақ ішпесе, иесіне шабады. Қой бағуға арнап, үйретіп жүрген неміс овчаркасы қарны тоймаса қой-ешкінің өзін жеп қойғандары жайында деректер бар. Бамбижан қарияның айтуынша, төбеттер жұқпалы ауру таратады деп көп атылыпты. Шекаралық Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат аудандарында қазақтардың иттерін үйінен, қорасынан іздеп жүріп, атып тастағандарын көзіммен көргенін, итін тығып қойғандар жауапқа тартылғаны туралы естігенін айтады.
Қазақ жылқыларын пулеметпен қырған науқандардың куәсі, әзір сақталып қалған жер атауларында тұр: Шығыс Қазақстан облысы, Таскескен ауданындағы «Ат атқан» Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Жылқы қырған» атты сайлар бар. Іздесе бүкіл Қазақстан бойынша мұндай жерлер толып жатыр. Қызыл империяның қазақты қыруын геноцид десек, аты мен итінен айыру этноцид, яғни тарихи жадтан айыру деп ұққанымыз дұрыс.
Үрімжі қаласының түбінде бір қытай жүзден астам қазақ төбетін бағып отыр деп іздеп барып едік, шынында да, итханасы үлкен екен. Иесі жоқ болған соң бағушылар ішке кіруге рұқсат етпеді. Жалпы, Шыңжаң көлемінде қазақ төбеті тұқымын өсіруге арналған, мемлекеттің қолдауына ие болған осы екі питомник. Ал Тибет төбеттерін өсіретін мемлекеттік питомниктерден бастап, жекеше бағатындар одан да көп. 2012 жылы Чжэцзян провинциясында бір тибет төбеті 12 млн юаньға (1,9 млн АҚШ доллары) сатылып, әлемдегі ең қымбат ит саналып, Гиннесс кітабына тіркеліпті.
…Дөрбелжің ауданынан автобуста келе жатқанымызда бірнеше жолаушылармен сөйлесіп қалдық. Біздің төбет жайында әңгімемізді естіген олар бір таныстарының ұлды болғанын, атын Төбетхан қойғанын айтып отырды. Есіме Қабанбай батырдың немересі Әділбектің майдандас серігі Төбет батыр түсті. 1864 жылы Шәуешек қамалын алғанда ерекше ерлік көрсеткен. Халқымыз ғасырлар бойғы жан серігі – төбетінің есімін қадірлегіні сондай, баласының атын да қойған.

Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымының докторы,
профессор.

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus