Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main Video (KZ) Арнайы репортаж Қазанат қайда ер мінер?

(KZ) Арнайы репортаж Қазанат қайда ер мінер?


Қамыс құлақ, бөкен қабақ, жібек жал. Шоқтығы биік, күпшек сан, құйма тұяқ. Өткенге көз жүгіртіп, тарих пен әдебиеттегі деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыз қазанаттарын осылай суреттеген. Бірақ 18-19 ғасырларда бұл сйәгүліктер арнайы түрде жойылған деседі. Қазақтың қазанаты қалай жойылды және қолда барын қалай сақтап көбейтеміз?

Арғымақ жайлы айтпас бұрын, сөз басында мына мәліметті ескерген жөн болар. Шет елдік ғалымдар осыдан алты мың жыл бұрын жабайы жылқылар алғаш рет Солтүстік Қазақстандағы Ботай қорымы маңында қолға үйретілгенін дәлелдеп отыр. Ал бабалар мінген таза арғымақтарды сұрыптап шығару бүгінде Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» зауытында 15 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.Алайда, нағыз қазанатқа әлі қол жеткізген жоқпыз. Себебі, бұл процесс ұзақ жүргізіледі. Алдымен «Қостанайлық» тұқыммен «Ағылшын», одан бөлек «Араб» айғыры мен «Қостанайлық» байтал будандастырылады. Олардан туған құлындардың төрт атаға дейін таза қаны сақталып, өзара ұйықтырылады. Ал олардан туған төл тағы төрт атадан кейін бір-бірімен будандастырылады. Міне осыдан кейін бабалар мінген қазанаттың тұқымы алынады. Ғалымдар бұл процесті жасанды жолмен де жүзеге асыруда.

Одан кейін асыл тұқымды жылқының ұрығы температурасы 169 градус суыққа дейін төмендетіледі де, кристал күйінде сұйық азоттың ішінде сақталады. Мәселен, мына ыдыста 10 жыл бұрын алынған шет елдік айғырлардың ұрықтары бар.

Өтебек БЕКБОСЫНОВ, ҚР АШМ «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының бас зоотехнигі:

– Мынадай қапшық. Осының ішінде айғырдын несі бар. Міне жазуы. Керек айғырдың ұрығын аласың да ана жаққа апарып жібітіп, биені осымен ұрықтандырады.

Осылайша құны 10 мыңнан 150 мың долларға дейін бағаланып, шет елден сатылып алынған айғырлардың ұрығы 100 жылға дейін сақталады екен. Зертханадағы ғалымдар ұрықты жатырға түскеннен бастап, 11 ай бойғы жетілу процесін күнделікті қадағалайды.

Талғат УӘЛИ:

– Лабаратория қызметкерлері дамып, жетілу кезеңін жіті бақылауда ұстайды екен. Мәселен менің қолымда біз айтып отырған «Қазанат» тұқымды жылқының екі айлық құлыны. Мұнда құлынның омыртқасы, көзі, ауызы, аяқтары тіпті жынысына дейін анық көрініп тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұдан былай зауыттың ғылыми жұмыстары ғана мемлекет есебінен қаржыландырылмақ. Бұл үшін биыл 40 млн теңге бөлінеді екен.

Қанат ЫДЫРЫСОВ, ҚР АШМ «ҚазАгроИнновация» АҚ ғылыми зерттеулер департаментінің бас сарапшысы:

– Ол тұқым шығаруға ең кемі 25 жыл керек. Мысалы 15 жыл олар шығару үстінде. Тағы 5-10 жыл керек болса сол тұқымға бөлінетін ғылыми зерттеулерге біз оны толық қамтамасыз етеміз.

Зерттеу демекші, зауытта бұл мәселе толығымен жолға қойылған. УЗИ қондырғысынан бұдан бөлек ДНК зертханасы да бар. Сол арқылы төлдің қанша пайызы анасына, қаншасы әкесіне тартатыны алдын ала белгілі болады.

Нәбидолла КИКTБАЕВ, ҚР АШМ «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры:

– Кейде екі құлын түсіп қалады жатырда. Екеу болады. Сол екеу болған кездерде бір құлынды ішінен алып тастау керек. Бұл ғылыми жұмыстар жүргізу үшін өте керек. Мынаны жатырдың ішіне кіргізеді де, басында сканерлері бар. Сол арқылы бәрін көріп отырады.

Зауыт қызметкерлері қазақ жеріндегі үш жылқы тұқымының бірі «Қостанай» деп аталатын осы түрді сақтап отыр. «Мұғалжар», «Көшім» тұқымдары сынды бұларда өзін жоғалтпауы тиіс», – дейді мамандар.

Талғат УӘЛИ, тілші:

– Ауыздығымен алпарысқан бұл тұлпар Қостанай тұқымды Наурыз той есімді жылқы. Зауыт басшылығы Қостанай жылқысының тұқымын таза сақтап қалу үшін мұны ешқандай қоспамен шатастырмай таза тұқымын сақтап отыр екен.

Деректерге сүйенсек бабалар мінген қазанаттарда сол уақыттарда шет елден әкелінген айғырлар мен қазақи жылқылардың буданы екен.

Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Бұл таза қазақтың жерінен шыққан ат деп те айта алмаймыз. Баяғыда бабаларымыз парсыға барып, түркіменге барып, қызылбасқа барып, анау еуропаға барып, Қытайға барып аттың тұқымдарын алып келіп будандастырып, осыдан қазанат жасаған.

Қазір зауытта 200-ден аса арғымақ бар. Оның жартысы асыл тұқымды. Әр қайсысының өз есімі бар. Қызығы мұнда Қамбар ата тұқымына ат қоюдың өзіндік ережесі қалыптасқан.

Нәбидолла КИКЕБАЕВ, ҚР АШМ «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры:

– Тойқасқа деген ат міне. Әкесінің аты талисман. Т әріпінен тұрғаннан кейін т әріпінен басталу керек. Тойқасқа. Шешесінің аты Сафари. С әріпінен басталған соң бір жерінде с әріпі тұру керек.

Арғымақ мінез халқымыздың сәйгүлікке деген құрметі ерекше екенін білеміз. Бірақ бұл зауытта көрген бір жайт бізді таң қалдырмай қоймады. Бәйгенің алдын бермеген немесе көп тұқым таратқан арғымақтарды қартайып өлгенде бауыздамай, бар әбзелі мен ер тұрманын тағып, арулап тұрып жерлейді екен.

Нәбидолла КИКЕБАЕВ, ҚР АШМ «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының директоры:

– Жерлеу рәсімі жасалады. Терең қылып жер қазылады да, өзінің ер тоқымымен, жүгенімен ақырын жерге қойылып, бері қарай қарап тұрған сияқты көміп қойылған. Тік тұр.

Зауыт жұмысын көзбен көріп, толағай табыстарына куәгер болған біз Қабанбай мінген Қубастың, Ақан сері тақымдаған Құлагердің, Қобыландының Тайбурылының ізі болар Қазанат тұлпарлары қазақ жеріне қайта келер деген үміттеміз.

Талғат Уәли

Қостанай

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus