Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main News of ACC (KZ) МАЙЛЫ ДАҚЫЛ АЛҚАБЫ АРТАДЫ

(KZ) МАЙЛЫ ДАҚЫЛ АЛҚАБЫ АРТАДЫ

Биыл 21,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілетіні мәлім болды. Бұл өткен жылмен салыстырып қарағанда 1,5 пайыз көп. Дәнді дақылдар 15,9 миллион гектарға себіледі. Елді елең еткізер басты жаңалық – майлы дақылдар алқабының артқандығы.
2 миллион гектарға майлы дақыл орналастырылатын болып шешілді. Бұл көптен айтылып жүрген мәселе, енді біртіндеп осы салаға бет бұра бастағанның белгісі. Себебі майлы дақылды өсіруге елімізде мол мүмкіндік бола тұра әне бір жылдары осындай өнімдердің тапшылығы орын алып, елді біраз әбігерге салғаны есімізде. Қазір елімізде күнбағыс майын өндіруге бет бұрғандардың да қатары көбейген. Демек, олар енді шикізаттан тапшылық көрмейді.

Ауыл шаруашылығының негізгі саласы мал шаруашылығы болған соң, мал азық­тық дақылдар да басты қажеттілік. Жем­шөп дұрыс болмай, мал өсіру де, Елба­сымыз алдымызға міндет етіп қойған ет экспорты көлемін арттыру да мүмкін емес. Бұл салаға бөлінген жер – 3,4 миллион гектар. Көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 410,0 мың гектарға орналасты­рылады.

Қазіргі кезде оңтүстік аймақтың об­лыс­тарында жүгері мен күріштен басқа жазғы дәнді дақылдарды себу жұмыстары аяқталды. Батыс және шығыс өңірлердің облыстарында жоспарланғанның 79 пайызы шамасында жұмыстар жүргізілді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуін қаржыландыруға «ҚазАгро» Ұлттық хол­дин­гінің еншілес ұйымдары арқылы 40,0 миллиард теңге бюджеттік несие бөлінді. Оның 14,0 миллиарды форвардты астық сатып алуды қаржыландыруға бағытталуда. Екінші деңгейдегі банктер арқылы ауыл шаруашылығы саласына қаржы тарту да қарастырылып, бүгінде 19,7 миллиард теңгеге жуық қаражат игерілді.

Өсімдік шаруашылығы саласын барлық бағыттар бойынша субсидиялауға 71,2 млрд теңге бөлінетін болады, ал мемлекеттік ресурстарға көктемгі-жазғы қаржыландыру арқылы астық сатып алуға – 3,5 млрд теңге.

Көктемгі дала жұмыстарын ұйымдас­тырып, істің қарқын алуында техника үздіксіз жұмыс істеп тұру үшін бастысы дизель отыны қажет. Бірер күн бұрын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 295,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны жөнелтілді. 1 литр дизель отыны 95 теңгеден айналды. Бұл нақты нарықтағы бағадан біршама төмен.

Ауыл шаруашылығы министрі Асыл­жан Мамытбековтің айтуына қарағанда, Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында берілген тапсырма­ларын іске асыру аясында суды көп пай­даланатын дақылдар – күріш алқабын өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың гектарға, мақтаны – 7,6 мың гектарға қысқарту күтілуде. Олардың есебінен ба­сым­ды дақылдардың алқаптары көбей­тіле­тін болады.

«Казгидромет» РММ мәліметі бойын­ша көктемгі далалық жұмыстары бары­сын­да жердегі ылғалдың оптималдық қоры Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында, қанағаттанарлық – БатысҚазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстарында, оптималдыдан аз қор – Шығыс Қазақстан облысында. Мамыр айында нормадан жоғары жауын-шашын мөлшері Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының солтүстігінде болады деп болжанып отыр. Демек, негізгі астықты өңірде ылғал қоры баршылық. Бұл биылғы қамбамызға құйылатын астықтың мөлшерінің аз болмасының негізгі кепілі.
http://aikyn.kz/

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus