Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main News of ACC (KZ) Елімізде 9 мыңға жуық ветеринар бар

(KZ) Елімізде 9 мыңға жуық ветеринар бар

«Мал-жан аман ба?». Есен-саулықты осылай сұрасатын қазақ үшін төрт түлік малдың қадірі артық. Бір кездері отарлы қой, табынды сиыр, үйірлі жылқы баққан қазақта тоқырау жылдары мал басы күрт азайған еді. Сол кезде мал дәрігерінен де қадір қашты. Көбі жұмыссыз қалды.

Экономикамыз ес жиғалы ғана саланың тілін білетін азаматтар ауыл шаруашылығына қайта көңіл бөлді. 2016 жылға қарай ірі қара мал етінің экспортын 60 мың тоннаға жеткізу жоспары тұр.

Ал, сапалы ет алу үшін мал күйлі болуы керек. Күйінен бөлек, уақытында екпесі егіліп, құжаттары да халықаралық талапқа сай болуы тиіс.

Осыдан 2 жыл бұрын біздің елде ветеринар жетпейтін. Қазір қалай?

Қара жолдың шаңын ақ «Нивамен» бұрқыратып келе жатқан Жұмажан дәрігер. Биесінің іші кепкен ауылдасы қоңырау шалып шақырыпты. Астында көлігі, қолында қарапайым жұрт түсіне бермейтін асай-мүсейі.

Ақ халатын асықпай киіп, ақ қалпағын басына қондырды. Жұмажан Досмағамбетовтің 20 жылдан бергі тірлігі – осы. Арасында тоқырау жылдары тоқырап, жұмыссыз қалған 3-4 жылы да бар.

Жұмажан Досмағамбетов, ветеринар:

Кеңес Үкіметінде керемет қызмет болған. Ол кезде көп бола бермейтін кілем, палас дегендерді ең бірінші мал дәрігерлеріне беретін. Ондай замандар болған.

Ол замандардан осыған оралсақ. Қазір ветеринарға деген сұраныс қайта артты.

Мал – береке, мал – байлық, мал – бизнес. Ауыл халқы өздеріне көңіл бөлмесе де, малының дер уағында егіліп, таңба салынуына мүдделі. Өйткені, сата қалған жағдайда қажетті құжатсыз етін өткізу қиын.

«JPS»- і бар жылқы, чип тағылған тай. Болашақта малға таңба салу осындай әдіспен жүреді. Қазірдің өзінде бұл үрдіс басталып кетті.

Жұмажан Досмағамбетов, ветеринар:

Таңба салу қиындау. Оны ұстау керек, құлату керек, жығу керек. Енді чип тағуға көштік.

«Сканер арқылы қай ауылда, кімнің малы екенін тез тауып аласың», дейді. Ен-таңба көп дегенде 5-6 жылға жетсе, чип мәңгілік.

Бағасы шамамен – 1200 теңге. Ал, кейбір ірі шаруа қожалықтары айғырларына «JPS» орнатып жатыр екен. Ол дегеніңіз, малдың жүрген жерін компьютер арқылы «онлайн» бақылап отырасыз. Құны да қымбат болғандықтан, оған әзірге сұраныс жоқ.

Жұмажан ветеринар «Мал басы көбейіп келеді. Әрі қандай да бір ауру шыға қалса, бірінші көмек көрсетіп, от пен суға түсетін де біз. Жұмыс қиын», дейді. Ауылдастары оның қызметіне дән риза.

Нұрия Түсіпбекова, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны:

Ауылға бір мал дәрігері аз, үлгермейді. Үлкен ауыл, мал көп. Әрдайым шақырған кезде уақыты болса келеді. Кем дегенде 3 мал дәрігері болса. Көп болса да артық болмайды.

Елімізде қазір жұмыс істеп жүрген 8900 мал дәрігері бар. Барлығына жағдай жасалған.

Тасқын Қызайбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы:

Бір ветеринарлық пунктке 11 миллион 500 мың теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынып берілді. Оның ішіне не кіреді? Оның ішіне отыратын стол-орындықтардан бастап, қан алатын инелері бар, акушерлік-гинекологиялық наборлар, бір сөзбен айтқанда барлық заманауи заттар сатып берілді.

Ветеринардың жалақысы да тәуір. 70 тен 100 мың теңгеге дейін. Соңғы кезде осы мамандыққа жастарды тарту үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қолдануда.

Тасқын Қызайбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы:

Екі жылдың ішіне осы ветеринар мамандарды да қосып отырмыз. Бұл дегеніміз не? Егер ветеринар маман қаладан ауылға баратын болса, оған бір реттік көтерме ақы, үй алуға кредит беріледі. Кредит көлемі 2 миллион 770 мың теңге.

Мына аудиторияда зор ықыласпен мысыққа операция жасап жатқан студенттер – болашақ ветеринарлар. Жұмыс істеуге барлығы құлықты. Бірақ, оқу бітіргендерінің бірен-сараңы ғана ветдәрігер болады.

Балғабай Майқанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы:

Жұмысқа орналасу – өте күрделі мәселелердің бірі. Айта кетейін, 2012 жылы біздің факультетте 64 бала осы екі мамандық бойынша тәмамдады. Соның ішінде ауылға барғаны 17 бала. 17 баланың 5-еуі ғана көтерме ақы алып отыр. Қалғандарына жоқ. Ал, ол балалар «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған.

Ал, былтыр оқу бітірген 60-тан астам баланың 21-і ауылға барса, оның біреуіне ғана көтерме ақы беріліпті. Маман тапшылығы алыс ауылдарда әлі бар. Шақыруын шақырып алса да, қолдан келер қайран жоқ, деп қоя береді жергілікті әкімдік.

Балғабай Майқанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы:

Ол механизмге мен жауап бере алмаймын. Себебі, жергілікті ветеринарлық құзырлы органдар жергілікті әкімге жібереді. Ал, оларда ақша жоқ. Сол мәселе. Бірақ, дегенмен балалар барып жатыр, көтерме ақысыз да жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның 5 қаласында ветдәрігер дайындайтын оқу орны бар. Семей, Қостанай, Алматы, Орал және Астанадағы агротехникалық университет.

Бұл жерде қазір 1886 шәкірт оқып жатыр. Тағы бір қызықты дерек. Ветеринарға оқып жатқандардың 70 пайызы – қыздар. Бірақ, бұл – бүкіл әлемдегі тенденция. Студенттер біліммен тәжірибені бірге алады.

Үй жануарының бір жері ауыра қалса, қалалықтар осы жерге келеді екен. Біз барғанда мынау қара мысықты рентгенге дайындап жатты. Өкпесі қабынған деген күдік бар.

Мысықты айнала тұрған студенттер ішінде Айгерім де бар. Қалада да, далада да ветеринар болып жұмыс істеуге дайынмын, деп құлшынып тұр.

Айгерім Жақсылықова, студент:

Ветеринариялық медицинаны таңдаған себебім, қазір ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлуде. Бітірген соң саланы жан-жақты дамытқым келеді.

Университетте Польша, АҚШ, Германиядан келген мамандар да дәріс береді. 80 миллион теңгеге оқуға қажетті қондырғылар мен керекті жабдықтар алынған.

Маман даярлауда еш мәселе жоқ, барлық талапқа сай жабдықталған. Бірақ, жұмысқа орналасу мәселесі әлі күнге дейін біржақты шешілмей келеді. Бұрындары әр колхоз, совхоз керек маманға тапсырыс беріп оқытатын, дейді ұстаздар. Егер сол үрдіс қайта енсе, таудай талаппен оқу бітірген түлек тауы шағылып жұмыссыз қалмайтын еді.

Сәрсембай Әбдірахманов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ветеринарлық санитария кафедрасының меңгерушісі:

Қазіргі кезде бізде ондай тәжірибе жоқ. Көбінесе студенттер грант арқылы дайындалады немесе келісімшарт бойынша. Бірақ, біз қазір ұсыныс беріп жатырмыз. Егер нақты бір шаруашылыққа ветеринар маман керек болса, студент сол шаруашылықта келісімшарт бойынша 3-5 жыл жұмыс атқаруға тиісті, деген Кеңес Үкіметі кезіндегі тәжірибе енгізу керек.

Ет экспортын арттырып, әлемдік нарықта ойып тұрып орын алуға мүдделі Қазақстан үшін малдың саны да, сапасы да маңызды.

Мал баққанға бітеді, деуші еді. Бірақ, қазіргі кезде мал баққанға емес, баптағандарға ғана табыс әкеледі. Сапалы ет алу үшін сауатты маман керек. Ал, сауатты маман салауатты қоғамның қалыптасуына үлес қоспақ.

Түсірілім аяқталғанша қара мысықтың диагнозы анықталды. Өкпесі қабыныпты. Иесі енді дәрі-дәрмек беремін, деп студенттерге риза болып кетіп бара жатты.

Осы кезде ауылдағы Жұмажан ветеринар да жұмысын аяқтады. Үнемі өзі қадағалайтын малдан алынған экологиялық таза өнімге бас қойды.

Айнұр ОМАР

http://kaztv.kaztrk.kz/

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus