Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main News of ACC (KZ) ЕГІН ОРАҒЫ ЕКІ АПТАДАН СОҢ АЯҚТАЛАДЫ

(KZ) ЕГІН ОРАҒЫ ЕКІ АПТАДАН СОҢ АЯҚТАЛАДЫ

Соңғы аптадағы жаңбырлы күндер біраз өңірде егін орағы науқанын доғара тұруға мәжбүр етті. Соған қарамастан, алдағы екі аптада егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар. Алдын ала болжам бойынша, биыл 17 млн тонна астық жинаймыз.
Биыл егін сапасы жақсы, есесіне өнімділік төмендеу болып тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов хабарлады.

Оның айтуынша, бүгіндері сегіз облыста егін ору жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан және Алматы облыстарында егін бастыру жұмыстары аяқталды.

«Қазір ауа райына байланысты 1-2 күн жұмыс тоқтап қалды. Дегенмен, біздің ойымызша, алдағы екі апта ішінде ауа райы қолайлы болса, егін орағын аяқтауға мүмкіндік бар» дейді С.Қасенов. Оның сөзіне сенсек, егін орағын аяқтауға комбайн да, жанармай да жеткілікті. Алдын ала дерек бойынша, Ақмола облысында – 73, Қостанай облысында – 66, Солтүстік Қазақстанда 72 пайыз астық бастырылды.

«Былтырға қарағанда жиналған егiннің сапасы жақсы. Бүгіндері элеваторларға тапсырылған 1,7 млн тонна егiннiң 85-90 пайызы үшiншi класқа жатады. Ал өнiмдiлiк өткен жылға қарағанда 1,2 центнерге тө­мендеу. Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша өнiмдiлiк – 14,7 центнер, Ақмола облысы бойынша – 11,7, Қостанай облы­сында – 10 центнер. Осының барлығын қоса алсақ, 17 млн тонна астықты жинауға мүмкiндiк бар» дедi С.Хасенов.

Баспасөз мәслихатында өзіміз тұтыну үшін, сондай-ақ мал азығы үшін, басқа да қажеттiлiктерге керегi 6 млн 100 тонна астық қажет екенін айтылды. Ал экспортқа өткен жылғы бидайды қосқанда 7 млн тонна бидай шығаруға қауқарлымыз. Бас­тысы, біздің елдің астығына сұраныс бар.

«Қазақстан астығына сұраныс бар. Бұл, ең алдымен, оның сапасына байланысты. Ресейдiң нан өндiру комбинаттары Қазақстан астығын 10-15 пайыз көлемде қосып отырады. Сондықтан біздің астыққа деген сұраныс әрқашан болады. Негiзгi нарықтарымыз – Иран, Түркия, Әзiрбайжан, Ресей, Орта Азия елдерi, яғни Қырғызстан мен Тәжiкстан. Астықты Оңтүстiк-шығыс Азия елдерi мен Қытайға экспорттайтын ойымыз бар» дейдi комитет төрағасы.

Министрлік дерегіне сүйенсек, соңғы 3-4 жылдан бері Қытайға экспортталатын астық көлемi артқан. Сонымен қатар болашақта Қытай аумағымен транзит арқылы Оңтүстiк-шығыс Азия елдерiне шығу да жоспарлануда. Оның iшiнде, Оңтүстiк Корея да бар.

http://aikyn.kz/

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus