Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
You here:  Main News of ACC (KZ) Ауыл шаруашылығы мәселесін талқылаған жиынға он шақты ғана фермердің қатысуы ұят – БҚО әкімі

(KZ) Ауыл шаруашылығы мәселесін талқылаған жиынға он шақты ғана фермердің қатысуы ұят – БҚО әкімі

image019
Ауыл-аймақта «Агробизнес – 2020» бағдарламасының орындалу барысымен танысып жүрген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Шыңғырлау ауданында болып, «Жарас» агрофирмасы, «Бірлік», «Ғайни» шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Жаңбыр мен күшті желге қарамастан, өңір басшысының келуін фермерлер жақсы ырымға жорыды. «Жаңбыр көптен жаумап еді, бұл нұр ғой», – деді олар.
Шыңғырлау ауданы Ресейдің Орынбор облысымен шектеседі. Биылғы бір қуаныш, Шыңғырлау мен Ақсай қаласын жалғастыратын қатқыл табанды жол салынып бітеді. Шыңғырлау ауылының ішінде де жол салу ойластырылған.
«Агробизнес – 2020» бағдарламасына қатысты жиын аудандық мәдениет үйінде өтті. Бұл ретте залда фермерлердің аздығы облыс басшысын қатты қынжылтты. «Фермерлер 10-15 адам ғана, қалған орынды әкімдік және басқа сала қызметкерлерімен толтырғансыңдар. Біз әкімдік қызметкерлерімен онысыз да кездесіп жүрміз. Ауданда 110 шаруа қожалығы бар екен, тым болмаса соның жартысы неге келмеген? Біз мұнда уақытымызды бөліп, шаруалардың өзекті мәселелерін тыңдап, оны жинақтап, үкіметке ұсыну үшін келдік. Ауданда жоспарланған егістік алқабының тең жартысына ғана дән себілген. Күні бүгін ауыл шаруашылығының барлық саласында демеуқаржы қарастырылған. Соны біз әр фермерге жеткізе білуіміз керек», – деген Нұрлан Асқарұлы аудан әкімі Алдияр Халеловке ескерту жасады. Қалған үш ауданда мұндай жағдайдың қайталанбауын осы сала мәселелерімен айналысатын облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловқа тапсырды.
Жиында фермер Жасұлан Орынғалиевтің мәлім еткеніндей, ауылда жұмыс қолы жетіспейді, жастар қалаға көп кетуде. «Солардың орнына оралмандарды орналастыруды ұсынамын. Оларға үй де тауып бере аламыз, балаларын мектепке дайындауға жәрдемдесеміз. Осы мақсатта өзім екі үй сатып алмақшымын», – деді ол.
Облыс әкімінің атап өткеніндей, инвесторлар кеңесінің Шымкентте өтетін келесі отырысының тақырыбы азық-түлік қауіпсіздігі болмақшы. «Онда қатысушылардың дені жер қойнауын пайдаланушылар екені белгілі. Соған қарамастан, мәселе аса маңызды болғандықтан, күн тәртібіне қойылып отыр. Ауыл шаруаларының қаржыға қол жеткізуіне сөзбұйдаға салмай, несие беруші мекемелер де атсалысуы тиіс. Ал жергілікті жерде жұмыс берушілер кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық шараны алуы қажет. Ең бастысы, әр істе де кәсібилік керек. Ешқандай тамыр-танысқа мойын бұрмай, тапсырылған жұмысты уақтылы да сапалы орындаған жағдайда ғана табысқа қол жетеді», – деп түйді сөзін әкім.

http://inform.kz

Leave a comment

Your email address will not be published Required fields are marked *

*

Система Orphus