Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаевтың су және биологиялық ресурстарының дамуына арналған баяндамасы

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаевтың су және биологиялық ресурстарының дамуына арналған баяндамасы

Құрметті әріптестер!

Министрліктің 2014 жылғы су және биологиялық ресурстар саласындағы қызметінің қорытындылары және 2015 жылға арналған міндеттер туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.

Су ресурстары саласында

Республика меншігіндегі су шаруашылығы объектілері мен құрылыстарының тұрақты қызметін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 38 гидротехникалық құрылысты салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Аса апатты 10 су шаруашылығы объектісі күрделі жөндеуден өткізілді. Соның нәтижесінде 20 су шаруашылығы объектісі пайдалануға берілді, қалған 28 объектінің пайдалануға берілу уақыты келесі жылдарға ауысатындықтан оларды алдағы жылдары пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2014 жылы топтық су құбырларын салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 8 млрд. 550 млн.теңге бөлінді, бұл қаржы 23 жобаны іске асыруға арналған. Осы жобалардың ішінде 4 ауыз сумен қамту объектісінің құрылысы аяқталып, пайдалануға қабылданды. Жалпы алғанда 125 км су құбыры желілері реконструкцияланды және салынды, халқының жалпы саны 46,3 мың адам болатын 37 елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды.

Су объектілерінің экологиялық ахуалын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында табиғатты қорғау үшін су жіберу жүзеге асырылды (Павлодар облысының Шідерті өзені, Қызылорда облысының теңіз төңірегіндегі көлдер жүйесі, Ақмола облысының Теңіз көлі), енді оған республикалық бюджеттен жыл сайын қажетті қаржы қаражатын бөлу көзделеді.

Нысаналы трансферттер есебінен 2014 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Шу өзеніндегі ұзақтығы 12,8 шақырым учаскеде апаттық-қалпына келтіру және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді.

Нысаналы трансферттер аясында Ертіс өзенінің оң жақ сағасы болып табылатын Усолка өзенінің арнасын қалпына келтіру жобасы іске асырылуда.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 786 Жарлығымен бекітілген 2014-2020 жылдарға арналған Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларына сәйкес 2014 жылы 23 380,0 млн. теңге қарастырылған, іс жүзінде 19 603,4 млн. теңге бөлінді. Жоспар бойынша 2015 жылға 61 545,3 млн. теңге көзделген, бірақ бюджеттің тапшылығына байланысты іс жүзінде 19 778,9 млн. теңге ғана берілді. Толық қаржыландырмау 41 766,4 млн. теңгені құрайтын болады.

2014 жылда 7 бюджеттік бағдарлама, оның ішінде 2 – ағымдағы бағдарлама және 3-даму бағдарласы, сонымен қатар сыртқы қарыздарды тарту арқылы – 2 бағдарлама, нысаналы трансферттер бойынша – 2 бағдарлама іске асырылды, олардың жалпы бюджеті 40228,5 млн. теңгені құрайды. 2014 жылы осы қаржының 40168,9 млн. теңгесі немесе 99,9%-ы игерілді, 2013 жылы қаржыны игеру 84,8%-ды құраған болатын.

Республикалық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету үшін 2014 жылы 181 республикалық және 11 трансшекаралық объектіге, оның ішінде оларды пайдалану шығындарына, ағымдағы жөндеуге, су тасқынына қарсы шаралар мен су қорғау іс-шараларына 7 млрд. 313 млн. теңге қаражат көзделді.

Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциялары 2014 жылы су пайдаланушылардың су және табиғат қорғау заңнамасын сақтауына қатысты 271 тексеріс жүргізді. Жалпы сомасы 21,380 млн. теңге болатын 236 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде жалпы сомасы 21,420 млн. теңге болатын 235 айыппұл салынып, олар өндіріп алынды.

Су ресурстарын жедел реттеу жұмыстары жүргізілді, соның нәтижесінде 2014 жылғы ерекше су тапшылығының орын алуына қарамастан экономиканың барлық саласы, оның ішінде Іле өзенінің бассейні де лимиттерге сәйкес сумен қамтамасыз етілді.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 20 қарашадағы № 255-V ҚРЗ Заңымен Қорғас өзеніндегі «Достық» бірлескен гидроторабын басқару және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы келісім ратификацияланды.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 268-V Заңымен Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім (Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бойынша жобаның екінші фазасы – ИДЖЖ-2) ратификацияланды.

Ағымдағы жылы «Қазсушар» РМК күшімен проблемалық объектілер (Орда-1-2-ші кезекті және Каменский) бойынша жұмыстар аяқталды, бірақ оларды пайдалануға тапсыру үшін «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының оң қорытындысын ала отырып, оын түзету қажет. Жәйрем-Қаражал су тартқышы бойынша жұмыс аяқталып қалды және пайдалануға беруге дайындалуда.

Көршілес мемлекеттермен (Ресей, ҚХР, Қырғыз Республикасы, Орталық Азия елдері) трансшекаралық сулар бойынша бірлескен комиссиялардың отырыстары өткізілді. Ағымдағы жылы Су бөлу туралы келісімді қарауға қатысты Қытай Халық Республикасымен уағдаластықтарға қол жеткізілгенін ерекше атап өту керек.

Орман шаруашылығы саласында:

Орман қоры аумағында ауаның жоғары температурасы, жауын-шашынның аз мөлшерде болуы, сондай-ақ шөптің қурап кетуі 2014 жылы жоғары дәрежедегі өрт қаупінің орын алуына түрткі болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда өрт болған алқаптардың көбеюіне әсер етті.

Жалпы алғанда 2014 жылы республиканың мемлекеттік орман қоры аумағында 3,0 мың гектар, оның ішінде орман көмкерген 1,2 мың гектар алқапта 578 орман өрті болды. Орман өрттерінен келген залал 56,7 млн. теңгені құрады.

Орман өрттерінің шығу оқиғаларының 70% жергілікті атқарушы органдардың дала өрттеріне жол бермеу және оларды жою жөнінде тиісті шаралар қолданбауынан туындағанын атап өту керек, бұл осы өрттердің мемлекеттік орман қорының аумағына көшуіне себеп болды.

Жыл ішінде Ақмола, Алматы, Атырау, Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарының орман алқаптарында дала өрттерінің салдаранынан 18 өрт оқиғасы орын алды. Бұл жалпы алаңы 2000 гектар алаңда орман өрттерінің шығуына әкеп соқты.

Селолық округтердің әкімдіктерінде өрт сөндіру құралдарының болмауы дала өрттерін уақытылы сөндіруге мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты облыс әкімдіктері аудандар мен селолық округтер әкімдіктерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет деп есептеймін.

Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының орман шаруашылықтарында ірі орман өрттеріне жол берілді, бұл олардың өрт қауіпі бар маусымға нашар дайындалғанын көрсетеді.

Өкінішке қарай, Жамбыл облысының Мерке мекемесінде өрт сөндіру кезінде 3 адам қаза тапты.

Тиісті органдар өрттің шығуына кінәлі адамдарды анықтау және залалды өтеу жұмыстарын нашар жүргізеді. Өткен жылы өрт шығу оқиғаларының 2 пайызында ғана кінәлі адамдар анықталды (578 оқиғаның 11-і).

Ірі орман өрті фактілері бойынша қызметтік тексерулер қорытындылары бойынша орман қорғау мекемелерінің 6 қызметкері жұмыстан шығарылды және 16 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Табиғат қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторлары мен мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері 2014 жылы 19305 рейд жүргізді, бұл ретте 590 ағашты заңсыз кесу фактісі анықталып, олардың көлемі 4922 текше метрді құрады.

Ағашты заңсыз кесу фактілерінің барынша ауқымды көлемі Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды.

Ормандарды молықтыру мен орман өсірудің көлемдерін ұлғайту үрдісі сақталып отыр. Ауқымды жұмыстар Арал теңізінің құрғап қалған түбінде, Астана қаласының жасыл аймағында және Ертіс өңірінің жалды ормандарында жүргізілді. Өткен жылы Мемлекет басшысының Астана қаласының шекарасына барынша жақын жердегі екпелерді жиілету жөніндегі тапсырмасын орындау жұмыстары жалғасын тапты.

Орман өсіру жұмыстарының ең көп көлемі Оңтүстік Қазақстан облысы (24,6 мың га), Қызылорда облысы (24 мың га) (оның 10,6 мың га Арал теңізінің құрғап қалған түбінде) әкімдіктерінің орман мекемелерінің аумағында, сондай-ақ «Жасыл аймақ» РМК (5 мың га) және Семей орманы мен Ертіс орманы резерваттарында (4,2 және 2,8 мың га) орындалды. Ең аз көлем Павлодар облысында – 19 га, Атырау облысында – 215 га және Қарағанды облысында – 240 га байқалады.

Жануарлар дүниесі саласында:

Қолданылып жатқан шаралардың нәтижесінде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлеріне, ең алдымен киіктерге қатысты ахуал тұрақтанды. Соңғы 7 жылда, слайдтан көріп отырғанымыздай, киіктер санының көбеюі байқалады.

Балықты заңсыз аулау фактілерінің алдын алу, анықтау және болдырмау жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп отыр. Әсіресе, айрықша назарды Жайық-Каспий бассейніндегі балықтың бекіре тұқымдас түрлерін қорғауға аудару керек.

Балық қорғау органдары 2014 жылы 8099 рейд жүргізді. Осы рейдтте табиғат қорғау заңнамасының 6549 бұзушылығын анықтады. Тәртіп бұзушыларға 49,6 млн. теңге сомада айыппұл салынды, оның ішінде 37,7 млн. теңге немесе 76% өндіріп алынды.

Браконьерлікпен күрес жүргізу мақсатында құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен бірлесіп, Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында бекіре балықтары мен басқа балық түрлері уылдырық шашатын кезеңде «Бекіре-2014» балық қорғау акциясы өткізілді. Осы акцияның көрсеткіштері слайдта көрсетілген.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда табиғат қорғау заңнамасын бұзу саны азайды.

Балық ресурстарын пайдалануды реттеу балық шаруашылығы су айдындарын пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекітіп беру жолымен жүзеге асырылады.

2014 жылғы жағдай бойынша, республикадағы 3066 балық шаруашылығы су айдыны мен (немесе) учаскесінің 1799-ы немесе 58,7% бекітіп берілген.

Табиғи жолмен өсімін молайтуға жағдайлар жасау жөніндегі іс-шараларды іске асырумен қатар жасанды жолымен де көбейту балық ресурстарын сақтаудың маңызды бағыты болып табылады.

2014 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде республикалық балық питомниктері бағалы балық түрлерінің 168 млн. дана шабақтарын өсіріп, табиғи су айдындарына жіберді.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы алаңы 2014 жылы 23,8 млн. гектарға жетті (еліміздің алқабының 8,7 %-ы).

Туризмді дамыту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы 144 гектар алаңға туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді салу үшін ұзақ мерзімді жалға берудің 45 шарты жасалды.

2015 жылға арналған су және биологиялық ресурстар саласындағы міндеттер:

Су ресурстары саласында:

2015 жылы тапсыруға жоспарланған ауыз сумен жабдықтауға және ауыл шаруашылығын егін суару суымен қамтамасыз етуге арналған су шаруашылығы объектілерін сапалы және уақтылы аяқтау;

Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру бойынша қажетті шаралар қолдану;

Қызылорда облысындағы Жаңа Шиелі магистральді каналының бас су жинағышында, сондай-ақ Алматы облысындағы Іле өзенінің төменгі сағасындағы Тасмұрын және Бақанас магистральді каналдарында су құю құрылысын салу;

Алматы облысының Көксу ауданында және Жамбыл облысының Жамбыл ауданында суармалы жерлерді қалпына келтіру және сумен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша 2 пилоттық жобаны іске асыруды бастау.

Биологиялық ресурстар саласында:

ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ормандарды молықтыру алаңдарын 10,5 мың гектарға дейін және Астана қаласының жасыл аймағындағы кеңістіктерде ағаш отырғызу көлемдерін 2,2 мың гектарға дейін жеткізу;

тауарлы балық өндірісінің экономикалық тиімді технологиясын енгізе отырып, балық шаруашылығын дамыту шараларын қабылдау;

екі бекіре балығын өсіру зауытының өндірістік қуатын балықтардың бекіре түрлерінің шабақтарын 7 млн. данадан 12 млн. данаға дейін жеткізе отырып, оларды реконстукциялау жұмыстарын жалғастыру;

кейбір заңнамалық актілерге өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын әзірлеу және Үкіметке енгізу;

Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы Келісімнің күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өткізу;

Қазақстанның орман секторындағы ынтымақтастық бойынша Азия ұйымына кіруді қамтамасыз ету;

Қазақстан экономикасының орман секторын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу;

Балқаш өңірінде жолбарысты қалпына келтіру бойынша Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) ынтымақтастық шеңберінде Іле өзенінің атыруында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын құру жұмысын жалғастыру;

Халықаралық жек дуадақты қорғау қорына Оңтүстік Қазақстан облысында жылына 5 мыңға дейін жек дуадағын қолда өсіріп, Қазақстан табиғатына шығаратын жобалық қуаты бар питомниктің құрылысын аяқтауға ықпал ету;

халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарымен ынтымақтаса отырып, Қазақстанда қар барысын зерделеу және сақтау жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған іс-әрекет жоспарын аяқтау;

мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау үшін Жайық-Каспий бассейнінде бекіре балықтары мен басқа балық түрлері уылдырық шашатын кезеңінде кең ауқымды «Бекіре -2015» балық қорғау акциясын ұйымдастыру және өткізу.

Құрметті алқаға қатысушылар!

Сөзімнің соңында 2014 жылы табиғат пайдалану саласында Министрліктің алдына қойылған міндеттердің әдеттен тыс табиғи құбылыстарға қарамастан шешілгенін атап өткім келеді.

Біз қиыншылықтарға мойымаймыз және 2015 жылы табиғат пайдалану саласында Министрлік пен оның комитеттері алдында тұрған міндеттердің толық көлемде және белгіленген мерзімде іске асырылатынына сендіргім келеді!

Назарларыңызға рахмет.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus