Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.К. Омаровтың өсімдік шаруашылығының дамуына арналған баяндамасы

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.К. Омаровтың өсімдік шаруашылығының дамуына арналған баяндамасы

Құрметті алқа мәжілісіне қатысушылар!

Өсімдік шаруашылығының 2014 жылғы даму нәтижелері мен ағымдағы жылға қойылатын жедел міндеттері туралы баяндамамды өткен жылы іске асырылған өзекті жағдайлардан бастағым келіп отыр.

Саланың өткен жылғы негізгі көрсеткіштері мынадай. Өсімдік шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2014 жылы 1,3 трлн. теңгені, өсімдік шаруашылығы өнімінің нақты көлемінің индексі 98% (2013 жылы – 121%) құрады.

2014 жылы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 21,5 млн. гектарды құрады, бұл шамамен 2013 жылғы деңгейде. Дәнді дақылдар алқабы 15,3 млн. гектарды, оның ішінде бидай 12,4 млн. гектарды құрады. Майлы дақылдар 2,3 млн. гектар, мақта – 128 мың гектар, картоп пен көкөніс-бақша дақылдары – 413 мың гектар, жемшөп дақылдары – 3,3 млн. гектар алқапқа себілді.

Баршаңыз білетіндей, 2014 жылғы егін орағы ауа-райының шиеленісті жағдайында өтті. Бұған қарамастан шаруалар мынадай нәтижелерге қол жеткізді (облыс әкімдіктерінің деректері бойынша):

– дәнді дақылдар 14,8 млн. гектар алқаптан жиналды, бұл жинауға жататын алқаптың 99%-ын құрайды, майлы дақылдар – тиісінше 2,0 млн. гектар және 90%;

– бастапқы салмақпен 18,9 млн. тонна астық бастырылып, орташа түсімділік 12,7 ц/га құрады. Сонымен қатартазалаудан кейінгі астықтың жалпы өнімі 17 млн. тонна деңгейінде болжанып отыр, бұл ішкі тұтынуды ескере отырып экспорттық әлеуетті 7,0 млн. тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте атап өтетін жәйт, астық нарығындағы сұраныс пен ұсынымдар көлемінің теңгерілуі нәтижесінде қалыптасқан биылғы жылғы бидайдың жоғары нарықтық бағалары фермерлерге егін орағы кезіндегі шығындарының орнын толтыруға мүмкіндік береді.

Облыстардың алдын-ала деректері бойынша 2015 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,5 млн. гектар алқапқа орналастыру жоспарланып отыр. Көктемгі егіс алқабы 18,5 млн. гектарды құрайды. Дәнді дақылдар 15,2 млн. гектарға, оның ішінде бидай 12,2 млн. гектарға орналастырылады. Былтырғы деңгейге қарағанда бидай алқабы 235 мың гектарға, күріш – 8,5 мың гектарға қысқарады деп күтілуде. Майлы дақылдарды 2,2 млн. гектар, жемшөп дақылдарын 3,7 млн. гектар, көкөніс-бақша дақылдары мен картопты 414 мың гектар алқапқа орналастыру межеленіп отыр.

Өсімдік шаруашылығы саласында ағымдағы маусымға қойылатын міндеттердің ішінде көктемгі дала жұмыстарын уақытында және сапалы жүргізуге жағдай жасау тұр, бұл министрліктің, әкімдіктердің, «КазАгро» холдингінің үйлескен жұмысын талап етеді.

Ағымдағы жылы Министрлік көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге КазАгроның 60 млрд. теңгесі көлемінде одан әрі шаруаларды несиелендіру үшін бюджеттік несие бөлуді жоспарлап отыр, бұл былтырғы жылғыдан 20 млрд. теңге артық.

Қазіргі таңда 2015 жылғы көктемгі дала жұмыстарын уақытында өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың немесе екінші деңгейлі банктердің кепілдігіне астықты форвардтық сатып алуды хабарлады, облыстарда үйлестіру кеңестері құрылып, шаруалардан өтінімдер жинау басталды, Энергетика министрлігімен бірлесіп 2015 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті дизель отынының көлемі қаңтар-ақпан кезеңінде қосымша құн салығымен қоса тоннасына 90 мың теңге (жанармай құю стансаларындағы нарықтық баға литріне 107 теңге болғанда литріне 76 теңге) бағамен 366 мың тонна мөлшерінде айқындалды. Қазіргі уақытта Министрлік көктемгі дала жұмыстарына арналған дизель отынының бағасын нарықтағы жағдайға байланысты төмендету мәселесіне бастамалық етуде. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады.

Әртараптандыру

Ауыл шаруашылығын дамытудыңнегізгі мәселелерінің бірі – өсімдік шаруашылығын әртатаптандыру мәселесіне толығырақ тоқтағым келеді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Министрлік өсімдік шаруашылығын әртатаптандыру бойынша жұмысты күшейтуде. Мынадай шаралар қабылданды:

1. Әртатаптандыруға ынталандыру мақсатында бидай өндірісін субсидиялау нормалары қысқартылды, осы, сондай-ақ қосымша бөлінген қаражат есебінен өзге басым дақылдарға көтеріңкі субсидия нормативтері белгіленді.

2. Алқаптарды әртараптандыру, бидай монодақылының кері әсерін болдырмау мақсатында Министрлік пен облыс әкімдіктері арасында бидай алқабын қысқарту мен дәнді-жемдік, бұршақты, майлы және жемшөп дақылдары алқабын ұлғайтуды көздейтін меморандумдар жасалды.

3. Жерлерді ұтымды пайдалану механизмдерін енгізу жұмыстары басталды, олар ауыл шаруашылығы дақылдарының ауыспалы егістері туралы міндетті талапты көздейді. Ол үшін Министрлік Жер кодексі мен өзге заңға тәуелді актілерге өзгерістерге бастамашылық етті.

Нәтижесінде 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда бидайдың егістік алқабы 699 мың гектарға, мақта – 13 мың гектарға азайды. Майлы дақылдар алқабы 2013 жылғы деңгейден 319 мың гектарға артып, алғаш рет 2,0 млн. гектардан асып түсті. Жемшөп дақылдарының алқабы 218 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары – 12 мың гектарға ұлғайды.

Жалпы бидай алқабы «шарықтаған» 2009 жылмен салыстырғанда 2,4 млн. гектарға қысқарды. Қабылданған шаралар бидайға деген сұраныс пен ұсынысты теңдестіруге, баға демпингі туындауының алғышарттарын болдырмауға, ауыспалы егістерді жақсартуға және дәнді-жемдік, майлы, жемшөп және көкөніс-бақша дақылдары алқабын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін кейбір аймақтардың жергілікті атқарушы органдары әлі толқу үстінде, ал жекелеген шаруаларда бидайды көбірек сепсең, көбірек табыс болады деген ойлау стереотипі сақталуда.

Бұған айтарым, мемлекеттік қолдау көлемдерін ұлғайту, замануи технологиялар енгізу шараларымен қоса әртараптандыру бойынша қабылданған шаралар көрсеткендей, нәтижесінде салада өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемін арттыруға, мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайтуға алғышарттар жасалды.

Алайда жекелеген облыстарда меморандумдарда белгіленген өсімдік шаруашылығын әртараптандырудың индикативтік көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, қант қызылшасы бойынша кейін қалу Алматы және Жамбыл облыстарында байқалады. Майлы дақылдар алқабы бойынша едәуір кейін қалу Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында, жемшөп дақылдары бойынша – Ақмола, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында орын алып отыр. Бидай алқабын қысқартудың орнына ұлғайтуға Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында, күріш алқабын ұлғайтуға Қызылорда облысында жол берілген. Осыған орай облыс әкімдіктері субсидиялау тәсілдерін қайта қараулары және бидай өндіру шығындарын субсидиялауды қысқарту немесе алып тастау есебінен тиімдірек және нарықта сұраныс көбірек дақылдарға субсидияны көбейтулері қажет.

Субсидиялаудың барлық тұтқалары қазіргі кезде әкімдіктерге берілгендіктен әртараптандыру мәселесінде көп нәрсе жергілікті атқарушы органдардың талпынушылығы мен табандылығына байланысты. Барлық бюджеттік қаражат жалпы сипаттағы трансферттер механизмі арқылы жергілікті атқарушы органдарға берілген және субсидия нормативтері әкімдік қаулыларымен белгіленеді.

Сонымен қатар халықты жеміс-көкөніс өнімімен және ерте пісетін көкөніспен қамтамасыз ету проблемасын шешу шаралары қолданылуда.

2007 жылдан бастап жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуға және өсіруге жұмсалған шаруалардың шығындарын өтеуге бюджеттен 14,2 млрд. теңге бөлініп, оның есебінен 21,9 мың гектар, оның ішінде 2014 жылы 3,4 мың гектар алқапта жаңа бақтар мен жүзімдіктер салынды.

2014 жылы жабық топырақ ғимараттарының алқабы 845 гектарды, оның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар 268 гектарды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 269 гектарға ұлғайды.

2014 жылы жабық топырақтағы ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісін субсидиялауға 2,6 млрд. теңге бөлінді, бұл 2013 жылғыдан 2 есеге жуық артық (1,4 млрд. теңге). Бұл ретте жабық топырақтың 1 гектарына арналған орташа субсидия нормативі шамамен 2 млн. теңгені құрады. Бұдан бетер, 2014 жылдан бастап жылыжай кешендеріне арналған жабдық сатып алуға жұмсалған шаруалар шығынының 30%-ға дейінін өтеуді көздейтін жылыжай салуды (кеңейтуді) инвестициялық субсидиялау басталды.

2014 жылғы өнім егісіне шаруалардың тұқымға қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді.

2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда себілген элиталық тұқым мен жоғары репродукциялы тұқымның үлесі ұлғайды. Атап айтқанда, элиталық тұқым үлесі 1,4 есе, 1, 2, 3-репродукциялы тұқым – 1,1 есе көбейді. Сонымен қатар 4-5 және жаппай репродукциялы себілген тұқым үлесі 0,8 есе азайды.

Былтыр тұқым шаруашылығын субсидиялауға 2,6 млрд. теңге бөлініп, 80,2 мың. тонна элиталық тұқым, 3,4 млн. дана жеміс-жидекті дақылдары мен жүзім көшеті өндірісі, 16 гектар алқапқа көпжылдық екпелердің және жеміс-жидекті дақылдары мен жүзімнің аналықтарын салу және 20 гектар алқапта салынған жеміс дақылдары аналықтарының аяқталмаған өндірісіне қызмет көрсету субсидияланды.

Жағдайды пайдалана отырып, атап өткім келетіні, биылғы жылдан бастап бірінші репродукциялы тұқым мен бірінші ұрпақтағы буданды субсидиялауға көше отырып элиталық тұқымды субсидиялау алып тасталады. Субсидиялаудың жаңа механизміне көшу одан әрі репродукциялау, жоспарлы сорт жаңартуды жүргізу үшін өндірілген элиталық тұқымды нысаналы пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте шаруаларға сатылған жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттерінің құнын субсидиялау жалғаса береді.

Жеміс шаруашылығы мен жүзім шаруашылығында 2015 жылдан бастап интенсивті бақтарды салу мен өсіруді субсидиялауды алып тастау жоспарлануда, өйткені бұл бағыт бойынша мемлекеттік қолдау инвестициялық субсидиялау аясында жүзеге асырылады.

Бұдан бетер, өсімдік шаруашылығын субсидиялаудың барлық бағыттары бойынша 2016 жылдан бастап жаңа норма енгізіледі. Оған сәйкес субсидиялар тұқым сатып алу нормаларына сәйкес жоспарлы сортжаңартуды қамтамасыз етуге қажетті көлемде шаруалар бірінші репродукциялы тұқым және (немесе) бірінші ұрпақтағы будан сатып алған жағдайда ғана төленетін болады.

Енді 2015 жылғы өнімге тұқыммен қамтамасыз етуге қатысты.

Былтырғы жылдың аяғында Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып тапшылықты анықтау мақсатында әр шаруашылық қиығында тұқымның нақты көлемін түгендеу, тұқымның егістік сапасын жедел тексеру, астық қабылдау кәсіпорындарында сақталудағы тұқымдық мақсатқа жарайтын тауарлық астық көлемін айқындау және оны шаруалардан сатып алу механизмін әзірлеу, өзге де іс-шаралар жүргізілді.

Жүргізілген түгендеу көрсеткендей, былтырғы жылғы қиын ауа-райы жағдайын ескере отырып, 162,5 мың. тонна көлемінде дәнді дақылдар тұқымының тапшылығы күтілуде (Қостанай облысында – 114,0 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысында – 37,2 мың тонна, Ақтөбе облысында – 7,6 мың тонна, Батыс Қазақстан облысында – 3,7 мың тонна).

2015 жылғы өнімге себу үшін тұқым сатып алу мәселесін шешу мақсатында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігіне тұқым немесе себуге жарамды бидай сатып алуға шаруаларды қаржыландыру жолымен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы былтырғы желтоқсаннан бастап өз қаражаты есебінен бидай астығын форвардтық сатып алуды жүзеге асырады.

Өсімдік шаруашылығы өнімін қайта өңдеу

Ауыл шаруашылығын дамытумен қатар жыл сайын өндірістің тұрақты өсуі мен қосымша құнды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді.

«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2014 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімінің терең қайта өңделген өнімін өндіру үшін қайта өңдеу кәсіпорындарының оны сатып алу шығындарын субсидиялау басталды.

Сондай-ақ 2014 жылдан бастап жеміс пен көкөністі қайта өңдеу, дәнді және майлы дақылдарды терең қайта өңдеу, қант, май-тоң май өнімін, кондитер бұйымдарын өндіру кәсіпорындарын салуды (кеңейтуді) инвестициялық субсидиялау басталды. Бұл бағдарлама инвесторлардың кәсіпорын салуға немесе кеңейтуге жұмсаған шығындарын 30%-ға дейін өтеуді көздейді.

2014 жылдың қорытындысы бойынша 2013 жылмен салыстырғанда заттай көрсеткіште өсімдік майын өндіру көлемі 18%-ға, жарма – 53%-ға, қант – 12%-ға артқан. Алайда ұн, макарон бұйымдарын, қайта өңделген және консервіленген көкөніс өндіру көлемінің көрсеткіштері өткен жылғы деңгейде қалып отыр.

Бұдан бетер, Министрліктің ұсынысы бойынша 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы жобасында «Тамақ өнеркәсібі» бөлімі көзделген, онда жалпы ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласының ағымдағы жағдайының талдауы келтірілген, тежеуіш факторлары анықталған, оларды шешу шаралары әзірленген, міндеттер мен нысаналы көрсеткіштер айқындалған.

Топырақты агрохимиялық зерттеу де маңызды фактор болып табылады. Өсімдіктердің қоректік элементтерге қажеттілігі, сондай-ақ олардың топырақтағы маңызы туралы ақпаратсыз тұрақты жоғары өнім алу мүмкін емес.

Жерлерді ұтымды пайдалану мониторингі аясында егістікті агрохимиялық зерттеу 24,3 млн. гектар алқапта жүргізілді. Топырақты агрохимиялық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қарашірік маңызы төмен топырақ егістік алқабының 73%-ын, орташа – 25%-ын және жоғары – 2%-ын алып отыр. Топырақтағы азот маңызының деңгейі төмен, фосфор – орташа, калий – жоғары.

Топырақ құнарлылығының төмендеу себептері тыңайтқыштарды жеткіліксіз қолдану көлемдері, көпжылдық шөптердің егістік алқабының азаюы, ауыспалы егістерді сақтамау және бидайды монодақыл ретінде өсіру болып табылады.

Республикалық агрохимиялық қызмет ғылыми-әдістемелік орталығы 2013 жылдан бастап әр жер пайдаланушыға қорытынды және топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыруға бағытталған іс-шаралар мен тыңайтқыштар қолдану жөніндегі ұсынымдар бар агрохимиялық очерк береді. 2014 жылы әр облыс бойынша әр аудан қиығында егістік жерлер құнарлылығының агрохимиялық жағдайы жөнінде қорытындылар әзірленіп, одан әрі жұмыс атқару үшін облыс әкімдіктеріне берілді.

Осы мәселелерді шешу үшін қазіргі уақытта жаңа Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидалары әзірленуде, оларға: ауыспалы егістерді сақтау; жайылымдарды оңтайлы жүктеуді қамтамасыз ету; топырақтың агрохимиялық жағдайын сақтау; фитосанитариялық іс-шараларды атқару; өндірістік көрсеткіштерді сақтау жөніндегі белгілі бір талаптар енеді.

Сондай-ақ сөзімде әріптестердің көңілін тағы да бір маңызды мәселеге аударғым келеді.

Ағымдағы жылдың басында Министрліктің қарауына 2013-2014 жылдары субсидия бөлу кезінде жергілікті атқарушы органдардың заңдылықты сақтауы туралы Бас прокуратураның ұсынылымы түсті.

Атап айтқанда, ұсынылымға сәйкес Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан басқа облыстарда субсидияны негізсіз бөлу және субсидия бөлу рәсімдерін сақтамау фактілеріне жол берілген.

Әкімдіктердің лауазымды тұлғалары мен ведомствоаралық комиссия мүшелерінің салғырттығынан субсидиялау туралы шешімдерді қажетті құжаттардың бәрі болмастан қабылдау немесе заңнамада көзделмеген құжаттарды талап ету туралы көптеген фактілер анықталған. Мұның бәрі лауазымды тұлғалар мен ведомствоаралық комиссия мүшелерінің заңнама талаптарын дұрыс сақтамауының нәтижесі.

Осыған орай облыс әкімдіктері қолданыстағы, оның ішінде әкімшілік ету қиынға түсетін мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізулері тиіс.

Бұдан бетер, қолданыстағы субсидиялау үдерісіндегі кемшіліктерді жою мақсатында Министрлік шаруаларға субсидия беру үрдісін автоматтандыруды жоспарлауда. Қазіргі таңда Министрлік осы мәселе бойынша шетелдік тәжірибені зерттеуде.

2015 жылға арналған міндеттер

2015 жылға мынадай міндеттер қойылады.

Бірінші – ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы құрылымын одан әрі әртараптандыру.

Екінші – карантин мен өсімдіктерді қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру.

«Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңжобаға сәйкес:

– өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету жөніндегі үш мемлекеттік мекемені біріктіру;

– карантиндік арамшөптермен күресу іс-шараларын мемлекеттік қор жерлерінде – республикалық бюджет есебінен, меншіктегі немесе жер пайдаланудағы жерлерде – шаруалар есебінен бөлек қаржыландыру көзделеді.

Үшінші – астық нарығы саласындағы заңнаманы жетілдіру.

Астық нарығы мәселелері бойынша заңнамаға сәйкес:

– астық қолхаты қозғалысының айқындығын қамтамасыз ету, астықтың жоқ көлеміне астық қолхаттарын жазуға жол бермеу және мемлекеттік электрондық астық қолхаттары тізілімін жүргізу арқылы астық қозғалысына жедел талдау жүргізу шараларын қабылдау;

– астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу және мерзімінен бұрын тоқтату, соның ішінде астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу және мерзімінен бұрын тоқтату туралы сот шешімін қабылдау рәсімін реттеу;

– бюджеттік қаражат есебінен мемлекеттік жемдік астық ресурстарын қалыптастыру;

– астық қолхаттары иелерінің құқықтарын бұзғаны үшін астық қабылдау кәсіпорындарының жауапкершілігін (әкімшілік қана емес, қылмыстық) күшейту көзделеді.

Сөз соңында атап өткім келетіні, «Агробизнес-2020» бағдарламасында және өзге де стартегиялық және бағдарламалық құжаттарда қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу мақсатында көзделген іс-шараларды одан әрі іске асыру Министрлік пен жергілікті атқару органдары арасында келісілген әрекеттерді талап етеді.

Назарларыңызға рахмет!

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика