Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының м.а. Е. Ахметовтың мал шаруашылығының дамуы жайлы баяндамасы

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының м.а. Е. Ахметовтың мал шаруашылығының дамуы жайлы баяндамасы

«Мал шаруашылығының ағымдағы жағдайы және

2015 жылға жоспарлары туралы»

Жалпы, 2014 жыл мал шаруашылығы саласы үшін дамудың оң көрсеткіштерімен аяқталды.

Мал шаруашылығының жалпы ішкі өнім көлемі артып өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 103,8 пайыздық өсімге қол жеткізіліп отыр.

2014 жылдың қорытындысы бойынша ет өндіру көлемі 2013 жылдың деңгейімен салыстырғанда 3,2 % (898,9 мың тоннаны), тиісінше сүт – 2,6% (5020,1 мың тоннаны), жұмыртқа – 9,7% (4272,5 млн.дананы) артып отыр.

Өнімдерді өндірудің елеулі өсімі агроқұрылымдарда байқалып отыр. Осылайша, ет өндірісі 2014 жылы 10 % (323,8 мың тоннаға), сүт – 15% (903,3 мың тоннаға), жұмыртқа – 17 % (3038,6 млн.данаға) өсті.

Қайта өңделген өнім үлесінің ұлғаюы айтарлықтай байқалуда. Қайта өңделген еттің үлесі 3,2% (295 мың тоннаға) артты, сүт өткен жылдың деңгейінде қалды (1980 мың тонна).

Қайта өңделген еттің ең жоғарғы үлесі Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

Мал басының ұлғайуы динамикасы оң нәтижені көрсетіп отыр. 2014 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара мал басының саны 5911,9 мың басты (1%); қойлар мен ешкілер 18236 мың басты (3,8%), жылқылар 1819,4 мың басты (2%); құстың барлық түрлері 35 181,9 мың басты (7%) құрады.

Жалпы, агроқұрылымдарда ІҚМ, жылқы, қой және құс басының саны жоғарғы қарқынмен өсуде.

Заңнамалық базаны жетілдіру.

2014 жылы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізілді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып асыл тұқымды мал басының тұқымдық стандарттарын жоғарылату мақсатында асыл тұқымды ірі қара малды 2 санатқа бөлінеді жүйесі енгізілді және қойылатын талаптарда күшейтілді.

Негізгі шаруашылықтардағы асыл тұқымды ірі қара малға жүргізілген жоспарлы бағалау нәтижесі бойынша малды екі санатқа бөлу және тиісті нормативтік актілерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасын жүзеге асыру барысы келесідей.

Фермерлік шаруашылықтар.

2014 жылы анықталған индикативті көрсеткіштерге сәйкес, жалпы 50 мың бас ІҚМ сатып алу арқылы фермерлік шаруашылықтар желісін құру жоспарланған. Бүгінгі күні аталған бағдарлама шеңберінде ІҚМ-дың 54,2 мың аналық басы сатып алынған, бұл жоспардан 113% құрайды.

Жоспар Ақмола облысы бойынша толық көлемде орындалған жоқ (55%).

2015 жылы бағдарлама шеңберінде жалпы 75 мың бас аналық мал сатып алу жоспарланып отыр.

Өзекті мәселелер: әкімдіктер осыған дейін келісілген жоспарлардан бас тартып, оларды төмендетуді талап етуде.

Тұқымдық түрлендіру.

2014 жылдың қорытындысы бойынша тұқымдық түрлендірумен 554 мың ІҚМ аналық басы қамтылды, бұл сиырлардың жалпы санының 20% құрайды.

Тұқымдық түрлендірумен барынша жоғары қамту Батыс Қазақстан (30,8%), Қарағанды (28,2%) және Ақмола (24,7%) облыстарында байқалады.

Бұқалармен қамту.

Жалпы республика бойынша жайылы кезеңі басталғанға дейін, бұл дәлірек айтқанда 1 мамырға дейін пайдалану мерзімінің өтуіне, сондай-ақ шаруашылықтар арасында бұқаларды ауыстыруға шектеу қоюға байланысты, тұқымдық түрлендіруге қатысатын 11 мың бас бұқаны ауыстыру қажет.

Облыс әкімдіктеріне шаруашылықтарға қажет тұқымдық бұқаларды сатып алу бойынша тиісті шаралар қабылдауға қатысты хат жолданды. Аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды және уақытында асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз етуді сұраймыз.

Бордақылау алаңдарын салу.

2014 жылы 35,0 мың мал орыны бар бордақылау алаңдарының желісін құру жоспарланып, іс жүзінде 43,6 мың мал орыны бар бордақылау алаңдарының желісі қолданысқа енгізілді, бұл жоспардың 125% құрайды.

2015 жылға – 35 мың мал орынына арналған бордақылау кешендерін салу жоспарланып отыр.

Жалпы, мал бордақылау алаңдарын салу бойынша 5 жылдық жоспарды есепке ала отырып, бұл жұмыстарды Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында күшейту қажеттілігі туындап отыр.

Айта кететін жайт, қолданысқа негізінен жобаның тұжырымдамасына сәйкес келмейтін кішігірім мал бордақылау алаңдарын енгізу байқалып отыр.

Осыған орай, алқа қаулысына ҚазАгроның еншілес ұйымдарына қаржыландыру есебінен қолда бар мал бордақылау алаңдарының өндірістік қуаттылығын арттыру мүмкіндігіне талдау жүргізу бойынша тапсырманы енгізуді сұраймын.

Сондай-ақ, жоба аясында 2015 жылы жобаның негізгі компоненті болып табылатын 4 заманауи еткомбинатының құрылысы жоспарланғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, облыс әкімдіктері тиісті деңгейде әлеуетті қатысушыларды анықтау және инвесторларды тарту бойынша жұмыстарды жүргізулері қажет.

Ет экспорты.

2014 жылы облыс әкімдіктері, Холдинг және Министрлік арасында 9,7 мың тонна бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Жалпы 2014 жылы 12 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері экспортталса, соның ішінде сиыр етін экспорттау көлемі 6,3 мың тоннаны құрады немесе жылдық жоспардың 65% жетіп отыр.

Экспорттың негізгі көлемі (32 %) Батыс Қазақстан облысына (Ресей Федерациясына 1990 мың тонна сиыр еті) келеді.

Жоспарланған көрсеткіштер Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша орындалды.

Алматы, Жамбыл, Ақмола және Қарағанды облыстары бойынша жоспарланған көрсеткіштер орындалған жоқ.

2015 жылға арналған жоспар 12 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта тиісті меморандумдардың жобалары облыс әкімдіктеріне келісу және қол қою үшін жолданды.

Алайда, кейбір облыстар меморандумды келісуден негізсіз бас тартуда.

Облыстар бойынша малды бордақылау алаңдарының инфрақұрылымдары, еткомбинаты құрылуда, субсидиялау нормативтерін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдануда және оның түпкілікті мақсаты мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық үлесін арттыру болып табылатындығын атап өткен жөн.

2014 жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасын және мал шаруашылығы салалары бойынша мастер-жоспарларды іске асыру мақсатында Министрлік «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, қой шаруашылығы мен жылқы шаруашылығында фермерлік шаруашылықтар құру, сүтті-тауарлы фермаларды құру, жекелеген шалғайдағы жайылымдарда суару құрылғыларын салу бойынша несиелендіру бағдарламаларын әзірледі және индикативтік жоспарларды анықтады.

2014 жылдың нәтижелері бойынша осы бағдарламалар бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:

Қой шаруашылығында фермерлік шаруашылықтарды дамыту.

«Алтын асық» қой шаруашылықтарын несиелендіру бағдарламасы бойынша облыс әкімдіктеріне 2014 жылы 200 мың бас қойды сатып алу жоспарлары жеткізілді. Жалпы 83,8 мың бас қой сатып алынды, бұл жоспардың 42% құрайды.

Индикативтік жоспарлар Оңтүстік Қазақстан (169%), Жамбыл (115%) және Солтүстік Қазақстан (100%) облыстары тарапынан артығымен орындалды. Орындалудың ең аз үлесі Ақмола (5%) және Павлодар (5%) облыстарында байқалады, мұнда тиісінше 10 және 15 мың бас жоспар кезінде, барлығы небәрі 506 және 699 бас қой сатып алынған.

2015 жылға арналған жоспар 250 мың басты құрайды.

Кепілдік қамтамасыз ету бойынша талаптардың жоғары болуы фермерлік шаруашылықтар үшін несие қаражаттарының қол жетімділігін толық негізде қамтамасыз етпейді. Осыған байланысты, ҚазАгро-ға несиелік өнімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында оны қайта қарауды тапсыруды сұраймыз.

Жылқы шаруашылығында фермерлік шаруашылықтарды дамыту. «Құлан» бағдарламасы бойынша жылқы шаруашылықтарын несиелендіруге 2014 жылы облыс әкімдіктері тарапынан 10 мың бас көлемінде жылқыларды сатып алуға жоспарлы индикаторлар жеткізілген. Барлығы жыл көлемінде 11,6 мың бас сатып алынды, бұл жоспардың 117% құрайды. Аталған бағдарламаларды тиісінше 364%, 360% және 346% пайыздық арақатынаста жүзеге асыруда Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары белсенділік танытты.

Жоспарды ең аз орындау Қостанай (15%), Ақмола (34%) және Павлодар (64%) облыстары бойынша байқалады.

2015 жылға жоспар 25 мың басты құрайды.

Отбасылық тауарлы сүт фермаларын дамыту. 2014 жылы «Ырыс» бағдарламасы шеңберінде қуаттылығы 50, 100 және 200 басқа арналған тауарлы сүт фермаларын құру жоспарланған. Барлығы жалпы мал басы 1800 басқа 19 шаруашылық қаржыландырылды, оның ішінде 50 бас бойынша 6 шаруашылық, 100 бас бойынша 11 шаруашылық және 200 бас бойынша 2 шаруашылық.

Жоспарлық көрсеткіштерді орындау қарқыны төмен облыстарды слайдтан көруге болады.

2015 жылға жоспарлар: 50 басқа арналған фермерлік шаруашылықтар – 40 бірлік; 100 басқа арналған – 40 бірлік; 200 басқа арналған – 40 бірлік.

Жайылымды суландыру инфраструктурасын дамыту. 2014 жылы жайылымдарды суландыруды несиелендіру жолымен және құрылыс-монтаждау жұмыстарын және суаттандыру құрылыстары үшін технологиялық жабдықтарды инвестициялық субсидияландыру бағдарламаларын жүзеге асыру басталды. Барлығы 159 бірлік суаттандыру құрылыстарын салу және жаңарту жоспарланған. 2014 жылдың қорытындысы бойынша 225 бірлік құдық жаңартылған және қолданысқа енгізілген, бұл жоспардың 142 пайызын құрайды. Ең жоғарғы көрсеткіштер Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Жоспарды орындамау Ақмола, Алматы, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында орын алған.

2014 жылдың нәтижесін есепке ала отырып ағымдағы жылдан бастап Аграрлық несиелік корпорациясы құдықтарды салу үшін мердігерлік ұйымдарды тікелей қаржыландыруға бастамақ. Департамент тарапынан жыл соңында ауыл шаруашылы басқармаларымен қаржыландырудың жаңа схемаларын талқылау жұмыстары жүргізілді.

2015 жылға жоспар 2 есеге ұлғайтылды және 400 бірлікті құрайды.

Мемлекеттік қолдау.

Қазіргі кезде Министрлік тарапынан жалпы сипаттағы трансферттердің есебінен Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттерге қаражаттар жеткізіледі.

2014 жылы республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер түрінде 41,7 млрд.теңге қарастырылды, қосымша жергілікті атқару органдары бөлген бюджеттік қаражаттар есебінен мемлекеттік қолдау көлемі 49,7 млрд.теңгеге ұлғайтылды.

2014 жылдың 6 тамызында өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау механизімін жетілдіруді тапсырған болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Министрлік тарапынан 2014 жылдың 19 қарашасында «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» № 3-1/600 бұйрық қабылданды.

Жоғарыда аталған қағидалар шеңберінде субсидия алушылар үшін қойылатын критерийлер қайта қарастырылды, сиыр етін, қой етін өндіруге шыққан шығындарды, бірінші деңгейдегі бордақылау алаңдарына өткізілген өгізшелерді субсидиялауға арналған субсидия нормативтері ұлғайтылды.

Қаражаттар көлемі.

Ағымдағы жылы жалпы мал шаруашылығын субсидиялауға 52 млрд.теңге көлемінде қаражаттар қарастырылып отыр, оның ішінде 11 млрд.теңге қосымша жергілікті бюджеттерден бөлініп отыр.

Субсидиялаудағы проблемалар.

Фермерлік шаруашылықтарды субсидиялауда кездесіп жатқан проблемалық мәселелерді атап өткен жөн. Ағымдағы жылы ірі қара мал басын селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізу бағдарламасы шеңберінде республика бойынша 100 мың бастан астам ірі қара малдың аналық басы субсидиямен қамтылмаған, оның негізгі бөлігі Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалып отыр. Негізгі себебі тауар өндірушілерден өтінім алудан бас тарту.

Қағидаға сәйкес аталған бағыт басымдылық тәртібімен субсидиялануы қажет.

Алайда, осы облыстар ірі кәсіпорындар өндірген мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялауда олардың барлық қажеттіліктерін толық көлемде қамтыған.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан өзінің әрекеттерін негіздеу мақсатында бірқатар баспасөз құралдарында аталған бағыттың тиімсіздігі туралы ақпараттар таратылғандығын атап өткен жөн. Осы әрекеттерімен әкімдік мал шаруашылығындағы кіші және орта кәсіпкерлікті дамытуға құлықсыздық танытып отыр.

Құрметті төраға, қалыптасқан жағдайды есепке ала отырып Шығыс Қазақстан облысы бойынша субсидияларды бөлу кезінде қағидалар талаптарының сақталу деңгейін анықтау, кіші және орта фермерлер үшін субсидияның қол жетімсіздігі себебіне толық талдау жүргізу үшін Департамент, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандарының және Ұлттық палата өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы ұсыныс енгіземін.

Қайта өңдеуші кәсіпорындардың шикізатының кепiлдендiрiлген сатып алу бағасын субсидиялау.

2014 жылдан бастап қайта өңдеуші кәсіпорындардың сүт өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін шикізат сатып алу шығындарын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жалпы бағдарламаға 2 млрд.теңге бөлінген.

Ағымдағы жылы пилоттық жылдағы тәжірибе есебінен механизімдері қайта қаралды. Атап айтқанда өтінімдер тоқсандық негізде қаралатын болады, ұсынылатын құжаттар тізімі оңтайландырылды. Сонымен қатар қатысушы облыстар саны артқанын айта кету қажет.

Жемдік қор. Мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарын жемдік қормен қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» АҚ коммерциялық қоры есебінен 300 мың тоннадан аса көлемде жемдік қор құрылды.

Қазіргі кезде әкімдік, азық-түлік корпорациясы және құс өсірушілер одағы арасында меморандум жасасты. Келісім-шарттарға қол қою жұмыстары жүргізілуде. Астықты босату 1 ақпаннан басталады.

Шошқа шаруашылығы және бордақылау алаңдары кәсіпорындарына асытықты бөлу бойынша облыс әкімдіктері тарапынан қол қойюға қосымша меморандумдар жолданды. Осыған байланысты, меморандумдарға қол қоюды жылдамдатуды сұраймыз.

Қорыта келгенде, мал шаруашылығын дамыту бойынша іс-шаралардың тиімділігі барлық деңгейлерде – орталық атқарушы органдардан бастап, қаржыландырушы ұйымдардың және ең соңында ауылдық округтердің деңгейіндегі жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді және жедел атқарылған жұмыстарына тікелей байланысты екенін атап өткім келеді.

Осыған орай, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша облыс әкімдіктеріне мал шаруашылығы саласын дамыту және саланың экспорттық әлеуетін арттыру бойынша Елбасының тапсырмасын іске асыруға бағытталған барлық іс-шараларға жергілікті жерлерде қолдан келгенше жәрдемдесуі және қолдау көрсетуді сұраймыз.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus