Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар АҚИҰ Бас Ассамблеясындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтың баяндамасы

АҚИҰ Бас Ассамблеясындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбековтың баяндамасы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі А.С. МамытбековтіңИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Министрлік конференциясының 7-ші сессиясына баяндамасы

Құрылымы

Мәтін

Кіріспе

Бисмилляхир-рахманир-рахим,
Жоғары мәртебелі қонақтар,
Құрметті Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Министрлік конференциясына қатысушылар!
Сіздерге Қазақстан жеріне қош келіпсіздер дей отырып, баршамызға еңбегіміз жемісті болуын тілеуге рұқсат етіңіздер.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігі туралы

Бүгінгі күні азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі мынадай себептерге байланысты аса өзекті болып отыр:

  • халық санының өсетіндігі болжануда, ал бұл әлемде азық-түлік тапшылығының айтарлықтай өсуіне алып келеді. Әлемде халық санының өсуі жөніндегі болжамды ескере отырып, 2050 жылға қарай азық-түлікті қазіргі деңгейден 60%-ға, ал дамушы елдерде қазіргі көлемнен екі есеге артық өндіру қажет болады. Бұл ретте халық өсімінің ең жоғары үлесі дамушы елдерге, оның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерге тиесілі.
  • ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін ұлғайту үшін тиісті резервтердің жоқтығы. Сарапшылардың бағалауы бойынша егістікке жарамды жерлердің қолжетімді қорын адамзат әлдеқашан пайдаланып тауысқан.

(Анықтама ретінде: ФАО деректеріне сәйкес әлемдік жер қоры 13,4 млрд. гектарды, оның ішінде егістікке жарамды жерлердің әлемдік резерві шамамен 1,0 млрд. гектарды құрайды).
Осыған байланысты, біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құруымыз қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру осы мәселедегі болашақ кооперацияның іргетасы болып табылады. Бұл біздің Президентіміздің бастамасы және оның мақсаты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі көптеген мәселелерді шешу болып табылады.

Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйі

Бүкіл әлемде ұзаққа созылған аштық пен тойып тамақтанбау проблемасын жою үшін ынтымақтастықты кеңейту қажет, Қазақстан осы мәселеде белсенді рөл атқара алады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (бұдан әрі – ФАО) бағалауына сәйкес 129 ел, оның ішінде Орталық Азия елдері, Қазақстан 2015 жылға қарай аштыққа ұшырағандар үлесін екі есеге төмендету бойынша Мыңжылдықтың дамуы мақсатына қол жеткізді. 
Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі астықты өндіруші және экспорттаушы негізгі ел болып табылады және осылайша өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Қазақстан ФАО-да орналасқан «Жиырмалық тобы» аясындағы Ауыл шаруашылығы нарықтары туралы ақпараттық қамтамасыз ету жүйесіне (АМИС) белсенді қатысады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде Қазақстан мүмкіндіктерінің әлеуеті туралы 

Қазақстанның жоғары ауыл шаруашылығы әлеуеті туралы баяндауға рұқсат етіңіздер. Біз соңғы 5 жыл бойы ұн мен астық экспорттау бойынша әлемде жетекші орында келеміз.
Біздің табиғи ресурстарымыз – шамамен 24 млн. гектар егістік жер мен 66 млн. гектар жайылым.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы

Жалпы өнім көлемінің артуы соңғы 5 жылда 1,5 еседен асып, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 2,7 трлн. теңгені немесе шамамен 8,2 млрд. АҚШ долларын (бағам – 1$=330 теңге) құрады, бұл алдыңғы жылдың деңгейінен 4,4%-ға артық.

Тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері

Елімізде тамақ қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.
Айталық, жүргізіліп жатқан ветеринариялық саясат нәтижесінде 2015 жылдың мамыр айында Халықаралық Эпизоотиялық Бюроға мүше елдер делегаттарының 83-ші Бас Ассамблеясында (Франция, Париж қ., Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның штаб-пәтері) Қазақстан 9 облыс (Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары) бойынша вакцина қолданылмайтын аусылдан таза ел мәртебесін алды.
Тамақ қауіпсіздігі тұрғысынан бүгінгі таңда пестицидтерді, гербицидтерді, химиялық тыңайтқыштарды, өсімдікті өсіруге арналған түрлі реттегіштерді, сондай-ақ гендік түрлендірілген организмдерді қолданбайтын немесе барынша аз қолданатын органикалық ауыл шаруашылығы өзекті болып отыр.
Қазақстанда органикалық өнім өндіру үшін қолайлы жағдай қалыптасқан, бұл ең алдымен жерлерді химиялау деңгейінің әуел бастан төмен болуында және жақын нарықтардың төлем қабілетінде көрініс табады.
Анықтама ретінде: 2012 жылы органикалық өндіріске 292 мың. гектар алаң пайдаланылды, 300 мың тонна органикалық ауыл шаруашылығы өнімі жиналып, оның 62,9 тоннасы экспортталды.
Органикалық өнім өндірумен 53 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 19 кәсіпорын халықаралық сертификаттау жүйесінде тіркелген. Аталған компаниялар Еуроодақ елдеріне тұрақты өнім экспорттаушылар болып табылады, олардың негізгі сатып алушылары – Германия, Франция, Австрия, Голландия, Польша, АҚШ елдері.
2015 жылдың соңында біз органикалық өнім өндіру туралы заң қабылдадық, ол осы жылдың ортасында күшіне енеді. Заң бізге халықты жоғары сапалы өніммен, ал өндірушілерді әділ бағамен қамтамасыз етуге септігін тигізетін органикалық өндірісті қолдау және реттеу жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының мүмкіндіктері

Біз Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының міндеттері ретінде мыналарды ұсынамыз:
– елдеріміздің табиғи-климаттық жағдайларына және географиялық орналасуына сүйене отырып, еларалық мамандануды айқындау. Мамандануға сүйене отырып, біз саудалық текетірестер жүргізуді тоқтатуға, сондай-ақ халқымызды экономикалық тұрғыдан барынша қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз;

  • Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерге азық-түлік жеткізу шығындарын мейлінше азайтуға мүмкіндік беретін барынша тиімді көлік-логистикалық бағдарлар құру; 
  • бірлескен азық-түлік қорларын қалыптастыру және басқару есебінен азық-түлік бағаларын тұрақтандыру;
  • мұқтаж елдерге азық-түлік көмегін көрсету;
  • ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалану;
  • Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер үшін бірыңғай "Халал" стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ ұлттық стандарттар бойынша өндірілген өнімнің баламалылығын тану жүйесін құру бойынша жұмысты жандандыру;
  • ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу. 

Баршамызға еңбегіміз жемісті болуын тілеймін! 

 

Назарларыңызға рахмет!

 

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus