Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар ҚР АШМ министрі А.С.Мамытбековтың 2016 жылғы 19 ақпандағы алқа мәжілісінде сөйлейтін сөзі

ҚР АШМ министрі А.С.Мамытбековтың 2016 жылғы 19 ақпандағы алқа мәжілісінде сөйлейтін сөзі

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Алқа мүшелері және шақырылғандар!

Бүгін біз кеңейтілген алқа отырысын өткізгелі отырмыз. Күн тәртібіне мынадай мәселе енгізіледі:
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы жұмысының қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттері туралы.
Кеңейтілген алқа отырысының жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев қатысып отыр. Алқа отырысына мүдделі министрліктердің өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері шақырылды, селекторлық байланыста облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы, ветеринария, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының, Министрліктің аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысып отыр. Жалпы алқа отырысына өңірлермен бірге 300-ден астам адам қатысуда.
Кеңейтілген алқа отырысын ашық деп жариялаймын.
Мынадай регламентті белгілеу ұсынылады: баяндамашыларға – 10 минутқа дейін, қосымша баяндамашыға – 7 минутқа дейін және сөз сөйлеушілерге – 5 минутқа дейін.
Егер басқа ұсыныстар болмаса, осы регламентті қабылдайық.
Жалпы өткен жыл біздің аграрлық сала еңбеккерлері үшін оңай болған жоқ. Астық жинау қолайсыз ауа-райы жағдайында өтті. Бірақ осыған қарамастан біздің көрсеткен нәтижеміз жаман болған жоқ.
Жылдың қорытындысы бойынша 18,8 млн. тоннаға жуық астық бастырылды, бұл 2014 жылдың деңгейінен 1,6 млн. тоннаға артық.
2015 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,7 трлн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 4,4%-ға жоғары.
Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің 5,6%-ға (1,5 трлн. теңге) және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің 3,2%-ға (1,2 трлн. теңге) ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Тамақ өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестициялар 28%-ға (55,9 млрд. теңге) ұлғайды. Бұл ретте, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялардың көлемі 6,3%-ға төмендеп, 167,1 млрд. теңгені құрады.
2015 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен импортының 24 %-ға төмендеуі байқалды. Агроөнеркәсіптік кешен экспорты 2 млрд. АҚШ долларын құрады (22,8%-ға төмендеді).
Өткен жылы Министрлік бірқатар шешуші бастамаларды іске асырды.
Сонымен, республиканың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық актілер қабылданды.
Ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірігуіне тосқауыл жасайтын кедергілерді жою үшін «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа заң қабылданды.
Заңның тұжырымдамалық негіздері кооперацияның дамуы үшін жағдайлар жасауға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге олардың өндіретін өнімін өткізу, өндіріс құралдарын жеткізу, ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділік және білім тарату мәселелерінде көмек көрсетуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы кооперациясының артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады: өндіріс масштабтарынан үнемдеу, қызметтің тиімділігін арттыру, жабдықтау тізбегіне және өткізу каналдарына қолжетімділікті оңайлату.
Сондай-ақ «Органикалық өнім өндіру туралы» заң қабылданды, ол органикалық өнім өндірісінің дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, оған ілеспе Заңға тұқым шаруашылығы, асыл тұқымды мал шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу саласында түзетулер енгізілді, ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сортты сынау үшін қажетті уақыт кезеңін қоспай, озық селекциялық жетістіктерді қолдану құқығын беруге, әкімшілік кедергілерді төмендетуге және асыл тұқымды өнім (материал) нарығына жеке және заңды тұлғалар үшін бірдей мүмкіндікті қамтамасыз етуге, селекциялық және асыл тұқымды жұмыстарды өзін-өзі реттеуге беруге мүмкіндік береді.
2015 жылы қабылданған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының шеңберінде мемлекеттік астық ресурстарын тарату көзделгенін атап өту керек.
Ветеринария саласында республиканың 9 облысы бойынша вакцина қолданбайтын аусылдан таза ел мәртебесін алдық, бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мал шаруашылығы өнімін Қазақстаннан тыс жерлерге кедергісіз шығаруға мүмкіндік береді.
Аграрлық ғылымды реформалау шеңберінде «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды, оның негізгі мақсаты жоғары білікті мамандарды даярлау және қайта даярлау, ғылыми зерттеулер нәтижелерін әзірлеу және енгізу, АӨК-ге тиімді шетелдік технологияларды трансферттеу негізінде аграрлық саланың жедел инновациялық дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасының Жер кодексіне түзетулер енгізілді, ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сауда арқылы жеке меншікке беру жөніндегі жаңа механизмдерді енгізуді, бұрын жеңілдікті баға бойынша жеке меншікке жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуды, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылығы өндірісіне пайдаланған кезде, оның нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастауды қамтиды.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі өткен жылдың басты оқиғаларының бірі болды. Бұл біздің республикамызды тең құқықты сауда-экономикалық әріптес ретінде мойындауды куәландырады. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы мәселесі Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздер барысындағы ең осал және даулы мәселе болды. Нәтижесінде, Қазақстан жыл сайын өндіретін өнімнің жалпы көлемінің 8,5 пайызы көлемінде ауыл шаруашылығы өнімін субсидиялау құқығын алды.
Мәселен, Дүниежүзілік сауда ұйымына жақында кірген Ресей, Украина, Қырғызстан, Молдава, Хорватия, Грузия елдері 5 пайыз шегінде субсидиялайды.
2015 жылғы агроөнеркәсіптік кешеннің осы және басқа да даму қорытындылары жайлы және 2016 жылға арналған міндеттер туралы ауыл шаруашылығы вице-министрлері, Министрліктің жауапты хатшысы және «ҚазАгро» ҰБХ» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы толығырақ баяндайды.
«Өсімдік шаруашылығы саласын дамытудың 2015 жылғы қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттер туралы» баяндама жасау үшін сөз Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Кесікбайұлы Омаровқа беріледі.
«Мал шаруашылығы саласын дамытудың 2015 жылғы қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттер туралы» баяндама жасау үшін сөз Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Қартайұлы Ахметовке беріледі.
«Министрліктің 2015 жылғы су және биологиялық ресурстар саласындағы қызметінің қорытындылары және 2016 жылға арналған міндеттер туралы» баяндама жасау үшін сөз Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаевқа беріледі.
«2015 жылғы агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық саясат пен қаржы құралдары және 2016 жылға арналған міндеттер туралы» баяндама жасау үшін сөз Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Серік Нарсұлтанұлы Ыбыраевқа беріледі.
«ҚазАгро» ҰБХ» акционерлік қоғамы қызметінің қорытындылары және 2016 жылға арналған даму перспективалары туралы» қосымша баяндама жасау үшін сөз «ҚазАгро» ҰБХ» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нұрлыбек Төлебайұлы Мәлеловке беріледі.
«2015 жылғы мемлекеттік органдарды сыртқы бағалау бағыттары бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметі тиімділігінің қорытындылары туралы» баяндама жасау үшін сөз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Қайратұлы Евниевке беріледі.
Құрметті алқа қатысушылары!
Бүгін біз бірқатар маңызды мәселелерді талқыладық, тиісті қорытындылар шығардық және ағымдағы жылы алда тұрған міндеттерді нақты айқындадық.
Мемлекет басшысы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында орын алып отырған экономикалық дағдарыс жағдайында агроөнеркәсіптік кешенді белсенді дамыту қажет екенін кезекті рет атап өтті.
Мұнда азық-түлікке деген қажеттіліктің әлемдік конъюктураға тәуелділігі өте төмен болғандықтан, тұрақсыз экономикалық ахуал мен әлемдік қаржылық дағдарыс кезеңінде агроөнеркәсіптік кешеннің барынша тұрақты болатыны назарға алынып отыр. Бұл жайтқа 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржылық дағдарыс мысал бола алады. Сол кезеңде Қазақстан экономикасының басқа салалары тоқырауға ұшырап жатқанда, ауыл шаруашылығы өзінің тұрақты өсімін сақтап қалды. 2009 жылы өнеркәсіптегі өсу қарқыны 1%-дан да төмендеп кетсе, ауыл шаруашылығындағы жалпы қосылған құн өсімі 23%-ды құраған болатын.
Осыған байланысты, Президент агроөнеркәсіптік кешендегі басым жобаларды, оның ішінде сүт пен ет өндіру және өңдеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру үшін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ға 100 млрд. теңге бөлуді тапсырды.
Сондықтан да биылғы жұмысымыз қауырт болғалы тұр.
Алға қойылған мақсаттарға Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде қол жеткізу көзделеді.
Сонымен қатар, субсидиялау процесін автоматтандыра отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін ауқымда реформалау жалғастырылатын болады. Аталған реформа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді еңбек өнімділігін арттыруға, жабдықтарды жаңғыртуға, өз өндірісінің тиімділігін арттыру мен ұзақ мерзімді перспективаға жұмыс істеуге ынталандыратын болады.
Одан басқа өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ шетелдік елдер тәжірибесін есепке ала отырып мал шаруашылығындағы сақтандыруды енгізу жоспарлануда.
Астық саласындағы заңнамаға астық қолхатына сенімділікті және оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін астық қолхаттарының электрондық тізілімін енгізуді көздейтін өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын реконструкциялауға, жаңартуға және қалпына келтіруге, сондай-ақ суармалы жерлерді қалпына келтіруге бағытталған экономикалық жағынан негізделген тарифтерді бекіту арқылы суға арналған тарифтік саясатты жетілдіру қажеттілігі бар.
Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру түптеп келгенде отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осымен кеңейтілген алқа отырысын аяқтауға рұқсат етіңіздер. Барлық қатысушыларға жемісті жұмысы үшін алғыс білдіремін.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus