Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Ауыл шаруашылығы министрі А.С. Мамытбековтің ҚР Премьер-Министрі С.Н. Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық отырыстың «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру барысы туралы баяндамасы

Ауыл шаруашылығы министрі А.С. Мамытбековтің ҚР Премьер-Министрі С.Н. Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық отырыстың «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру барысы туралы баяндамасы

Қазақстанның кең жайылымдық алқабы (180 млн.га) мен мал шаруашылығындағы дәстүрлі әдет-ғұрпы сапасы жоғары экологиялық таза ет өндірудің ауқымды әлеуетіне ие. Алайда бұл әлеует өсімдік шаруашылығының көлеңкесінде қалып, ет өндіру бойынша саланың технологиялық тізбегін дамыту жөніндегі шаралар кешенінің жоқтығына байланысты тиісті деңгейде пайдаланылмады.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына жолдауында біздің алдымызға орта мерзімді перспективада қазақстандық ет экспортының көлемін 60 000 тоннаға дейін жеткізу міндетін қойды. Мұның экономика үшін қандай эффект беретінін есептеу қиын емес: егер ұзақ мерзімді перспективада сыртқы нарықтарға килограмы 1000 теңге орташа бағамен 180 мың тонна ет өткізсек, онда отандық өндірушілердің экспорттық табысы шамамен 1 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Сонымен қатар, мал шаруашалығын дамыту – бұл, жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар салықтық түсімдерді ұлғайту, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру үшін жақсы ынталандыру екенін айта кету керек.

«ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жөніндегі жобаның мәні экономикалық тиімді технологиялық тізбек қалыптастыру және аталған жобаның әрбір компонентін дамыту болып табылады:

1) тауарлы шаруашылық, оның міндеті төл алу және оны 6-12 айлық жасқа дейін өсіру, осы жасқа жеткен соң төл бордақылау алаңына тапсырылуы қажет. Бұл компоненттің қажетті бөлігі алынатын бордақылау контингентінің сапасы тікелей байланысты болатын асыл тұқымдық істі дамыту болып табылады;

2) келесі компонент – бұл өнеркәсіптік бордақылау алаңдары. Бордақылау алаңдары 3-6 ай ішінде қарқынды бордақылауды және союға арналған малдың тауарлық партиясын қалыптастыруды қамтамасыз етуі тиіс;

3) және осы тізбектің соңғы бөлігі – ет комбинаттары, олар ірі қара малды союды және ішкі нарық пен экспортқа тасымалдау үшін еттің тауарлық партиясын қалыптастыруды қамтамасыз ететін болады;

Бұдан басқа, алынған ет ет өнімдерін шығару үшін де пайдаланылатын болады.

Мұның бәрі ветеринарияны жақсарту және жемшөп өндірісін дамыту бойынша қажетті шаралармен сүйемелденуі тиіс.

Егер қысқаша айтсақ, алға қойылған мақсатқа жету үшін әрқайсысының сойылған салмағы 250 кг болатын 240 000 бас бұқа қажет. Оларды алу және бордақылауға қою үшін 600 000 бас аналық мал қажет, олардан 80% бұзау туылған кезде 480 000 бас төл алынатын болады, олардың 50%-ы (орташа) бұқалар, яғни  240 000 бас бордақылау контингенті болады.

Қажетті жалпы сыйымдылық – ұзақтығы 6 ай, малдың екі айналымы кезінде 120 000 басты бір уақытта бордақылау.

Өзара іс-қимыл схемасы: 

асыл тұқымды репродукторлар тауарлық табынды етті бағыттағы асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз етеді;

сиырлардың тауарлық табыны асыл тұқымды бұқалармен ұрықтандырылады, олардан алынған төлдер, атап айтқанда: 

қашарлар – одан әрі өсімін молайтуға,

бұқалар – жайылымдық маусымнан кейін қарқынды бордақылауға жіберіледі, онда олардың сойылған салмағы 250-300 кг дейін жетеді.

Жобаның негізгі блогы – бордақылау контингентін алу үшін тауарлық табынды қалыптастыру және оны сапалы жақсарту. Генетиканы жақсарту және шығыны төмен жайылымдық күтіп-бағуды ұлғайту есебінен осы саланың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға болады.

Тауарлық табынды сандық жағынан ұлғайту қазіргі уақытта өз малының өсімін молайту, жеке қосалқы шаруашылықтардан сиырлар сатып алу, Ресейден импорттау, шаруашылық-репродукторлардан аналық мал басын сатып алу есебінен жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жақсы қарқынмен жүруде.

2011 жылдан бастап мал санының жоғары қарқынмен өсу үрдісі және тиісінше  агроқұрылымдардағы мал басы үлесінің өсуі байқалды. Мәселен, 2013 жылы ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ІҚМ үлесі 31%-ды, тиісінше жеке қосылқы шаруашылықтардығы ІҚМ үлесі – 69%-ды құрады. Салыстыру үшін: 2010 жылдың басында ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ІҚМ үлесі 18%-ды, ал жеке қосылқы шаруашылықтардығы ІҚМ үлесі – 82%-ды құраған болатын.

Бұл кәсіби фермерлердің көбейіп жатқанын білдіреді. Мал шаруашылығы үшін бұл өзінің оң әсерін беретін жақсы өзгерістер.

Жалпы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде аналық табынды сатып алу бойынша 2011-2013 жылдарға арналған жоспар 124 мың бас болатын, осы жылдары іс жүзінде 166 мың бас ІҚМ сатып алынды, асыра орындау 34%-ды құрады. Тек 2013 жылдың өзінде фермерлер 50,7 мың бас ІҚМ сатып алды.

Аналық мал басын сатып алу бойынша 2014 жылға арналған жоспар 50,0 мың басты құрайды. Ағымдағы жылдан бастап мал басын сатып алуға фермерлерді қаржыландыру үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдарымен қатар екінші деңгейлі банктер мен кредиттік серіктестіктер тартылады. Жаңа «Агробизнес 2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен кредиттер бойынша сыйақы ставкасы субсидияланатын болады.

Тауарлық табынды сапалық жағынан жақсарту тұқымдық түрлендіру есебінен жүргізіледі. Бұл бағытта ең негізгісі – өзінің ұрпағына генетикалық әлеует беретін өнімділігі жоғары асыл тұқымды бұқаларды пайдалану.

Тұқымдық түрлендіру 2013 жылдың қорытындысы бойынша агроқұрылымдар мен фермерлік шаруашылықтардағы ІҚМ-нің 390 000 астам аналық басын қамтыды. Өткен жылдармен салыстырғанда аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту көрсеткіші жақсарды, ол бағдарламаны іске асырудың негізгі өлшемі болып табылады. Осы жерде айта кету керек, өңірлер бөлінісінде аналық мал басын тұқымдық түрлендіруге тартуға Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының фермерлері белсенді түрде қатысуда, оларда аналық мал басының тұқымдық түрлендірумен қамтылуы 31-ден 16 пайызға дейін құрайды. Келесі слайдтарда фермерлік шаруашылықтардың аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту көрсеткіші бойынша 10 үздік және 10 нашар аудан көрсетілген. Үздік 10 ауданда тұқымдық түрлендіруге 21%-ден 34%-ға дейін, нашар аудандарда 2%-ға дейін ғана мал тартылған.

Тұқымдық түрлендіруге мониторинг жүргізу үшін 2013 жылдан бастап порталдық режимде sybaga.kz және plem.kz бағдарламалары жұмыс істей бастады. Бұл бағдарламалар онлайн-режимінде абсолютті және салыстырмалы мәндегі тұқымдық түрлендірудің негізгі көрсеткіштерін көруге мүмкіндік береді.

Асыл тұқымды бұқаларды пайдалану есебінен бұқалардың орташа сойылған салмағы біртіндеп ұлғаюда. Қазір ол еліміз бойынша орташа есеппен 160 кг, ұйымдасқан шаруашылықтарда – 190 кг құрайды. Бұл жаман нәтиже емес, 2010 жылы орташа сойылған салмақ тиісінше 156 және 166 кг құраған болатын. Ұсынылған слайдтан көргендеріңіздей, асыл тұқымды емес сиырды асыл тұқымды бұқамен шағылыстырудан алынған бұқашық асыл тұқымды емес бұзаулардан барлық параметрлері бойынша пайдалы түрде ерекшеленеді. Қазірдің өзінде қазақтың ақбас сиыр тұқымының фенотиптік сыртқы пішіні көрініс беруде, бұл төлдің ұрпағы өнімділік қасиеттері одан да жақсырақ болады.

Алайда бұл мәселені тағы да пысықтай түсу қажет. Салыстыру үшін: мал шаруашылығы дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 250 кг кем емес.

Тауарлық табындардағы бұқалар екі жылда кемінде бір рет ауыстырылуы тиіс және бұқаларды ауыстыруды тұрақты жүргізу қажет болғандықтан ҚазАгро «Сыбаға» бағдарламасының қатысушыларын жеңілдетілген схемамен және кепілдік қамтамасыз етусіз қаржыландыруды бастады.

Фермерлік шаруашылықтарды тұқымдық түрлендіруге ынталандыру үшін ағымдағы жылдан бастап:

1) ірі қара малдың аналық басына аналған субсидиялар нормативтері бір басқа 18,0 мың теңгеге дейін ұлғайтылды (2012 жылы – 12,0 мың теңге, 2013 жылы – 14,0 мың теңге);

2) отандық селекцияның асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға арналған субсидия нормативі бір басқа 118,0 мың теңгеден 154,0 мың теңгеге дейін ұлғайтылды;

3) жаңа бағыт енгізілді – бұқашықтарды экспортқа бағдарланған бордақылау алаңдарына өткізуді 1 басқа 15 мың теңгеден субсидиялау.

Айта кету керек, мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен жеке қосалқы шаруашылықтардағы генетиканы жақсарту да көзделеді. Жоғарыда айтылғандай жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басының үлесі әлі де болса жоғары. Әсіресе көптеген жеке қосалқы шаруашылықтардың уақыт өте келе бизнес субъектілері болуына мүмкіндігі бар екенін ескерсек, бұл әлеуетті пайдаланбау қателік болар еді. Қазіргі таңда жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын сапалық жағынан жақсарту мақсатында 1 басқа 104 мың теңге есебімен қоғамдық табындарда асыл тұқымды бұқаларды ұстау субсидияланады.

дегенмен әзірге бұл бағыт толық көлемде игерілмей отыр. 2013 жылы 1500 бас бұқаны субсидиялауға бөлінген 155,8 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаражатының 106,2 млн. теңгесі (1020 бас) игерілді. Қоғамдық табынды тұқымдық түрлендіру бойынша белсенді жұмыс тек Ақтөбе, Алматы және Ақмола облыстарында жүргізіледі. Осыған байланысты, Сізден, Серік Нығметұлы, осы жұмыстарды жандандыруға жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын.

Бұл үшін барлық жағдай бар. Ағымдағы жылы «ҚазАгроӨнім» АҚ өте жеңіл шарттармен қоғамдық табындарға беру үшін асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды сатып алуға қарыз беру бағдарламасын іске асырады.

Айта кету қажет, Министрлік субсидиялау көлемін ұлғайту бойынша да, субсидия төлеу тетігін жетілдіру, ауыл шаруашылығын басқару саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша да шаралар қабылдауда.

Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасына қатысушы шаруашылықтар үшін субсидия алуға өтінім биылдан бастап автоматты түрде ақпараттық-талдамалық жүйенің өзінде қалыптастырылады. Шаруашылық өтінімді шығарып, қолын қойып, ауданның ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырса жеткілікті. Бөлім малдың барын, олардың жасын ақпараттық бірдейлендіру жүйесі және порталдық режимде жұмыс істейтін басқа да жүйелер арқылы өзі тексереді.

Перспективада біз өтінімнің өзін кәсіпкерлердің интернет арқылы беруін енгізуді жоспарлап отырмыз, бұл мемлекеттік органдармен байланысты қысқартады.

Бірінші компоненттің тиімділігін арттыру үшін асыл тұқымдық істі дамыту қажет.

Айта кету керек, жобаның басында ІҚМ асыл тұқымды мал басының саны төмен болды және ІҚМ жалпы санының 5,6%-ын құрады. Қазір бұл 9%-дан асады. Анықтама ретінде: бүгінгі таңда етті асыл тұқымды малдың үлесі 1,98%-дан (2009 ж.) барлық ІҚМ-ға шаққанда 4,87%-ға дейін немесе етті бағыттағы ІҚМ-ға шаққанда 14,6%-ға дейін өсті.

2013 жылы етті бағыттағы асыл тұқымды ІҚМ басының өсімі 55,3 мың басты немесе 2012 жылғы көрсеткішке қарағанда 25%-ды құрады. Бұл ретте, өткен жылы негізгі өсім асыл тұқымды малды импорттау (20, мың бас) есебінен емес, ішкі малдың өсімін молайту (34,5 мың бас) есебінен орын алғанын ескеру қажет.

Жобаны іске асыру басталғалы бері елге 40,4 мың бастан астам (2011-2013 жылдарға жоспар 36 мың бас) мал импортталды, бұл жоспарға қарағанда 112%-ды құрайды. Әкелінген мал қолда бар асыл тұқымды мал басын сапалы жақсартуға мүмкіндік берді. Қазақтың ақбас сиыры, әулиекөл, отандық селекцияның герефорды секілді отандық тұқымдарға «қан құю» жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, асыл тұқымды малдың импорты асыл тұқымды малдың ішкі нарығында бәсекелестікті ұлғайтты және тауарлық шаруашылықтар үшін асыл тұқымды бұқаларды барынша қолжетімді етті. Егер, мысалы, жобаны іске асырудың басында отандық асыл тұқымды бұқалардың құны тірі салмақтағы әрбір килогарммына 2 мың теңгеге жетсе, ал қазір ол баға 1000-1200 теңге шегінде тұрақтады.

Жаңа қазіргі заманғы шаруашылық-репродукторлар құрылуда. Бұл шаруашылықтар, жұмыс істеп тұрған асыл тұқымды шаруашылықтармен бірге  тауарлы мал басының сапасын жақсартуға арналған ядро болып табылады. 

Асыл тұқымды репродукторлардың міндеті – тауарлық табынды тұқымдық түрлендіру үшін тұқымдық бұқалардың өсімін молайту және фермерлік шаруашылықтарға өткізу.

Жоғарыда атап өтілгендей, отандық шаруашылық-репродукторлардың асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алуын ынталандыру үшін импорттық мал басына арналған нормативтерді 235,0 мың теңгеден 200,0 теңгеге дейін төмендету есебінен асыл тұқымды ІҚМ сатып алуға фермерлерді субсидиялау нормативтері бір ІҚМ басына 118,0 мың теңгеден 154,0 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Жобаның келесі құраушы бөлігі бордақылау алаңдары. Олардың функциялары тауарлы шаруашылықтардан сатып алынатын төлді өнеркәсіптік бордақылау болып табылады. Мал бордақылау алаңдары табынды көбейту есебінен мал бордақылауға арналған шығындарды оңтайландырып, еттің өзіндік құнын төмендете алады. Оның есебінен бәсекеге қабілетті сиыр етін өндіруге болады, бұл ретте еттің біртектілігін мен сапасын, сондай-ақ, тауарлық партияларды қалыптастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.

Агроқұрылымдардың жобаны іске асыруының өткен 3 жылында жоспар 67,9 мың бордақылау орны кезінде жалпы қуаттылығы 76,2 мың бордақылау орны болатын бордақылау алаңдары салынды және пайдалануға берілді, бұл жоспарға қарағанда 112%-ды құрайды.

2013 жылы бизнестің өз қаражаты есебінен 41,0 мың мал тұратын орны бар  бордақылау алаңы пайдалануға енгізілді. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ кредиттік қаражаты есебінен 4,2 мың мал тұратын орны бар бордақылау алаңдарын салу мақұлданды.

Жоғарыда атап өткендей, бордақылау контингентімен қамтамасыз ету бойынша фермерлерді қолдау үшін экспортқа бағдарланған бордақылау алаңдарына өткізілген бұқаларды субсидиялаудың жаңа бағыты енгізілді. Бұқаның әрбір басына арналған субсидия нормативі 15,0 мың теңгені құрайды. 

Және жобаның үшінші компоненті ет комбинаттары болып табылады.

Қазіргі таңда ет комбинаттарының көпшілігі толық қуаттылыққа жүктелмеген. Жобаны іске асыру осы саладағы қолда бар кәсіпорындарды жүктеуге және жаңа өндірістер, оның ішінде мал бордақылау алаңының өзінде өндірістер құруға мүмкіндік береді. Мысалы, Ақтөбе облысындағы «Актеп» ЖШС бір уақытта 10 мың бас ІҚМ бордақылайтын алаңда қуаттылығы жылына 20 мың тонна болатын ет комбинатын салуды бастады.

Бұл технологиялық тізбектегі мұндай ет комбинаттарының міндеті тұтынушылық сұранысқа сәйкес мал ұшаларын бөлу, орамдағы салқынатылған ет партияларын қалыптастыру, өнімді брендтеу, сондай-ақ, етті терең қайта өңдеу болып табылады.

Осылайша, мемлекеттік қолдаудың ынталандыру шараларының есебінен жобаның барлық технологиялық тізбегінің тиімді өзара іс-қимылы үшін негіз қаланды.

Жоба 2011 жылы жарияланғанын, ал іс жүзінде мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттарын көздеген, сондай-ақ, асылдандыру ісі жүйесін реформалаған Заңның қабылдануымен 2012 жылдан бастап барлық бағыттар бойынша іске аса бастағанын атап өту қажет. Тиісінше, алғашқы нәтижелерді 2014-2015 жылдардан күткен жөн.

Бүгінде алғашқы бастамалар бар – премиум сыныбындағы сапасы жоғары сиыр етінің экспорты басталды. 2013 жылы шамамен 4,5 мың тонна ет және ет өнімдері экспортқа өткізілді, оның ішінде 340 тонна премиум сыныпты сиыр еті бар.

Экспорт көлемі үлкен болмаса да экспорт құрылымы сапалы түрде өзгерді. Енді біз экспортқа дәмдік қасиеттері жоғары, премиум сыныпты мәрмәр тәрізді сиыр етін жөнелтеміз. Мұндай ет ет нарығында бөлек бағаға ие және мейрамханалар мен ірі сауда желілері тарапынан жоғары сұраныспен пайдаланылады.

2014 жылға жоспар кемінде 10 000 тонна ет экспорттау. Бұл көрсеткіштерді әкімдіктердің рейтингі айқындалатын кешенді жоспардың нысаналы индикаторларына енгізу ұсынылады.

Айта кетерлік жайт, Кеден одағына жіберілетін ет экспортының көлемін есепке алу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен (Статистика агенттігі, Кедендік бақылау комитеті) бірлесіп ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын есепке алу әдістемесін әзірлеу қажет. Бұл әдістемеде Кеден одағы аумағында мал шаруашылығы өнімдерінің орнын ауыстыру жөніндегі Аргус бағдарламасының Кеден одағы елдеріне ортақ деректерін пайдалануға болады.

Сондай-ақ әр түрлі ҚҚС ставкалары проблемасы бар (Ресейде – 18%, ал Қазақстанда – 12%). Осылайша, қазіргі уақытта ресейлік кәсіпкерлерде  қазақстандық өнім ретінде көрсетпеспен Қазақстаннан Ресейге ет әкетуге экономикалық ынталандыру бар.

Сонымен қатар, біздің тауар өндірушілерде өнімді экспорттаған кезде ҚҚС-ны уақтылы қайтару проблемасы тағы бар. Баяндалғанды ескере отырып, қаржы министрлігіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ҚҚС-ны қайтаруды жылдамдату мәселесін пысықтауды тапсыруыңызды сұраймын.

Бұдан басқа, «алғашқы ҚҚС» пробламасы бар, ол ҚҚС төлеуші болып табылмайтын шаруа қожалықтарынан немесе жеке қосалқы шаруашылықтан төл сатып алатын бордақылау алаңдарында пайда болады. Осыған ұқсас проблема халықтан бордақылау үшін мал сатып алу кезінде жеке табыс салығын төлеудің міндеттілігі болып табылады. Бұл проблемаларды шешудің жолдары Серік Нығметұлы, Сіздің төрағалығыңызбен өткен кеңесте талқыланды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер төмен ставка бойынша ҚҚС төлейтіндей етіп, қосымша құн салығын саралау туралы, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарды белгілі бір кіріс деңгейіне дейін жеке табыс салығын төлеуден босату туралы шешім қабылданды. Осы өзгерістер жоспарланғандай 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі үшін экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне тиісті заң жобасын тездетіп келісуді және Мәжіліске енгізуді қамтамасыз етуді тапсыруыңызды сұраймын.

«Агробизнес 2020» бағдарламасының қабылдануымен жемшөп өндірісін және жайылымдық мал шаруашылығын дамыту бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады, ол инвестициялық салымдардың 80%-ына дейінгі жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын салуға арналған инвестициялық субсидиялар. Жайылымдарды айналымға тарту үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 4000 құдық салуы, оның ішінде, 2014 жылы кемінде 200 құдық салуы болжанып отыр.

Инвестициялық субсидиялау қағидалары мүдделі мемлекеттік органдарда келісуден өтетіндіктен, фермерлер шахталық және құбырлы құдықтарды салу мен жайылымдық алқаптарды жөнге келтіру бойынша жұмыстарды бастауы үшін барлық деңгейде әкімдерге қазірдің өзінде түсіндіру жұмыстарын бастауды ұсынамыз.

Инвестициялық субсидиялармен салымдар және ет жобасының басқа да бағыттары ынталандырылатын болады. 2014 жылы инвестициялық субсидияларға барлығы 4 млрд. теңге қажет, оны біз бюджетті нақтылау кезінде қарастыруды сұраймыз. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қоюына байланысты оған заңнамалық негіз бар.

Сондай-ақ, Министрлік мүдделі органдармен ІҚМ лизингінің пайыздық ставкаларын субсидиялау мәселесін пысықтады және заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Бұл мәселе Республикалық бюджет комиссиясының жақын арадағы отырысына шығарылады.

Ұсынылып отырған тетік ІҚМ лизингі бойынша қолданыстағы ставканы субсидиялау есебінен 4%-ға дейін төмендетуді көздейді, бұл малды сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Ветеринария

Ветеринариялық қауіпсіздік мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мәселелерінде маңызды элемент болып табылады.

Жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша эпизоотияға қарсы іс-шаралар толық көлемде орындалды.

2013 жылы жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруларының 210 ошағы тіркеліп, жойылды және ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллезі бойынша 172 қолайсыз пункте сауықтыру іс-шаралары жүргізілді.

Эпизоотиялық ахуалды одан жақсарту мақсатында 2013 мынадай шаралар қабылданды:

– ХЭБ мақұлдаған ветеринариялық қызметті дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы әзірленді және қабылданды;

– ветеринария жүйесі институционалды нығайтылуда (республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де);

– ветеринариялық ұйымдарды (және ветеринариялық зертханаларды) материалды-техникалық жарақтандыру шаралары қабылданды;

– жануарларды бірдейлендіру рәсімін жетілдіру шаралары қабылданды (бірдейлендіруге арналған атрибуттар мен бұйымдарға қойылатын талаптар қатаңдатылды, жануарларды бірдейлендіруге қатысты мал иелерінің жауапкершілігі күшейтілді, құлақ сырғалары мен басқа да атрибуттарды орталықтандырылған сатып алу, жануарларды бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын порталдық режимге көшіру, процессингтік орталықты мемлекеттік мекеменің құрылымдық бөлімшесі ретінде айқындау, жануарға арналған ветеринариялық паспорт пен құлақ сырғаларын өтеусіз негізде беру, жануарларды бірдейлендіруге арналған құралдардың, бұйымдардың республикалық запасын жасау көзделді). Сырғаларды орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешетін процессингтік орталық құрылады;

– жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың функцияларын кеңейту жолымен ауылдық округ деңгейіндегі әкім аппаратының ветеринариялық бөлімшелері заңнамалық деңгейде таратылды. Бұл оларды басқаратын адамдардан гөрі шынайы жұмыс істейтін ветеринарлар көбейеді деген сөз;

– ХЭБ-пен келісімге қол қойылды, оған сәйкес ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Астана қаласында ХЭБ-тің аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесі ашылды;

– заңнамалық деңгейде халыққа ветерианариялық анықтама берудің өтеусіздігі көзделді, ветеринариялық препараттарға қойылатын талаптар және ветеринариялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары қатаңдатылды;

– ветеринария жүйесіне де ақпараттық технологиялар енгізілуде (Басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі бағдарламасының шеңберінде бақылаудағы тауарлардың импортына, экспортына және транзитіне рұқсат беру жүзеге асырылуда, «Жануарларды бірдейлендірудің» вебпорталдық нұсқасы енгізілді, Кеден одағына қатысушы елдердің Меркурии, Аргус ақпараттық жүйелерімен ықпалдасу рәсімдері жүргізілуде);

2013 жылдан бастап Халықаралық эпизоотиялық бюро мақұлдаған стратегияға сәйкес қолданылатын ветеринариялық препараттардың сапасына қойылатын талаптар қатаңдатылды.

Бұл ретте, аусылдың енуін және республиканың оңтүстік-шығыс өңірлерінің аумағында аурулардың туындауын болдырмау мақсатында Қазақстанда республика аумағын өңірлеге бөлу жүргізілді. Буферлік аймақ құрылды, ол бойынша Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында сезімтал жануарлардың әрбір басына аусылға қарсы көктемгі-күзгі вакцина салу жүргізіледі. Аусыл бойынша қолайсыз елдердің шектес аумақтарынан ҚР-ға және республиканың буферлік аумағынан басқа өңірлерге тірі мал мен малдан алынатын өнім әкелуге шектеу енгізілді. Тұрақты иммундық орта құру мақсатында өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап GMP стандартына сәйкес келетін, сапасы жоғары, үш валентті, тазартылған аусылға қарсы вакцина қолданылуда.

Құрылымдық емес ақуыздар мониторингінің нәтижелерін талдау Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағын қатер деңгейі бойынша аймақтарға бөлуге мүмкіндік береді. Ветеринариялық іс-шараларды сақтай отырып тазартылған вакциналарды 2 жыл пайдаланғаннан кейін «вакцинацияланған аусылдан таза ел» мәртебесін алуға ХЭБ-ке өтінім берілетін болады. Бұл жануардарды тасымалдауға, малдан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өткізуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, 2013 жылғы қазаннан бастап Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарынан Ресей Федерациясы енгізген (тиісінше 2010 және 2011 жылдары) шектеулер алынып тасталды.

Баяндамамды қорыта келе, ірі қара мал етін өндірудің экспорттық әлеуетін ұлғайту бағдарламасын іске асыру мәселесі Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында екенін айқым келеді.

Ел экономикасы үшін тиімді етті мал шаурашылығын дамытудың әлеуетін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар осы бағдарламаны іске асыруға ерекше назар аударуы тиіс.

Жалпы орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері субъектілерінің бірлескен күш-жігіремен Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойып отырған міндеттерді толық жүзеге асыруға болады деп ойлаймын.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus