Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Дегелең тауына арқарлар орала бастады

Дегелең тауына арқарлар орала бастады

Шығыс Қазақстандағы Дегелең тауына арқарлар орала бастады. Тастан-тасқа секірген түз тағысының бейнежазбаларын тілшілерімізге Ұлттық ядролық орталықтың мамандары көрсетті. Бұрынғы Семей сынақ алаңындағы жарылыстардың басым бөлігі осы маңда жасалғаны мәлім. Осыдан 60-70 жыл бұрын жан-жануарлар тұрмақ, бұлақ көздерінің өзі бітеліп қалған еді.

Бұл бейнежазбалар көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Арқарлардың үйір-үйір болып Дегелең тауында жайбарақат жайылып жүрген көріністерін Ұлттық ядролық орталықтың мамандары фототұзаққа жазып алыпты. «Мұндай ғажайып көрініске өзіміз де таңқалдық», – дейді ғалымдар.

Андрей Паницкий, ҚР ҰЯО экожүйені кешенді зерттеу бөлімінің басшысы:

– Дегелең тауының тек бір бөлігінде ғана 92 арқар бар екенін анықтадық. Бұл жерлер қоршалып күзетілетіндіктен, олар емін-еркін жайылып жүр. Кейбіреулер ойлағандай жан-жануарлар әлемінен қандай да бір ауытқулар мен ерекше көріністер байқамадық.

Арқарлар Қызыл кітапқа енген жануарлар болғандықтан, оларды аулауға қатаң тыйым салынған. Сондықтан тек табиғи жолмен өлгендерін ғана зерттеуге мәжбүрміз дейді ғалымдар. Қазір мұндағы мамандар полигон аумағындағы аң-құстардың бойындағы радионуклидтердің мөлшерін анықтаумен айналысуда.
Алақандай ыдысты хайуанаттар бағы деуге болады. Мәселен, шыны құтыда арқар жатса, басқа жағында қоян, суыр жатыр. Бұларды әбден зерттеу үшін апталап, кейде айлап уақыт кетеді екен.

Бұл күндері Курчатовта «Семей сынақ алаңы. Радиациялық мұра және даму болашағы» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Оған еліміз бен әлемнің 17 мемлекетінен 200-ден астам ғалымдар қатысты. Олар бұрынғы сынақ алаңының бүгінгі адамзат баласына бейбіт қызмет ететініне сенімді.

Шохей Кавано, ғалым (Жапония):

– Қазақстанның Ұлттық ядролық орталық мамандары жүргізіп жатқан жүйелі зерттеулерге біз жоғары баға береміз. Фукусимадағы апаттан кейін бізге олардың көмегі көп тиді. Болашақта бірлескен жобалар көп болатынына сенімдімін.
Өткенде атом көлінде балық пайда болғанын хабарлағанбыз. Енді міне, бұрынғы атом полигоны аумағына арқарлар оралуда. Бұл ұлы дала атырабының бір бөлігі талай жыл қасірет шеккен шығыста мамыражай тіршіліктің жандана түсетіндігінің көрінісі болса керек.

Дерек көзі : http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/139606-degele-tauyna-ar-arlar-orala-bastady


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus