Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Қытай кәсіпкерлері ШҚО-да ет өңдейтін трансұлттық корпорация құрмақ

Қытай кәсіпкерлері ШҚО-да ет өңдейтін трансұлттық корпорация құрмақ

Қазақстандық ет шетелде жоғары бағаланады, ал ішкі нарықта оның құны тым төмен.

Бүгін Астанада тұңғыш рет өткен халықаралық форумы аясында саланың осы сынды мәселелері ортақ талқыға салынды. Ірі отандық ет өндірушілер мен Қытай, Италия, Түркия, Канада, Жаңа Зеландия сынды елдердің мамандары шақырылған форум алаңында бірнеше млн долларлық келісімшарттар қаралып, қазақстандық етке деген жаңа көзқарас қалыптасқан сыңайлы.

Әлемдегі ең ірі ет импорттаушы мемлекет Қытай Қазақстанға 200 млн доллар инвестиция құйып, Шығыс Қазақстан облысында трансұлттық корпорация құрмақ. Бүгінгі күні жобаның бизнес жоспары жасалып жатыр. Оның аясында 17 мың тонна жылдық қуаты бар ет комбинаты, 50 мың бас ұсақ және 1000 бас ірі қара малды бордақылау алаңдары салынады. Кәсіпорын өнімнің 80%-ын Қытайға экспорттайды деп жоспарланған.

Цзе Ву, Rifa Holding Group компаниясының басқарма басшысы:
– Қазақстанның мал өсіріп, жоғары ет өндірісін дамыту үшін барлық мүмкіндігі бар. Мұндай көршімізбен осы салада неге әріптестік орнатпаймыз? Алдағы 3-5 жылдың ішінде біз ірі көлемдегі инвестиция мәселесін жолға қоямыз деп ойлаймын.

Ал итальяндық Inalca Eurasia компаниясымен 100 млн доллар инвестициялық келісімге қол қойылды. Оның аясында еліміздің 3 бірдей облысында бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарын салу жоспарланған.

Бұдан бөлек Жаңа Зеландия мен Түркиядан келген ет өңдеу саласының мамандары қазақстандық кәсіпорындармен әріптестік орнатуды көздеп келіпті. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сыртқы нарықта ет жоғары бағаланғанымен, ел ішінде көлеңкелі бизнес етек жайған деген ойын айтты.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
– Қазіргі таңда алыпсатарлар салық төлемейді. Ал заңды түрде ет сатып отырған кәсіпкерлер салықты көп төлеуге мәжбүр. Сондықтан бұл салада көлеңкелі бизнес етек жайған. Сол себепті, салық саясатын өзгерту керек.

Бүгінде елімізде 6,1 млн ірі қара мал басы бар екен. Бұл көрсеткіш 2001 жылмен салыстырғанда 38%-ға артыпты. Сәйкесінше ет өнімдерінің экспорты да ұлғайып келеді. Өткен жылы еліміз шетелге 16 мың тонна ет экспорттаған.

Авторлары: К.Аяпбергенқызы, Ғ.Алшымбаев

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/item/110882-ytaj-k-sipkerleri-sh-o-da-et-dejtin-trans-ltty-korporatsiya-rma

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus