Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Бірінші Вице-Минстр А.Қ. Евниевтің «АӨК-ті цифрландыру» тақырыбы бойынша баяндамасы

Бірінші Вице-Минстр А.Қ. Евниевтің «АӨК-ті цифрландыру» тақырыбы бойынша баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!

1-слайд. Ағымдағы автоматтандыру
Бүгінгі күні Министрлік мынадай процестерді автоматтандырды:
• ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік;
• астық қолхаттары;
• кредиттік өтінімдерді жинау және басқару жүйесі;
• ауыл шаруашылығы техникасының есебі;
• малды, оның ішінде асыл тұқымды малды есепке алу;
2-слайд. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың мақсаты цифрлық технологияларды енгізу және бизнесті ауыл шаруашылығына арналған ИТ-шешімдерді әзірлеуге тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру болып табылады.
Агроөнеркәсіптік кешенді ауқымды цифрландыру қажеттілігі Министрліктің Жобалық офисіне мынадай екі үлкен міндет жүктеп отыр:
• Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру;
• Өндіріс саласын технологиялық қайта жарақтау.
• Бірінші міндет. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді цифрландыру

3-слайд. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеуді цифрландыру
Цифрландыру агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің мынадай төрт бағытын дамытуға арналған құрал болып табылады:
1) агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі;
2) өткізу нарықтарының қолжетімділігі және экспортты дамыту;
3) мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі;
4) су және биологиялық ресурстарды тиімді басқару.
Көрсетілген бағыттар арқылы 101 мемлекеттік көрсетілетін қызмет және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тиісті процестер автоматтандырумен қамтылатын болады.
Әрбір бағыт туралы қысқаша баяндайын.
1) Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі
Қаржыландырудың қолжетімділігі кредит пен лизингті алу, субсидиялау, аграрлық қолхаттар мен онлайн-сақтандыруды енгізу процестерін автоматтандыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
4-слайд. Кредит алуды автоматтандыру.
• 2017 жылы кредит пен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды түрде қабылдау іске асырылды, өтінімдерді уақтылы қарауды бақылау қамтамасыз етілді. (25 күн). Ағымдағы жылы бұл сервис кепілдендіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу құралдары үшін іске асырылатын болады.
№ 5 слайд. Субсидиялауды автоматтандыру
• Бүгінгі күні субсидиялаудың 19 бағытының біреуі бойынша ғана (асыл тұқымды мал шаруашылығы) өтінім ақпараттық жүйе арқылы беріледі, ал қарау және шешім қабылдау процесі автоматтандырылмаған.
Ағымдағы жылы 10 бағыт бойынша, 2019 жылы қалған бағыттар бойынша толық автоматтандыру іске асатын болады. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін 2,5 есеге (18 күннен 7 күнге дейін) қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.
6-слайд. Аграрлық қолхаттарды автоматтандыру
• Цифрландыру салаға инвестициялар тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнамалық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап электрондық аграрлық (тауарлық және қаржылық) қолхаттар енгізілетін болады.
7-слайд. Онлайн-сақтандыру
• Саланы қаржыландыруды ұлғайту 2019 жылдан бастап ғарыштық мониторингті пайдалана отырып, онлайн-сақтандыруды енгізу жолымен тәуекелдерді қысқартуға мүмкіндік береді, ол да заңнаманы өзгерткеннен кейін іске қосылатын болады.
8-слайд. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру
Министрлік жалпы 101 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде қазіргі уақытта 62 мемлекеттік көрсетілетін қызмет ішінара автоматтандырылған.
Алдағы екі жылда (2018-2019) 89 мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылатын болады.
2) Өткізу нарықтарының қолжетімділігі және экспортты дамыту
Өткізу нарықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және экспортты дамыту үшін ілеспе және рұқсатнама құжаттары, өнімдердің қадағалануы автоматтандырылады, электрондық сауда-саттықты енгізуге, оның ішінде электрондық қолхаттарды дамытуға жағдайлар жасалатын болады.
• Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша қазіргі уақытта 13 ілеспе және рұқсатнама құжаттың 9-ын қарау автоматтандырылды, алайда құжаттардың өзі қағаз түрінде беріледі.
Анықтама ретінде: 9 – ветеринариялық және фитосанитариялық жете тексеру актілері және сертификаттар, карантиндік сертификаттар, ветеринариялық анықтамалар, кәсіпорындардың есептік нөмірлері, вет-санитариялық қорытындылар, тірі мал мен өнімдерді әкелу-әкетуге арналған рұқсат; 4 – карантиндік және ветеринариялық зертханаларды сараптау актілері, экспортқа арналған ветеринариялық сертификат, тіркеу куәлігі.
Ағымдағы жылы олардың барлығы автоматтандырылатын болады.
9-слайд. Ветеринариялық сертификат беруді автоматтандыру
Мысалы, процестерді автоматтандыру және қадағалау жүйесінен деректерді алу есебінен экспортқа арналған ветеринариялық сертификатты беру мерзімі 14 күннен бір сағатқа дейін қысқаратын болады.
Слайдта «қазіргі жағдайы» және «қалай болатыны» ұсынылған.
10-слайд. Электрондық астық қолхаттарын дамыту
• Электрондық астық қолхаттары жүйесінде 2017 жылы шашамен 627 млрд. теңге сомасына 19 млн. тонна астыққа сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Жүйеде: астық балансының онлайн-мониторингі, астыққа арналған бағаның статистикасы, астықты сақтандыру, астық қабылдау пункттерінің рейтингісі енгізілді. Бұл астық қолхатын қолдан жасауды болдырмауға және фермерлердің шығыстарын жылына 700 млн. теңгеге азайтуға мүмкіндік берді.
2018 жылы жүйені дамыту шеңберінде қауіпсіздікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг енгізілетін болады.
11-12-слайдтар. Өнімдерді қадағалау
• 2019 жылы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық өнімін қамтитын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қадағалаудың «танаптан үстелге дейін» жүйесі іске қосылатын болады.
Слайдтардан сіздер мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйесін көріп тұрсыздар.
Сонымен ветеринариялық және фитосанитариялық зертханаларды, мал базарларын, сою пункттерін, қайта өңдеуші кәсіпорындарды, тұқым шаруашылығы субъектілерін, сауда, логистика желілерін есепке алу қадағаланатын болады.
Қадағалау халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін болады, сондай-ақ жаңа және перспективалы экспорттық нарыққа шығуды қамтамасыз етеді.
13-слайд. Агроөнеркәсіптік кешендегі электрондық сауда
2020 жылдан бастап электрондық сауданы толық форматта енгізу жоспарлануда. Ол үшін үлкен дайындық жұмысы қажет. Мәселен, ағымдағы жылы Агроөнеркәсіптік кешеннің логистикасы картасы әзірленетін болады. Онда жұмыс істеп тұрған және салу қажет терминалдар, сақтау орындары, қоймалар, сауда-тарату орталықтары айқындалатын болады.
Электрондық сауда тікелей сауда-саттық көлемін кем дегенде 20%-ға ұлғайтуға және жосықсыз делдалдар буынын болдырмауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кооперативтер өз өнімдерін көтерме партиямен жедел шоғырландыра алады, жеткізілімдерді жүйелендіруді және оны ішкі және сыртқы нарыққа тиімді түрде жылжытуды қамтамасыз етеді.
3) Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі
14-слайд. Мемлекеттік бақылау
Автоматтандыру мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын, клиентке бағытталуын және тиімділігін арттырады.
Мысалы, өнімдерді қадағалау жүйесі:
– фитосанитариялық және ветеринариялық тәуекелдердің тиімді мониторингін, зертханалық зерттеулерді есепке алудың ашықтығын;
– карантиндік объектілер мен зиянкестердің электрондық картасы негізінде зақымданған алаңдар мен объектілердің есепке алынуын автоматтандыруды;
– фермерлердің шығындарын азайту, сыбайлас жемқорлықты төмендету және малдың базарға дейінгі қозғалысына мониторинг жасау үшін қағаз нысанындағы анықтамаға баламалы негізде электрондық ветеринариялық анықтаманы алуды қамтамасыз етеді.
4) Су ресурстарын тиімді пайдалану және биологиялық ресурстарды басқару.
Ғарыш мониторингімен қатар геопортал құру су, орман ресурстарының, жануарлар дүниесінің, балық және аңшылық шаруашылығының пайдаланылуына шынайы бағалау жүргізуге мүмкіндік береді.
Конкурстық рәсімдердің 100%-ын, жер учаскелеріне құқық беретін аукциондар мен конкурстардың 60%-ына дейін электрондық форматқа көшіру мемлекеттік орман қоры учаскелерін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, аңшылық шаруашылықтары мен балық шаруашылығы су айдындарын берудің, су пайдалану құқығының айқындылығы мен ашықтығын арттырады.
Қадағалау шеңберінде балық және басқа да жануарлар түрлерінің айналымы мониторингпен қамтамасыз етілетін болады.
15-слайд. Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы
Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құру шеңберінде өзіндік қазақстандық геодезиялық жүйе және мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған геопортал құру жоспарлануда.
Екінші міндет. Агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық қайта жарақтандыру (16-слайд)
Технологиялық қайта жарақтандыру міндеттері шеңберінде ИТ-технологияларды, оның ішінде нақты егіншілік технологиялары мен SMART-фермаларды пайдалануға бизнесті тарту үшін жағдай жасалатын болады.
17-слайд. Нақты егіншілік және SMART-фермалар элементтерін енгізу
• Нақты егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге танаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг пен басқа да шешімдер жатады.
Жалпы, өнімділікті арттыруға ахрохимияны, тұқым шаруашылығын, аграрлық ғылымды жақсарту, технологиялық операциялардың уақтылы іске асырылуы мен сапасы, датчиктерді пайдалану және табиғи факторларды есепке алу есебінен қол жеткізуге болады, бұл шығынды кемінде 25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде жекелеген кәсіпорындар нақты егіншілік элементтерін енгізуде.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен Агро» АҚ электрондық карталарды енгізіп, егіс және егін жинау жұмыстарын онлайн-мониторингтеу мен бақылауды жүзеге асыруда. Бұл өнімсіз шығындар мен жұмыс мерзімдерін қысқартып, өнімділікті арттырады. Мәселен, отын датчиктері жанар-жағармайдың ысырабы мен ұрлануын азайту есебінен бір маусымда бір техникадан шамамен 1 млн. теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұл туралы компания өкілі егжей-тегжейлі айтып беретін болады.
Анықтама ретінде:
«Атамекен Агро» АҚ 2003 жылы құрылған (бұрынғы атауы – «ҚазАгротрейд+» ЖШС). Учаскелер алаңы – 431 мың га, оның ішінде егістік алаңы – 327,6 мың га, жайылымдар – 103,5 мың га. Астық сақтау көлемі – 552 мың тонна. 1100 техникасы, 5 000 ірі қара малы бар.
• SMART-фермалардың енгізілуі жануарлар басына мониторинг жүргізуге, табындарды басқаруға, жылыжайларды автономды басқаруға, онлайн-режимде шығыстарды есепке алуға және талдауға мүмкіндік береді.
Фермаларға метеодеректер беру қызметін көрсету үшін халықаралық тәжірибе пайдаланылатын болады. Ағымдағы жылы пилоттық жоба Ақмола және Қарағанды облыстарында іске асырылады.
18-слайд. Фермерлерді агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға тарту
Фермерлерді агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға тарту мақсатында фермерлер 3 топқа бөлінетін болады:
Бірінші топ – «цифрландыру пионерлері». Бұлар – қажетті инфрақұрылымы бар, өз өндірісін цифрландыруға қазір-ақ кірісіп кетуге дайын фермерлер.
Екінші топ – техникалық тұрғыдан жоғары деңгейде жарақтандырылған, жоғары технологиялы жабдық енгізуші фермерлер. Цифрландыруға батыл қадам жасау үшін оларды қолдау және ынталандыру қажет.
Үшінші топ – бұлар – әзірге техникалық жарақталу деңгейі төмен, технологиялық тәртіпті сақтауға әзірге дайын емес фермерлер. Бұл топпен кешенді түрде жұмыс істеу керек.
Қалай жұмыс істейтінін және қаншалықты пайдалы екендігін көруі үшін әрбір топқа озық шаруашылықтар мысалында референстік (этолондық) модельдер құрылатын болады. Әрбір модель үшін чек-парақ әзірленеді, оны әрбір фермер орындаған сайын саланың ауқымды цифлануына бірте-бірте тартыла береді.
Тиісінше, әрбір топ үшін цифрлық технологиялар енгізуді мемлекеттік қолдау мен ынталандыру шараларының өз топтамасы әзірленетін болады.
19-слайд. Мобильдік қосымшалар
Сондай-ақ ашық кодтар технологиялары және дерекқорларға қол жеткізу негізінде агротехнологияларды дамытуға ИТ-бизнесті кеңінен тарту үшін жағдай жасалатын болады.
Бизнес ашық деректер негізінде бәсекелес ортада түрлі мобильдік қосымшаларды қоса алғанда, өз IT-платформалары мен әзірлемелерін енгізе алады.
20-слайд. Жылдам жеңістер
Осылайша, ағымдағы жылы мыналар іске асырылатын болады:
1) субсидиялау процестерін толықтай автоматтандыру;
2) электрондық ветеринариялық анықтама;
3) мемлекеттік орман қоры учаскелерін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, аңшылық шаруашылықтары мен балық шаруашылығы су айдындарын, су пайдалану құқығын бекітіп беру кезіндегі конкурстық рәсімдердің 100%-ын, сондай-ақ жер учаскелеріне құқық беру жөніндегі аукциондар мен конкурстардың 60%-ға дейінгі бөлігін электрондық форматқа көшіру;
4) «электрондық астық қолхаттарымен» операциялар жасауды «блокчейн» технологиясына көшіру;
5) ауыл шаруашылығы алқаптарына, жайылымдарға, орман ресурстарына, су ресурстарына, жануарлар дүниесі мен аңшылық шаруашылығына, балық шаруашылығына мониторинг жүргізуге арналған геопортал құру;
6) карантиндік объектілер мен шегіртке тұқымдастардың электрондық картасын құра отырып, залалданған алаңдар мен объектілердің есепке алынуын автоматтандыру;
7) өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру үшін ауа-райын болжау дәлдігін арттыру мақсатында метеорологиялық станциялар жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру;
8) зертханалық зерттеулерді автоматтандыру;
9) сүтті және етті бағыттағы фермаларда өсімдік шаруашылығы бойынша нақты егіншілік элементтерін пилоттық енгізу.
21-слайд. Тиімділік көрсеткіштері
Цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырады, тамақ қауіпсіздігін және салаға инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін экономикалық тиімділік шамамен 40 млрд. теңгені құрайтын болады.
Назарларыңызға рахмет!

Слайдтар

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Powered by WordPress | Designed by Tielabs
© Copyright 2012, All Rights Reserved