Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Биологиялық әртүрлілікті сақтау және ұтымды пайдалану мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Е.Н. Нысанбаевтың баяндамасы

Биологиялық әртүрлілікті сақтау және ұтымды пайдалану мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Е.Н. Нысанбаевтың баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті жиналысқа қатысушылар!

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес табиғи экожүйелерді кешенді басқару орман, балық шаруашылықтары және жануарлар дүниесінде жүзеге асырылуда.
2-слайд Қазақстан, орманы аз мемлекеттер қатарына жатады. Ормандармен оның аумағының небәрі 4,7 пайызы ғана көмкерілген.
Жасыл желектерді көбейту бүгінгі таңда министрліктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты облыстардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, бекітілген жоспарларға сәйкес облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құру жұмыстары басталып та кетті.
3-слайд Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемі 453 мың гектарды құрады. Ағымдағы жылы жоспарланған көлем 68 мың гектарды құрап отыр.
Жыл сайын (осымен бесінші жыл) «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өткізіледі. Биыл 900 мыңнан астам адам қатысып, 4,5 млн. данадан көп ағаштар мен бұталар отырғызылды.
4-слайд Елбасының тапсырмасына сәйкес Астана қаласының айналасында жасыл аймақ құрылып жатқанын жеке атап өткім келеді. Оның көлемі 78,0 мың гектарды құраса, 2023 жылға қарай оны 100,0 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
5-слайд Көшеттік материалмен қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысында жылына 3,0 млн. дана көшет өсіретін орман тұқымы кешені салынып, пайдалануға берілген. Онда тамыр жүйесі жабық көшеттік материал өсірудің жаңа (швед) технологиясы қолданылады.
6-слайд Ертіс өңірінің жалды ормандарында (пилоттық режимде) орман өрттерімен күресудің ақпараттық жүйесі (неміс технологиялары) енгізілді. Ол орман өрттерін ерте байқап, оларды жою жөнінде шұғыл шаралар қолдануға мүмкіндік береді.
7-слайд Биоәртүрлілікті сақтаудың барынша тиімді құралы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып табылады.
1991 жылдан қазірге дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алаңы 1,0 млн. гектардан 24,0 млн. гектарға дейін көбейді (ел алаңының 8,9%).
Анықтама үшін: Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі:
– 10 мемлекеттік табиғи қорықты;
– 12 мемлекеттік ұлттық табиғи паркті;
– 5 мемлекеттік табиғи резерватты;
– 5 мемлекеттік ботаникалық бақты;
– 5 мемлекеттік табиғи аймақты;
– 50 мемлекеттік табиғи қаумалды;
– 26 мемлекеттік табиғат ескерткішті;
– 3 мемлекеттік өңірлік табиғи паркті қамтиды.
8-слайд Қазақстан флора мен фаунаға аса бай.
(анықтама үшін: онда омыртқалы жануарлардың 800-ден астам түрі, оның ішінде сүтқоректілердің – 178, құстардың – 489 түрі бар. Қазақстанның Қызыл кітабына омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түршелері және омыртқасыз жануарлардың 96 түрі енгізілген.).

Оларды қорғауға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мемлекеттік инспекторлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, мемлекеттік орман мекемелерінің күзет қызметінің инспекторлары, пайдаланушылардың қорықшылық қызметтері және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның («Охотзоопром ӨБ» РМҚК) инспекторлары жұмылдырылған.
9-слайд Киіктерін қырылу жағдайына ұшыраған 2015 жылдан кейін қолданылып жатқан шаралардың нәтижесінде олардың саны 108 мыңнан өткен жылы 152 мыңға дейін көбейді.
10-слайд Басқа тұяқты жануарлардың, оның ішінде олардың сирек кездесетін түрлерінің саны да жыл сайын көбейіп келеді. Бұл да слайдта көрсетілген.
11-слайд Жабайы жануарлардың табиғи ортада өсіп-көбеюіне жағдайлар жасаумен қатар оларды жасанды жолмен көбейту жұмыстары да жүргізілуде.
Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жек дуадақ өсіру орталығы соңғы 3 жылда табиғатқа 2 мыңнан астам жек дуадақ шығарды.
Сонымен бірге Жабайы жануарларды қайта жерсіндіру орталығы құрылды, бұл жануарлар дүниесінің таралу аймағын кеңейтіп, олардың өсімін молайту үшін барынша жайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Мәселен, 1982 жылы Қызылорда облысынан «Алтын Емел» ұлттық паркінің аумағына қоныс аударылған 25 құлан үйірі 3,5 мың басқа дейін көбейген.
Олардың таралымының көбеюіне байланысты құландарды басқа өңірлерге қоныстандыру шаралары қолданылуда:
– 2012 жылы 40 құлан Жамбыл облысына;
– 2017 жылы 9 құлан Қостанай облысына әкелінді.
2000 және 2006 жылдары Алматы облысынан 28 тоғай кермаралы Оңтүстік Қазақстан облысына қоныстандырылды, қазір олардың саны 140 бастан асып кетті.
Орталық сондай-ақ еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын отандық аң-құс өсіруді дамыту үшін қажет, бұл жануарлардың табиғи таралымдарына жүктемені азайтады.
Бұл жұмыс халықаралық деңгейде де жүргізілуде. Өткен жылы қыркүйек айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Халықаралық жабайы табиғат қорының арасында Қазақстанда жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына қол қойылды.
Балық шаруашылығын дамыту саласында негізгі міндет бекіре тұқымдас балықтардың сақталуына ерекеше көңіл бөле отырып, браконьерлікке қарсы күрес жолымен су айдындарының биологиялық әртүрлілігін сақтау болып табылады.
12-слайд Жыл сайын Ауыл шаруашылығы министрлігі Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Жайық-Каспий бассейнінде «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізеді.
Биыл осы акцияны өткізу кезінде табиғат қорғау заңнамасы 1136 рет бұзылғаны анықталды, олардың 57-сі қылмыстық жазаланатын әрекеттер.
Анықтама үшін: 13 млн. теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды, 20 тоннаға жуық тонна балық алынды, оның шамамен 4 тоннасы бекіре тұқымдас балық түрлері және 11 кг бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы. 3748 дана аулау құралы, 135 дана жүзу және көлік құралы заңсыз айналымнан алынды.
Браконьерлікке қарсы күрестің осы нәтижелерімен қатар бұл акцияның ең маңызды қорытындысы уылдырық шашатын жерлерде жыныстық жағынын жетілген бекіре балықтарының өндірушілерінің бар болуы болып табылады.
13-слайд Бұрыннан өнеркәсіптік мақсатта аулауға негізделген балық шаруашылығы табиғи балық ресурстарының азайып кетуіне әкеп соғады. Осыған байланысты тауарлы балық өсіруді дамытуға жағдайлар жасалды, бұл табиғи су айдындарына түсетін кәсіпшілік жүктемені азайтады.
Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде акваөсіру (балық өсіру) көлемі 2017 жылғы 1,6 мың тоннадан 2021 жылы 5 мың тоннаға дейін артады деп болжам жасалып отыр.
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы,
Сөзімнің соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі табиғи экожүйелерді орнықты дамыту қағидаттарына сәйкес оларды кешенді басқаруда алдағы уақытта да шаралар қолданатынын атап өткім келеді.

Назарларыңызға рахмет!
Биологиялық әртүрлілікті сақтау және ұтымды пайдалану

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Powered by WordPress | Designed by Tielabs
© Copyright 2012, All Rights Reserved