Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы

Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы


Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің биологиялық әртүрлілікті сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға орынбасары Қ. Үстеміровтың қатысуымен брифинг өтті.
Елімізде биологиялық әртүрлілікті сақтау және оны ұтымды пайдалану жөнінде жедел әрі жүйелі шаралар қолданылуда.
Орман қорын сақтау мақсатында 2004 ж. жұмыр ағаш экспортына тыйым салынды, 2015 ж. сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне 2018 ж. дейін мораторий жарияланды, сонымен бірге сауда орындарында сексеуіл сатуға және ағашы өртенген жерлерді қалпына келтіруді қоса алғанда, қылқан жапырақты ормандарда санитариялық мақсатта ағаш кесуге тыйым салынды.
«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша үстіміздегі жылы ормандарды молықтыру көлемінің ұлғаюы байқалса, әкімдіктер қарауындағы орман шаруашылықтары бойынша облыстардың көпшілігінде бұл көрсеткіш төмендеп барады», – деді спикер.
Осы мәселені шешу үшін министрлік облыстардың әкімдіктерімен бірге облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құрып, ағаш отырғызудың жыл сайынғы көлемін кемінде 80,0 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
«2003 жылы 22 млн. га немесе мемлекеттік орман қорының жалпы алқабының 79 % бекітілген 123 орман шаруашылығы мекемесі облыстар әкімдіктеріне берілді. Алматы, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, осы жылдар ішінде әкімдіктер орман шаруашылығының жай-күйін жақсарту жөнінде шаралар қолданбады», – деп атап өтті Қ.Үстеміров.
Бұдан бөлек, Қ.Үстеміровтың пікірі бойынша, орман пайдаланушылар ағаш отырғызу және өртке қарсы іс-шаралар бойынша шарттық міндеттемелерді орындамайды, сондай-ақ салық төлемдері бойынша берешектің орын алып отырғаны байқалады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес 2018 жылы Алматы облысы Іле өзенінің дельтасында «Іле-Балқаш» табиғи резерваты мен Шығыс Қазақстан облысында «Тарбағатай» ұлттық паркі құрылады.

«Браконьерлікпен күресті күшейту мақсатында үстіміздегі жылы аңшылық қарудың саны 1 аңшыға шаққанда 4-еуге дейін заңнамалық тұрғыда шектелді. Көктемгі аңшылыққа тыйым салынды және табиғаттан алынатын жабайы құстың саны бір қолға шаққанда тәулігіне 5 дараққа шектелді. Оң нәтижелер қазірдің өзінде байқалады, сондықтан осы тыйым салу шарасының мерзімін 5 жылға дейін ұзарту керек», – деді төраға орынбасары.
Мемлекеттік ұйымдардың өздерінің инспекторлар құрамының арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін тыю үшін биыл маусым айында Министрдің тікелей бағынысындағы «Сапсан» жедел тобы құрылды.
Оның қызметі нәтижесінде үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 16 фактісі анықталып, олардың материалдары құқық қорғау органдарына берілді.
Бекіре балықтарының түрлерін сақтау мақсатында 2010 ж. бастап бекіре балықтарын кәсіпшілік мақсатта аулауға тыйым салынды; 2017 ж. бекіре балықтарын ғылыми мақсатта аулауға да тыйым салу шарасы енгізілді, сөйтіп бекіре балықтарын ғылыми мақсатта аулауға алған рұқсатты желеу етіп, бекіре балықтарын аулау мүмкіндігі жойылды; бекіре балықтарының түрлері қосымша ауланған жағдайда оларды суға жіберуге міндеттейтін норма заңнамалық тұрғыда енгізілді, сөйтіп оларды тасып әкету және кейіннен олардың заңсыз айналымға түсу мүмкіндігі жойылды; браконьерлердің негізгі балық аулау құралы болып табылатын «қытайлық ауларды» сатуға биыл заңды түрде тыйым салу енгізілді.
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде инвестициялық салымдар 50 % дейін және балықтар азығына жұмсалған шығындар 30 % мөлшерде болған жағдайда кәсіпкерлер шығындарының бір бөлігін өтеу көзделіп отыр.
Биологиялық әртүрлілік саласында проблемаларды тұжырымды түрде шешу үшін, Министрлік тарапынан өзара байланысты салаларды – орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту, елді мекендерді көгалдандыру, жасыл аймақтар мен орман екпелерін құру, жалпы алғанда биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселелері көрініс табатын бағдарламалық құжат дайындалуда.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика