Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Қ. Евниевтің баяндамасы

«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Қ. Евниевтің баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!

0-слайд. Титулдық парақ.
1-слайд. 2017 жылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары оң нәтиже көрсетіп отыр.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,9%-ға ұлғайып, 4,1 трлн. теңгені құрады.
Тамақ өнімдері өндірісінің де 4,1%-ға өскені байқалып отыр.
2-слайд. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар өсімі 29%-ды құрап, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар көлемі 32%-ға жуықтады.
3-слайд. Жалпы Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2017 жылы 7 нысаналы индикаторға қол жеткізу жоспарланған, оның ішінде 6 нысаналы индикаторға қол жеткізілді. Бұларды сіздер слайдтан көре аласыздар.
4-слайд. Азық-түлік тауарларымен көтерме сауданың нақты көлем индексі (2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда) бойынша 1 нысаналы индикаторға қол жеткізілмеді.
Атап айтқанда, Статистика комитетінің деректері бойынша азық-түлік тауарларымен көтерме сауданың нақты көлем индексі 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 79,8%-ды (жоспар – 106%) құрады.
Көрсеткішке қол жеткізілмеудің негізгі себебі 2015 және 2016 жылдары көтерме бағалар индексінің өсуі болып табылады (азық-түлік тауарлары бойынша бағалар индексі 2015 жылы – 107,1 %, 2016 жылы – 113,8 %, 2017 жылы – 106,1%).
Бұл жерде нақты көлем индексі бойынша нақты деректер алдын ала деректер болып табылады және ай сайынғы есептілік негізінде құралған, бұл ретте жылдық есептілік негізіндегі көрсеткіш мәні 2018 жылдың шілде айында жарияланатынын атап өту керек.
Министрлік аталған мәселені өз бақылауында ұстап отыр және Статистика комитетінің деректері өзектендірілгеннен кейін ақпарат ұсынады.
5-слайд. Сондай-ақ, есепті кезеңде 64 нәтиже көрсеткішіне қол жеткізу жоспарланған болатын, оның ішінде 47 көрсеткішке (73%) қол жеткізілді, 17 көрсеткішке (27%) қол жеткізілмеді.
Қол жеткізілмеген 17 көрсеткіштің ішінде 5 көрсеткіш – ауыл шаруашылығы кооперативтері дайындаған өнім көлемі және олардың мүшелерінің саны бойынша.
1) ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің (шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтары) саны (жоспар – 135 мың бірлік, нақтысы – 59 мың бірлік).
2) кооперативтер дайындаған ет көлемі (жоспар – 13,2 мың тонна, нақтысы – 7,4 мың тонна).
3) кооперативтер дайындаған сүт көлемі (жоспар – 258,0 мың тонна, нақтысы – 107,3 мың тонна).
4) кооперативтер дайындаған жеміс көлемі (жоспар – 7,5 мың тонна, нақтысы – 6,0 мың тонна).
5) кооперативтер дайындаған көкөніс көлемі (жоспар – 15 мың тонна, нақтысы – 12,5 мың тонна).
Көрсеткіштерге қол жеткізілмеу кооперативтердің көп бөлігі қажетті жабдықтармен тек екінші жартыжылдықта ғана жабдықталғанына, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің маусымдық сипатына байланысты орын алып отыр.
Бұған қоса, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру көрсеткішін біз 82%-ға артығымен орындағанымызды (жоспар – 467, нақтысы – 851) атап өту керек.
6-слайд. Алайда, кооперативтер қызметіне жүргізілген мониторинг құрылған 851 ауыл шаруашылығы кооперативінің ішінде 491 кооператив жабдықтармен жарақталып, ағымдағы жылы өнім дайындауға кірісуге дайын екенін, ал 360 кооператив өз жабдықтарымен жарақталмағанын көрсетті.
Бұл біздің құрылған кооперативтер санын көбейтемін деп жүріп, сапасына нұқсан келтірілгенін айғақтайтын қорытындыларымызды растап отыр.
7-слайд. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдарға жаңа кооперативтерді тіркеу бойынша индикаторлар белгілеу практикасын жалғастыруды орынсыз деп есептейміз.
Бұл ретте, облыстар әкімдіктері құрылған кооперативтердің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ, жұмысына кіріспеген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің одан әрі жұмыс істеу қабілеттілігін анықтауды аяқтап, олардың қажетті жабдықтармен жарақтандырылуын қамтамасыз ету керек.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта көптеген ауыл шаруашылығы кооперативтері өндірілген өнімді өткізу, өндірілген өнімнің технологиясы мен қауіпсіздігі саласында арнаулы білімнің болмауы, сондай-ақ, негізгі және айналым қаражатының жоқтығы проблемаларына тап келіп отырғанын назарға ала отырып, зәкірлік ауыл шаруашылығы кооперациясын құру моделін қолдануды ұсынамыз.
Бұл көлденең және тік кооперация элементтерін пайдалана отырып, ірі және ұсақ АӨК субъектілерін экономикалық тұрғыдан біріктіруге мүмкіндік береді. Республикада қазірдің өзінде мұндай бірігу схемалары бар.
8-слайд. Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жалғасын тапты. 2016 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар алқабы 444 мың гектарға, қант қызылшасы алқабы 6,3 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 274 мың гектарға немесе 2,6 есеге ұлғайды. Арпаның, сұлының, жүгерінің, қарақұмықтың, күріш пен мақтаның егіс алқаптары да 2016 жылдың деңгейінен көп.
Бидай алқабын оңтайландыру жөніндегі меморандум көрсеткішіне қол жеткізілді. 2016 жылмен салыстырғанда бидай алқабы 467 мың гектарға (немесе 3,7%-ға) қысқарды.
9-слайд. Жүргізілген әртараптандыру және өткен жылдың қолайлы табиғи жағдайы өсімдік шаруашылығында көптеген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етті. Аталған көрсеткіштер слайдта берілген.
Сонымен қатар, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі меморандумның индикативті көрсеткіштерін жекелеген облыстардың орындамағаны үшін сұлы, азықтық дақылдар мен картоп өндіру көлемі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмеді.
Анықтама ретінде:
сұлы бойынша – Шығыс Қазақстан (2,0 мың га), Батыс Қазақстан (1,1 мың га), Қарағанды (2,6 мың га), Қостанай (2,5 мың га), Солтүстік Қазақстан (18,1 мың га) облыстары және Астана мен Алматы қалалары (0,3 мың га).
азықтық дақылдар бойынша – Ақмола (64 мың га), Шығыс Қазақстан (14,6 мың га), Қарағанды (26,2 мың га), Қостанай (120,7 мың га), Павлодар (75,2 мың га), Солтүстік Қазақстан (133,4 мың га) және Оңтүстік Қазақстан (32,8 мың га) облыстары;
картоп бойынша – Ақмола (1,3 мың га), Алматы (0,2 мың га), Шығыс Қазақстан (1,0 мың га), Батыс Қазақстан (0,1 мың га), Қарағанды (0,6 мың га), Қостанай (1,1 мың га), Оңтүстік Қазақстан (1,2 мың га) облыстары және Астана қ. мен Алматы қалалары (0,5 мың га).
10-слайд. Мал шаруашылығында өнім шығару 3,9%-ға (1,8 трлн. теңге) ұлғайды, оның ішінде ет 5,9%-ға, сүт 3%-ға, жұмыртқа 7,3%-ға артты.
Жануарлардың негізгі түрлері бойынша мал басы орташа есеппен 5%-ға артқаны байқалып отыр. Бұл ретте, асыл тұқымды ірі қара мал басының үлесі 11%-ға дейін өсті (2010 жылы 7,7%).
Сондай-ақ, құс еті, шоқа еті және құрамажем өндірісі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмеді.
Шошқа еті бойынша көрсеткішке қол жеткізілмеу себебі шошқа етін тұтынуда сатып алушы қызығушылығының төмендеуіне, өнімді асыл тұқымды бастың болмауына байланысты ауыл шаруашылығы құралымдарында шошқа басының 7,5%-ға (шошқа ұстау үлесі жалпы бастың 41%-ын құрайды) азаюы болып табылады.
Ақмола, Оңтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарының жоспарлық көрсеткіштерге қол жеткізбеуі салдарынан құс еті бойынша көрсеткішке қол жеткізілмеді.
Құрама азық өндіру көрсеткіші бойынша облыстар әкімдіктері мен Статистика комитетінің мәліметтері арасында айырмашылықтар бар. Айталық, аталған көрсеткіш бойынша жоспар 1,4 млн. тоннаны құрайды. Бұл ретте, Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы 981 мың тонна құрама азық өндірілді, ал облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша 1,8 млн. тонна құрама азық өндірілді. Қазіргі уақытта, Министрлік облыстар әкімдіктеріне аталған кемшілікті жою бойынша хат жолдады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 12 наурызда Премьер – Министр орынбасарының төрағалығымен Министрліктің және Статистика комитеті өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы статистикасын жүргізу мәселелері бойынша кеңес өткізілді.
Менің басшылығыммен арнайы жұмыс тобы құрылды, оның жұмысының шеңберінде ауыл шаруашылығы статистикасын жүргізудің кейбір мәселелері пысықталып, оның ішінде аталған мәселе шешілетін болады.
11-слайд. Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында жарма өндірісінің көлемі 23%-ға, консервіленген көкөністер – 16%-ға, өсімдік майы – 15%-ға, еттен жасалған және ет-өсімдік консервілері – 11,2%-ға, қайта өңделген картоп және сары май – 8%-ға, макарон өнімдері – 7%-ға, жеміс және көкөніс шырындары – шамамен – 6%-ға, ірімшік және сүзбе өндірісі 4%-ға ұлғайды.
2017 жылы жалпы өндіріс көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі ет бойынша 32%-ды, сүт бойынша 30%-ды құрады, 2016 жылмен салыстырғанда бұл үлес тиісінше 31,3% және 27%-ды құрады.
Алайда, қант өндіру 17%-ға, шұжық өнімдерін өндіру 3,1 %-ға төмендегені байқалады.
12-слайд. 2017 жылғы ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты және оның қайта өңделген өнімдері 12,5%-ға (2 123,9 млн. АҚШ долл. – 2 388,5 млн. АҚШ долл. дейін), оның ішінде қайта өңделген өнімдер – 10,7 %-ға (973 859,1 млн. АҚШ долл. – 1 077 896,1 млн. АҚШ долл дейін.) ұлғайды.
Сонымен бірге, жекелеген өнім түрлері бойынша экспорт көрсеткіштеріне қол жеткізілмеу байқалады, бұл өсімдік майы және сиыр еті.
2017 жылғы өсімдік майы экспортының көлемі жоспар 117,6 млн. АҚШ доллары болғанда 92 млн. АҚШ долларын құрады.
Көрсеткішке қол жеткізілмеу себебі өсімдік майына деген экспорттық бағаның 11%-ға төмендеуі.
2017 жылы заттай мәнде 112,8 мың тонна өсімдік майы экспортталған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық (54,6 мың. тонна). 2017 жылдың қорытындысы бойынша экспортқа 92,0 млн. АҚШ доллары сомасына өсімдік майы жөнелтілді, бұл 2017 жылға жоспарлаған көрсеткіштен 21,8%-ға төмен.
Сиыр еті экспортының көлемі жоспар 55,2 млн. АҚШ доллары болғанда 24,2 млн. АҚШ долларын құрады.
Көрсеткішке қол жеткізілмеуіне мыналар әсер етті:
1) Атырау облысында нодулярлы дерматиттің тіркелуіне байланысты Ресей тарапынан арнайы талаптардың енгізілуі;
2) Ірі қара мал етінің қолайсыз бағалық конъюнктурасы. Мәселен, Ресей нарығында 1 кг сиыр етінің бағасы 210-220 рубльді құрайды, бұл теңгеге шаққанда жеткізуге арналған көліктік шығындарды қоспағанда,1200-1300 теңгені құрайды, ал Қазақстан Республикасындағы ішкі өткізу бағасы 1500 теңгені құрайды.
Жалпы, Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде АӨК өнімдерін экспорттауды ұлғайту үшін Министрлік тиісті шараларды қабылдауда.
Айталық, 2017 жылы Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесін толығымен алды. Бұл малдан алынатын өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы ауыл шаруашылығы экспортының географиясы ұлғаюда. Қазір балық шаруашылығы, қой шаруашылығы, бал шаруашылығы өнімдері және жылқы, сондай-ақ бидай, кебек және сою бұршақтары үшін қытай нарығы ашық.
Нәтижесінде Қытай Халық Республикасына АӨК өнімінің экспорты 34,3%-ға ұлғайды. Алғашқы рет 7,7 мың тонна соя бұршағы экспортталды және соя майының экспорты 7,3 есеге артты. Орташа есеппен алғанда мұздатылған балық, өсімдік майы және майлы дақылдар экспорты 2,7 есеге ұлғайды.
Біріккен Араб әмірліктеріне ірі қара малды және ұсақ малды жеткізу бойынша кедергілер алынып тасталды. Иранға рапс тұқымының экспорты 7,5 есеге, арпа экспорты 1,3 есеге, бұршақ тұқымдас көкөністер экспорты 1,9 есеге ұлғайды.
13-слайд. Су ресурстары саласында 2017 жылы Тасқын суларды сақтау, жинақтау мен тарату және жайылымдардағы мал суаруға арналған құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі жоспар әзірленді.
Аталған жоспарда құрылысын салу орынды 296 шағын су қоймасы және жинақтау көлемі 2,7 млрд. м3 болатын су тоғандары анықталды, бұл 140 мың гектар суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және 93,2 мың гектар жайылымды суландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
14-слайд. Ислам банкімен және Еуропа қайта құру және даму банкімен 128,1 мың гектар суармалы жерді айналымға тарту және 101,0 мың гектар алқапта коллекторлық-дренажды жүйені қалпына келтіру үшін 102,2 млрд. теңге сомасында қарыз алу туралы келісімге қол қойылды.
15-слайд. 15,2 мың га суармалы жердің (Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары) ирригациялық инфрақұрылымы қалпына келтірілді.
2017 жылдың қорытындысы бойынша 7 апаттық су қоймасы пайдалануға қабылданды, 3 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау аяқталды және 1-ші аса апатты объектіні күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында республиканың жер қорына талдау жүргізілуде. 15,2 мың шаруашылық субъектісі бойынша деректерде айырмашылықтар анықталды, 4,9 мың субъект кадастрлық тіркеуге енгізілмеген. Жаңа жерлерді айналымға тарту есебінен ауыл шаруашылығы жерлері 1,5 млн. гектарға, сонымен қатар, босалқы жерлер есебінен ерекше қорғалатын аймақтардың жері 409,7 мың гектарға ұлғайды.
Сонымен қатар, пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тарту үшін 3,7 млн. гектар алқаптағы 8,9 мың ауыл шаруашылығына арналған жер учаскесіне қатысты он еселік жер салығы қолданылды.
АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында жерлерге топырақтық және геоботаникалық зерттеп-қарау мен 11,3 млн. гектар алаңда топыраққа бонитерлеу жүргізілді, есептік орамдардың 75 электрондық картасы жасалды, ауыл шаруашылығы жерлерінің 10 мың паспорты дайындалды.
Бұл Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2017 жылға арналған қысқаша қорытындысы болатын.

Назар аударғанызға рахмет!

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика