Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі А.И. Мырзахметовтің 2017 жылғы 2 маусымдағы халық алдында есеп беруі

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі А.И. Мырзахметовтің 2017 жылғы 2 маусымдағы халық алдында есеп беруі

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Мемлекеттік қолдау
2-слайд. Өткен жылдың басында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 179,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда тек 3%-ға ғана жоғары болатын.
Күзде бюджетті нақтылау кезінде тағы қосымша:
• мал шаруашылығын субсидиялауға 30,2 млрд. теңге;
• инвестициялық субсидиялауға 12,8 млрд. теңге;
• «ҚазАгро» жобаларын қаржыландыруға 51,7 млрд. теңге, жалпы алғанда, бюджеттен 97,9 млрд. теңге немесе қабылданған бюджеттің жарымын бөлуге мүмкіндік туды.
Нәтижесінде 2016 жылы:
• субсидия көлемі 220 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 26%-ға артық;
• жеңілдетілген кредит көлемі 233 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылдың деңгейінен 14%-ға жоғары болды.
Өткен жылы 11 мыңға жуық микрокредит берілді, бұл 2015 жылғы деңгейден 34%-ға жоғары. Ал кредит сомасы 34 млрд. теңгені құрап, 2015 жылғы сомадан 8,4 млрд. теңгеге артық болды (2015 жылы – 25,6 млрд. теңге).
«ҚазАгроға» ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдетілген кредит беру үшін қосымша бөлінген қаражат арқасында біз оларды жаппай дамытуға негіз қалай алдық.
Нәтижесінде ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын қолдауға 50 млрд. теңге бөлінді.

Макрокөрсеткіштер
3-слайд. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2016 жылы 3,6 трлн. теңгені құрады немесе өсім 5,5%-ға жетті.
Бұл ретте өндіріс көлемінің өсімін соңғы 10 жылда алғаш рет барлық облыстар қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 164 млрд. теңгеден 253 млрд. теңгеге дейін 1,5 есе өсті.
Өнім экспорттау көлемі 2,1 млрд. АҚШ долларына жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда 5%-ға ұлғайды.
Бұл ретте астық экспорты 28%-ға өсіп, 8,8 млн. тоннаны құрады.
Өсімдік шаруашылығы
Өсімдік шаруашылығында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау мен өткен жылғы қолайлы ауа райы жағдайлары жалпы астық жиналымының 2015 жылмен салыстырғанда 2,0 млн тоннаға немесе 10%-ға, майлы дақылдардың 23%-ға, көкөніс-бақша дақылдарының 6%-ға, қант қызылшасының 2 есеге, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің 19%-ға артуына ықпал етті.
Фитосанитария
Ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянды организмдері мен карантиндік объектілерге қарсы химиялық өңдеу 1,8 млн. гектарға жүргізілді.
Өткен жылғы жағдайды ескере отырып, ағымдағы жылы пестицидтерді мемлекеттік сатып алу уақтылы және химиялық өңдеу болжанған 4,8 млн гектардың барлығына жүргізілді.
Мал шаруашылығы
4-слайд. Мал шаруашылығында ет өндіру 3,2%-ға, сүт өндіру 3,1%-ға артты.
Жануар мен құс басының саны орта есеппен 2,8%-ға өсті.
Ветеринария
2016 жылы Атырау облысында нодулярлық дерматиттің 4 ошағы тіркелді. Заңнамаға өзгерістер енгізіліп, осы аурудан опат болған жануарлар құнының өтемі ретінде республикалық бюджеттен 185 млн. теңге төленді.
Бүгінгі күні барлық жою іс-шаралары аяқталды. Атырау облысында, сондай-ақ қатерлі аймақтар ретінде Ақтөбе (2) және Батыс Қазақстан (4) облыстарының 6 шекаралық ауданында малды профилактикалық вакциналау аяқталып келеді.
• 2016 жылы Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында сібір жарасының 5 ошағы тіркелді.
Қажетті шаралар қабылданып, әкімдіктермен малды вакциналауды жақсарту жөніндегі бірлескен жоспарларға қол қойылды және осы мерзімге ауру ошақтарының санын 36%-ға қысқартуға мүмкіндік беретін басқа да ұйымдастыру шаралары жүргізілді.
• Бұрын белгіленбеген сібір жарасы көмінділерінің орнын анықтау үшін Жұмыс топтары құрылды. Олар 472 рет сапарға шығып, тағы 334 сібір жарасы көміндісінің нақты координаталарын белгілеп шықты.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Кадастрға енгізілген 2 612 көмінді жөніндегі қолда бар ақпарат қосымша деректермен толықтырылды.
Сапасыз вакцина жеткізілімдерін болдырмау үшін мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға вакциналардың сапасын тапсырыс беруші айқындайтын зертханаларға жеткізуші есебінен міндетті түрде тексерту нормасы енгізілді.
Ветеринариялық станциялар мен пункттер қосымша 1 164 тоңазытқыш қондырғысымен жарақталды.
5-слайд. Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында қант өндіру көлемі 61%-ға, қоюландырылған сүт және кілегей 36%-ға, жарма 29%-ға, өсімдік майы 12%-ға, шұжық өнімдері мен ұн 8%-ға, қышқыл сүт өнімдері 3,3%-ға артты.
6-слайд. Су шаруашылығы саласында
2016 жылы айналымға сұранысқа ие 610 мың гектар суармалы жер тарту құны есептелді, бүкіл қажетті құжаттама дайындалып, ұйымдастыру іс-шаралары жүргізілді.
Осының арқасында 205 мың гектар жерді қалпына келтіру және айналымға тарту үшін Ислам Даму Банкімен және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен 103 млрд. теңге сомасына келісімдерге қол қойылды.
• Пайдаланылатын жерүсті суының көлемін ұлғайту үшін апатты күйдегі 26 су қоймасын реконструкциялау көзделген.
2016 жылы апатты объектілерді реконструкциялау жұмысы басталып кетті, бюджетті күзгі нақтылау кезінде оны бастауға 710 млн. теңге, 2017 жылға 7,6 млрд. теңге бөлінді.
• Сегіз облыста (Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан) жаңа 22 су қоймасын салу жөніндегі мемлекеттік инвестициялық жобалар Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізілді, сондай-ақ қар суы мен тасқын суды жинақтау бойынша ұсыныс дайындалуда.
7-слайд. Жер ресурстары
2016 жылы Жер ресурстарын басқару комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілді. Оның қызметі, ең алдымен, жер реформасымен және Жер кодексінің нормаларын жетілдіру бойынша Заң жобасын әзірлеумен байланысты. Жер комиссиясы ұсынған шаралар ескерілді.
Атап айтқанда, Заң жобасында жерді жалға беру институтын сақтау мен жетілдіру, көрсетілген жерлерді беру ашықтығын қамтамасыз ету және олардың ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту нормалары көзделеді.
Бүгінгі күні Заң жобасы Парламентте қарауда.
• Сондай-ақ 2016 жылы жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша қажетті есептемелер жүргізілді. Нәтижесінде, Мемлекеттік бағдарлама аясында 2017-2021 жылдарға осы мақсатқа, оның ішінде топырақтық, геоботаникалық зерттеп қарау жүргізуге, топырақ бонитетін анықтауға, электрондық жер-кадастрлық карталарын жасауға 32,8 млрд. теңге көзделді.

8-слайд. Орман және аңшылық шаруашылықтары
• Ормандардың санитариялық жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында санитариялық ағаш кесуге жол беріледі. Алайда, талдау көрсеткендей, олардың көлемі басты пайдаланудағы кесу көлемінен асып кеткен. Айталық, соңғы үш жылда қылқан шаруашылығы бойынша санитариялық ағаш кесу көлемі жылына 130 мың текше метрді құраған, ал қылқан шаруашылығында басты пайдаланудағы ағаш кесу көлемі 22,0 мың текше метрден аспаған.
Осы жағдайды ескере отырып, өткен жылдың желтоқсан айында қылқан екпелерінде санитариялық ағаш кесуге тыйым салу туралы шешім қабылданып, 2017 жылғы 1 ақпаннан бастап тыйым салуды көздеген тиісті бұйрық шығарылды.
• 2016 жылы синтетикалық моножіптен жасалған балық аулау құралдарын сатуға тыйым салу мәселесі пысықталды. Аталған норма кеше ғана Парламент қабылдаған өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделді.
• Жабайы фаунаны қорғау және дұрыс пайдалану бойынша көктемгі аңшылыққа тыйым салынды және атап өтілген Заң жобасында фермерлік аңшылық шаруашылықтарының жаңа құқықтық базасы қалыптасады.
• Бекіре балық түрлерін ғылыми мақсатта аулаудың ғылыми зерттеулерге арналған нақты қажеттіліктермен салыстыруға келмейтін көлеміне, сондай-ақ олардың мақсатсыз пайдаланылуы тәуекелінің жоғары болуына байланысты (мұнда да ағаш кесуге ұқсас жағдай қалыптасып отыр) 2016 жылы бекіре балық түрлерін ғылыми мақсатта аулауға тыйым салынды.
Жалпы алғанда, бұл бекіре тұқымдас балықтар популяциясының ағымдағы жай-күйі туралы ақпаратқа көп нұқсан келтіре қоймайды, өйткені, ғылыми зерттеулер оларды табиғи ортасынан алмай-ақ жалғаса беретін болады.
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Өткен жылдың негізгі өндірістік қорытындылары, міне, осындай.
Бұдан басқа, өздеріңізге белгілі, 2016 жылы біз мемлекеттік бағдарламаның жаңа тәсілдемелерін қалыптастыруға және жүйелі шараларды жетілдіруге күш салдық, олар жаңа Мемлекеттік бағдарламаға негіз болып қаланып, оның басымдығына айналды.
Мемлекеттік бағдарламаны біз қысқа мерзімде әзірлеп, қабылдай алдық.
Мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы мен жобасы жан-жақты талқылаудан өтті.
Жалпы оларды талқылауға 10 000-нан астам адам қатысып, 500-ден астам ұсыныс келіп түсті.
Енді жаңа Мемлекеттік бағдарламаның еркшеліктеріне тоқталғым келеді!
9-слайд. Субсидияның барлық 65 түрі қайта қаралды, нәтижесінде 11 тиімсіз субсидия алып тасталды, 40 субсидия түрі бойынша өлшемшарттар өзгертілді, ал қалған 14 субсидия түрі өзгеріссіз қалды. Нәтижесінде, жыл сайын 25 млрд. теңге үнемделетін болады. Ал өзгертілген өлшемшарттар осы бюджет шеңберінде-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін шамамен 29%-ға арттырады.
10-слайд.
• Өсімдік шаруашылығында минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетіктерін қайта қарау оларды енгізу көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға (2016 жылы – 261 мың тонна, 2017 жылы – 407 мың тонна) мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, тыңайтқыштарды субсидиялауға
13 млрд. теңге бөлінді, бұл 2016 жылға қарағанда (11,1 млрд. теңге) 2 млрд. теңгеге артық.
Тыңайтқыштарды енгізу соңғы жылдары алғаш рет қажеттіліктің 14%-ына жетті. Бұрын тыңайтқыштар енгізу орташа есеппен 10%-дан аспайтын.
Бұл ретте, субсидияланатын тыңайтқыштар ассортименті 2016 жылы 85 тыңайтқыш болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 161 тыңайтқышқа дейін өсті.
11-слайд.
• Өкінішке орай, 2011 жылдан бастап астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады.
Осыны есепке ала отырып, мынадай шаралар қабылданды:
1) Тұқым шаруашылығын субсидиялауға 7,7 млрд. теңге көздеуге мүмкіндік туды, бұл 2016 жылға қарағанда (2,4 млрд. теңге) 3,2 есеге артық. Бұл ретте, әкімдіктер бастапқыда 3,7 млрд. теңге бөлген болатын, бұл қажет етілетін қаражаттан 56%-ға кем болды. Әкімдіктермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде қосымша 4,0 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаражат сол бюджет шеңберінде, басымдықтарды қайта қарау есебінен жүргізілді.
2) Тұқым шаруашылығын дамыту үшін инвестициялық субсидиялау бағдарламасына қазіргі заманғы тұқым өсіру техникасы енгізілді.
3) Тауар өндірушілерді сапалы тұқым пайдалануға міндеттейтін заңнамалық норма енгізу және осы талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделуде.
Қабылданған шаралар ағымдағы жылы сапалы тұқым егуді 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бірегей және элиталық тұқым өндірісі қалпына келтірілді.
• Егіс алаңдарын ұтымды әртараптандыру жұмысы жүргізілуде. Сұранысқа ие дақылдар алаңы 930 мың гектарға ұлғаюда.
12-слайд. Мал шаруашылығында өзгертілген өлшемшарттар осы қаражат шеңберінде субсидия алушыларды екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Егер, бұрын сиыр еті бойынша субсидияны 175 шаруашылық алып келген болса, қазіргі таңда ол 522 шаруашылықты немесе оларды 100%-ға қамтыды; сүт бойынша 269-дан 532 шаруашылыққа дейін 2 есеге; қой еті бойынша 180-нен 234 шаруашылыққа дейін 1,3 есеге; жүн бойынша 50-ден 180 шаруашылыққа дейін 3,6 есеге дейін артты.
13-слайд. Ұсақ шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту бойынша мынадай жұмыстар жүргізілді:
1) барлық 160 ауылдық ауданда семинарлар өткізілді және 2 248 ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің орынбасары оқытылды;
2) ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін кепілсіз және алғашқы жарнасыз модульді сүт қабылдау және сою пункттерін сатып алу схемасы енгізілді, сондай-ақ кооператив мүшелері үшін кредиттерге кепілдік беру тетігі көзделді.
Индикативті көрсеткіштер қайта қаралды. Егер, бұрын 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге дейін жеткізу жоспарлануда. 30 мамырдағы жағдай бойынша 286 бірлік, оның ішінде сүт дайындау бойынша 102 бірлік, ет өндіру мен дайындау бойынша 181 бірлік кооператив тіркелген. 20 136 бас ірі қара малға арналған отбасылық бордақылау алаңдары және 51 жылыжай салынды. Тауарлы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне 40 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен шағын фермерлік шаруашылық тартылды.
Жалпы кооперативтерді құру бойынша қарқын жаман емес екенін байқауға болады. Сонымен бірге, тіркелген кооперативтердің барлығы дерлік ұсынылатын талаптарға сәйкес келе бермейді, ал жекелеген өңірлер бойынша жұмысты тұтастай күшейту қажет. Мұндай кооперативтерді талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі шаралар әкімдіктер назарына жеткізілді және олар бойынша нақты жоспар жасалды.
• Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін жоспарланған көлемге дейін жеткізу үшін мынадай жұмыс жүргізілді.
1) «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы май өңдеуші кәсіпорындарды жүктемемен қамтамасыз ету мақсатында 135 мың тонна майлы дақылдарды форвардтық сатып алуда.
2) Аграрлық индустрияландырудың жүйелі шаралары әзірленді, оның негізінде қайта өңдеу карталары дайындалды. Олар қолданыстағы өңдеуші кәсіпорындарды толық талдауды, жоспарланған жаңа қуаттылықтарды орналастыруды және қажетті инвестициялар көлемін қамтиды. Қазіргі уақытта бұл карталар әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға келісуге жіберілді және қорытындылары бойынша Үкіметтің қарауына ұсынылатын болады.
14-слайд.
Қаржылық шаралардың тиімділігін арттыру үшін мынадай жұмыс жүргізілуде.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына «ҚазАгро» арқылы кредит беру кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті мөлшерлеме алғаш рет жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерді құрап отыр, ал өткен жылдары түпкілікті мөлшерлеме 9-10%-ды құраған болатын.
Бұл ретте кредит беру бір айға ерте басталды.
Сонымен бірге, жалпы «ҚазАгроның» кредиттік өнімдері бойынша талап етілетін құжаттар топтамасы 24%-ға қысқартылды.
Мысалы, Аграрлық несие корпорациясында заңды тұлғалардан талап етілетін құжаттар саны 27 болса, қазір олар 19-ға қысқартылды, ал жеке тұлғалардан талап етілетін құжаттар 16 болса, қазір 12 құжатқа дейін қысқартылып отыр.
(Анықтама ретінде:
ҚазАгроҚаржы бойынша заңды тұлғалар үшін 24 құжат болса, қазір 19 болды, жеке тұлғалар үшін 13 құжат болса, қазір 12 құжат болды.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бойынша заңды тұлғалар үшін 16 құжат болса, қазір 12 болды, жеке тұлғалар үшін 16 құжат болса, қазір 13 құжат болды).
• Экспорт саясаты бойынша бірінші кезекте Қытай, Ресей және Парсы шығанағы елдері секілді әлеуетті экспорт нарықтары бойынша мақсатты тәсілдемелер жолға қойылып, жол карталары бекітілді. Азық-түлік корпорациясының қызметі түрлендіріліп, ол ауыл шаруашылығы өнімінің барлық түрлері бойынша Сараптама орталығы ретінде жұмыс істей бастады.
• 25 мамырда Қазақстан қалған 5 облыс (Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары) үшін аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Бұл экспортты дамыту үшін жақсы мүмкіндік болып табылады.
Мәселен, Қытай нарығы бүгінде балық шаруашылығы, бал ара шаруашылығы және жылқы өнімдері, сондай-ақ кебек үшін ашық. Маусымда қой экспорты бойынша құқықтық базаға қол қою күтілуде. Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ қара малды жеткізу бойынша кедергілер алып тасталды. Парсы шығанағының басқа да елдері, сондай-ақ Иран бойынша келіссөздер аяқталуда және олар өнімімізді экспорттауға келісім беруге дайын отыр.
• Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту мақсатында қажетті Жол картасына қол қойылды.
Сәуір айынан бастап:
– техника, жабдық пен жиынтық бөліктерін өндірушілердің тізбесі жасалды;
– «ҚазАгроҚаржы» және «Гомсельмаш», «Ростсельмаш» АҚ арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды;
– Министрліктің ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мәселелерімен тікелей айналысатын техникалық саясат жөніндегі жеке құрылымдық бөлімшесі құрылды;
Қазіргі уақытта отандық жиынтық бөліктерін шығаратын зауыттар мен кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорындармен кооперациялау нұсқалары айқындалуда.
15-слайд.
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қабылданған шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2017 жылдың 4 айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға ұлғайды.
Жаңа Мемлекеттік қолдау тәсілдемелерінің ерекшеліктері мен Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бастапқы нәтижелері, міне, осындай.
Назарларыңызға рахмет!

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus