Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Жаркент крахмал-сірне кәсіпорны жылына әлемдік сапаға сай 30 мың тонна өнім шығарады

Жаркент крахмал-сірне кәсіпорны жылына әлемдік сапаға сай 30 мың тонна өнім шығарады

Елбасының ауыл шаруашылы­ғы саласын дамытып, шикізат өндірумен шектелмей қайта өң­деу жұмысын тереңдету туралы берген тапсырмасына сәйкес, Алматы облысында ашылған Жаркент крахмал-сірне зауыты бүгінде бір ғана жүгеріден әлемдік стандартқа сай 18 түрлі өнім шығаруда. Нақтылай түссек, азық-түлік өнеркәсібінде шырын түрінде, ал мал шаруашылығында азық ретінде пайдаланылады. Зауыттың техникалық жаб­дық­тары Германия, Түркия, Фран­ция мемлекеттерінен әкеліп орнатылғандықтан, әлемдік стан­дартқа сай келеді. 2007 жылы Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың өз қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алған кезде ұжым мүшелері алдарына әр­дайым жоғары жетістіктермен көрініп, әлемдік сапаға сай өнім өндіріп, агроөндіріс кешені кәсіп­орындарының туы іспетті болуға міндеттеме қойған-тын. Бүгінде сол уәде үдесінен шы­ғып отыр. Жаңа зауыттың іске кірісуі өңірдегі әлеуметтік мәсе­лелер­дің де оң шешімін табуына ықпал етіп, бүгінгі таңда 270 адам­ды жұмыспен қамтамасыз етуде. Кәсіпорынның барлық жұмысшылары әлеуметтік кепіл­дікпен қамтамасыз етілген. Крах­мал-сірне зауытының жазиралы Жаркент жерінен ашылуы бекер емес. Кеңестік дәуірдің ұжым­дастыру кезеңінен бері қатар орналасқан Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандары жұмысшылары жүгері өсіруді негізгі кәсібіне айналдырып, ерте көктемде құнарлы топыраққа егіп, ала жаздай дала аруын күтіп, баптап өсіріп алтын күзде тау-тау өнім жинап, нәпақаларын сол өнім берекелілігінен табуға әбден машықтанған. Дала аруы деп те әспеттелетін жүгерінің 60 мың тоннасын аталған зауыт алғашқы кезеңде екі жаққа да тиімді бағамен сатып алып өңдеуде.

Негізі жүгеріден алынатын крахмал осы өсімдік бойындағы қосалқы көмірсуы глюкоза қалдықтарынан түзілетін амилоза мен амилопектиннен тұрады. Ұн тәрізді ақ ұнтақ картоп, бидай, жүгері крахмалы кулинариясы және кондитер фабрикаларында пайдаланылады. Ал сірне – крахмалдан толымсыз қышқыл гидролизі жолымен алынатын қою шәрбат тәрізді тәтті өнім. Сірне өндірісіне крахмал гидролизі, қышқылды бейтараптандыру, гидролизатты тазалау, сірнені қайнатып қоюландыру, салқындатып, буып-түю кіреді. Крахмал-сірнелік өнеркәсіп глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза өндірудегі шикізат – крахмал. Кристалдық глюкоза таза да тәтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ, ликер-арақ өнімдерін және кулинариялық өзге өнімдерді шығару үшін глюкоза пайдаланылады. Біле білсек, бұл Жаркент крахмал-сірне зауытының құндылығын арттырады.
Сөйтіп, Жетісу жерінде Қазақстан ғана емес Орталық Азияда салынбаған, салынған күнде дәл осы өңірдегідей жүгеріні өздері өсіріп, өздері өңдеп әлемдік стандартқа сай сапамен рынокқа шығарған зауыт жүйелі жұмыс жүргізуде. Басты ұстанымы – әлемдік сапаға сай шығарған өнім сапасын төмендетпеу. Сөйтіп, сенім биігінен түспей өңір халқын тұрақты жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін таба беруіне ықпал ете беретіндіктеріне нық сенімді.

Жалпы, Жаркент крахмал-сірне зауытын уақыт талабына сай салып, жөндеу жұмыстарын жүргізуде «Универсал» өндірістік компаниясының президенті Зәкіржан Кузиевтің ерен еңбек сіңіргенін айта кету керек. Жылына 30 мың тонна өнім шығаратын зауыттың тек жобасын қаржыландыруға 1800,0 теңге жұмсалғаны көп нәрсені аңғартады. Ең бастысы, зауыт халық қажеттілігін толық өтеп отыр. Өңір жұртшылығы еш алаңсыз үйреншікті кәсібі – жүгерісін егіп, пісіп жетілген соң іргедегі зауытқа апарып өткізіп, еңбегінің өтеуін алатынына кәміл сенімді.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.

http://egemen.kz/kz/basty-ma-alalar-2/31180-osyndaj-zauyt-bar

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus