Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Қызылорда қаласында күрішке орақ түсті

Қызылорда қаласында күрішке орақ түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат – Қызылорда қаласында күрішке алғашқы орақ түсті. Шара қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде өткізілді. Шараға қатысқан қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ең алдымен «Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-нің тәжірибе жасау танаптарында осы жылы егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көбейту алаңдарында жүргізіліп жатқан жұмыстарымен танысты. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен, ауыл тұрғындарымен кездескен қала басшысы диханшыларды алғашқы егін орағымен құттықтай отырып, Елбасының тапсырмасымен Үкімет тарапынан жыл сайын ауыл шаруашылығы саласына қаржылай қолдау көрсетіліп жатқандығын, биылғы жылы да қаланың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағар май мен минералдық тыңайтқыштардың, пайдаланатын судың құнын арзандатуға арнайы субсидия қаралғандығын жеткізді. Сондай-ақ, қала әкімі: «Биыл қаламыз үшін үлкен мереке. Ырысты, күрішті өлкеміздің бас қаласы Қызылорданың іргетасы қаланғанына 195 жыл толуда. Егін жинау науқанының қорытындысымен біздің дихандарымыз қалалықтарға мол өнім тарту етеді деп сенеміз», – дей отырып, алдағы жұмысқа сәттілік тіледі.

Мұнан кейін облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламановтың, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және ардагерлердің, диханшылардың қатысуымен күрішке алғашқы орақ салу рәсімі жүргізілді.

Айта кету керек, биыл қалада 2377 гектар жерге күріш егілді. Мамандар ауа райы қолайлы болды, енді өнім де жақсы болуы керек деп межелеуде.

Күріш жинау науқанына қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларынан 42 трактор, 27 астық жинайтын комбайн, 18 жатка, 20 трактор тіркемелері, 9 астық тазалағыштар мен 6 жүк көлігі қатысуда.

Шара соңында қала әкімі сала мамандарының семинар-кеңесіне қатысып, мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus