Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Ырыздықтың ыстық демі

Ырыздықтың ыстық демі

«Бірлік болмай, тірлік болмайтынын» төлебилік шаруалар жақсы түсінген сыңайлы. 2009 жылдан бері Төлеби ауданында 1505 шаруа қожалықтары 21 жай серіктестікке біріктірілсе, өткен жылы 499 ұсақ шаруа қожалықтары ірілендіріліпті. Яғни, шаруалар бірігіп, бір қолдың саласындай жұмылып әрекет етудің қамын жасап жатыр. Осынау ынтымақ, бірлік елді береке, молшылыққа бас­тап отыр. Биыл Төлебиде егін бітік.

Аудандағы шоқтығы биік шаруашылық­тар­дың бірі – «Ақсай» өндірістік кооперативі. Ақсайлық шаруалар Талдыбұлақтағы егінге орақ салып, үлкен табысқа кенелді. Мұнда 146 гектар күздік бидай егілген болатын. «Егіннің орташа түсімділігі жақсы. Қазірше гектар қайтарымы 23 центнерден келуде. Дәнді шашпай-төкпей жинап алу үшін жігіттер жан аямай еңбек етуде», – дейді кооператив төрағасы Тұрар Жақыпов.

Ақсайлықтардың шалғайдағы Талдыбұлақта күздік бидайдан басқа 200 гектар мақсарысы мен 190 гектар жоңышқасы бар. Жалпы алғанда, бұл шаруашылық осы жазда 489 гектар алқаптың егінін жинап алу үшін күн-түн демей еңбек етуде. Кооперативтегі Мият Сералиев, Ерік Анарбаев, Әзімбек Мырзан, Оразбай Өнербаев сынды еңбеккерлер алды жиырма жылға жуық уақыттан бері ырыс-несібесін Жер-Ана төсінен терген, дала жұмыстарына әбден төселген, шыңдалған жандар.

«Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген, бүгінде Оңтүстікте алтын дәннің арқасында дәулетін асырып, асығы алшысынан түсіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Бүгінге дейін облыс бойынша 182,4 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 119,1 мың гектарына орақ түсіп, өнімдері жиналып алынды. Орташа түсім гектарына 18,6 центнерді құрауда. Қалай айтсақ та, ел күмәнмен, күдіктене қарайтын жылан жылы несібесін жерден терген ауыл адамдарына мол берекесін сыйлап-ақ тұр. Лайым, қамбамыз дәнге, даламыз әнге тола берсін!

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Төлеби ауданы.

http://www.egemen.kz/%D1%8B%D1%80%D1%8B%D0%B7%D0%B4%D1%8B%D2%9B%D1%82%D1%8B%D2%A3-%D1%8B%D1%81%D1%82%D1%8B%D2%9B-%D0%B4%D0%B5%D0%BC%D1%96-2/

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus