Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар СУБСИДИЯҒА МЕЛДЕКТЕГЕН САЛАДА НЕГЕ ШЫҒЫН КӨП?

СУБСИДИЯҒА МЕЛДЕКТЕГЕН САЛАДА НЕГЕ ШЫҒЫН КӨП?

Ел Үкіметі кешегі отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мәселелерін қарады.
Атап айтқанда, Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бюджеттен миллиардтар бөлінетіндігін, субсидияға да қыруар қаржы шығындалатындығын, алайда қомақты қайтарымы болмай тұрғанын сынға алды. Сондықтан бұл саланы реформа күтіп тұр. Осы орайда Үкімет жиынында Ұлттық экономика министрі ауыл шаруашылығындағы субсидияларды оңтайландыру және тиімділігін арттыру бағытындағы шараларды ұсынды.

Қазіргі уақытта тек өсімдік шаруашы­лығында ғана субсидияның 13 түрі бар. Атап айтқанда, олар өсімдіктер тұқымда­рының құнын арзандатуға және өндіріске кеткен шығындарын өтеуге, жеміс дақыл­дары мен жүзім егістерін егуге, тыңайт­қыштардың құнын төмендетуге, мақта өндірушілердің өнім сапасы сараптама­сына жұмсаған шығындарын толық өтеу­ге, өсімдік шаруашылығындағы сақтан­ды­ру төлемдеріне, биоагенттер мен био­­пре­параттар құнын субсидиялауға арналған.

Дегенмен егіншілер барлық субсидия түрлерін біріктіруді, субсидиялау кезінде өсіп шыққан ақырғы өнімді негізге алуды сұрауда. Әйтпесе кейбір аграршылар егіс күтімін аяғына дейін жеткізбей, тіпті шыққан өнімді де жинамай тастайтын көрінеді: мемлекеттен алған мол субсидия егін егуге кеткен шығындарын онсыз да артығымен жабады екен.

Бұл ретте Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Әуезхан Дәриновтің айтуынша, «қандай да бір технологияларды қолданғандығын, сондай-ақ жоғарыла­тылған субсидия алуының заңдылығын дәлелдеу мүмкін емес». Осы себепті Үкі­мет «ақырғы өнімді» субсидиялаудың дұрыстығына келісті.

Ұлттық экономика бірінші вице-ми­нистрі Марат Құсайыновтың айтуынша, субсидияларды жетілдіру шаралары 3 блокқа топтастырылған: «Біріншісі, жү­йелі шаралар. Олар бойынша ауыл шаруа­шылығындағы барлық субсидиялар оңтайландырылады, тиімділігі артты­рылады. Сондай-ақ Қазақстан ақырғы ауыл шаруашылығы өнімін шығаруды субсидиялауға көшеді. Бұл – ендіріліп отырған негізгі жаңалық».

Ал қазіргі шаралар келесі бағыттарда шоғырландырылады: тұқым шаруа­шы­лығындағы субсидиялау тетіктері қайта қаралады, суаруға арналған суды беру суб­си­диясының тетігі қайта түзіледі, мал ша­руа­шылығындағы өндірістің өсімі мен экс­порты ынталандырылады, инвести­ция­лық субсидиялау қолжетімді бола түседі.

«Үшіншіден, институционалдық жетілдіру шаралары субсидия беру кезіндегі әкімшілік процедураларды жеңілдетуді және ашықтығын қам­тамасыз етуді көздейді. Бұл – бүгіндегі үлкен және өте маңызды мәселе! Суб­сидия әдістемесі жетілдіріледі» деді бірінші вице-министр.

Расында, мәселен, Ә.Дәриновтың айтуынша, кейбір шаруа қожалықтары мен фермерлерді субсидиядан және мем­қолдау шараларынан қағу үшін жер­гілікті шенеуніктер жасанды ке­дергілер, шектеуші талаптар қояды.

«Ұсынылып отырған шаралар өнді­ріс­тің өсіміне, өнім сапасының артуы­-на серпін беруге тиіс, – дейді Марат Құсайынов. – Бұл – жетілдірудің негізгі міндеті. Ол кооперацияның да­муына, өнімділіктің жоғарылауына, суб­сидияның тиімді құрылымының түзілуіне ықпал етеді және ДСҰ кри­терийлері мен қағидаттарына сәйкес келуге тиісті».

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 157 миллиард теңге шығындалады. Және 2009 жылдан бері 3 есе өсті! Алай­да ауыл шаруашылығы өндірісі сонша өсті деп айту қиын. «Сол себепті тиім­ділігін арттыру күн тәртібіне қойылды. Бүгінгі таңда субсидия шығыстарды жабуға, соның ішінде мәселен, егістіктің әр гектарына немесе әрбір сиыр басына бөлінеді. Бұл өндірістің өсуіне, сапаның артуына әкелмейді. Сондықтан енді ке­зең-кезеңмен тек ақырғы өнімді суб­сидиялауға, соның құнын арзандатуға көшетін болдық!» деді Ұлттық эконо­мика министрінің бірінші орынбасары.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі бри­фингке келген Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев тағы бір түйткілге назар аудартты: «Талдау нәтижесінде біраз нәрсе анықталды. Ең алдымен, субсидия тарату процесі қайта қарауды талап ет­ті. Өйткені жергілікті атқарушы ор­ган­дар аудандарда арнайы комиссия құ­рып, мың түрлі құжат сұратады. Содан жиналған папкі-папкі қағаздарды кей­бір аудандарда тіпті машинамен таси­ды! Соның барлығы енді электрондық ақпараттық жүйеге көшірілуде. Біз шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, суб­сидия беруді автоматтандыру жолын іздеп жатырмыз. Бүгін Үкімет отыры­сында осыны баяндадық. Қолдау тап­тық. Демек, жақын арада нақты шара­лар қолға алынады».

Сонда ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілер әкімқаралар каби­нетінің табалдырығын тоздырмай, ко­миссиялар соңынан жүгірмей, үйле­рі­нен-ақ ғаламтор арқылы өтінім бере алады екен.

http://www.aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus