Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕСТІ ЕКІ ЕЛ БІРЛЕСЕ ЖҮРГІЗЕДІ

ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕСТІ ЕКІ ЕЛ БІРЛЕСЕ ЖҮРГІЗЕДІ

Ақтөбе мен Орынбор облысының шаруалары шегірткемен күрес жұмыс­тарын бірлесе жүргізеді. Көктемде ма­мандар 499 мың гектар аумақты улап, химиялық өңдеу жасауды жоспарласа, бүгінде тағы 150 мың гектарды шегіртке жайлап барады.
Соған орай шұғыл штаб құрылып, қазір Ресеймен шекаралас аймақтардағы егінді аман сақтауға күш салынып жатыр. Себебі «біз шегірткіні улау жұмыстарын жүргізгенімізбен, көрші елдің іс-қимылы баяу» деп дабыл қақты шаруалар. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов Ақтөбеге сапары кезінде Орынбор облысының басшыларымен кездесті. Бар мақсат – шекараны білмейтін зиянкес жәндік­пен күресті бірлесе жүргізу. Бұл – үшінші ұрпағы дамып, қанаты қатайған шегірт­кемен күресте нәтиже беретін жалғыз шешім.
Ақтөбе жеріне 2000 жылдары «ше­гіртке жауып», шаруалар әбігерге түскен еді. Төрт жыл қатарынан қуаңшылық­тан көз ашпаған диқандар биыл алға нақты жоспар құрып, ауа райы қолайлы ай­маққа ғана дән сеуіп, егін екті. Бірақ мамыр айынан бастап шегірткемен кү­ресіп келеді. Оған жергілікті, рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 40 жұмыс күші де жіберілді. Тіпті әуе күштері пайдаланылып жатыр. «Ақтөбе Құнарлылық» ЖШС мен «Аэро» әуе компаниясы» ЖШС химиялық өңдеуді жалғастырып келеді.
– Республикалық әдістемелік орта­лық өткен жылы зерттеу жүргізіп, 499 мың гектар жерде шегіртке шығады деп болжады. Өкінішке қарай, биыл тағы да қосылды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі көмектесіп, қосымша 150 мың гектарды улауға қаржы бөлді. Барлығы бір миллион гектарға жуық жер өңделеді, – деді штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов тілшілермен кездесуінде. Бүгінде 330 мың гектар аумақ уланған. Ал шегірткенің үшінші ұрпағы дамып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл – ең қауіпті кез.
Тағы бір мәселе, қазақ жеріндегі ше­каралас аймаққа егін егілсе, Ресейдің кей жерлері бос жатыр. Әрі екі шекараның түйіскен жері, 100 метрлік аумаққа тех­ника жіберілмейді. «40 мың гектар ал­қаптың 34 мыңына дәнді дақыл себілді. Үш мың гектарға күнбағыс, 600 гектарға жүгері егілсе, өзгесі –мал азығы. Қазіргі күні бұл аумақты мамандарға бөліп бердік. Әрқайсысына 2-3 мың гектардан келді. Жұмысшылар өз аумағын біледі, сонда таңертеңнен кешке дейін жүреді. Шегіртке кезіктерсе, дереу белгі бе­ріп, улау жұмыстарына кіріседі. Бізді шека­ра қинайды. Мұндағы Ресей аумағы бос жатыр, ал біз химиялық улау жұмыста­рын жүргізе алмаймыз. Себебі шекарадан бір қадам аттап өтуге болмайды. Енді зиянкеспен қалай күресеміз?» дейді «Степное» ЖШС-нің директоры Аман­ғос Төлеуов. Соған орай қос ел маман­да­ры шекаралас шет ауыл маңындағы белгі таста кездесті. Агроөнеркәсіп ке­ше­нін­дегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мән-жайды түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанның 21 ауданы Ресеймен шектеседі. Бүгінде 1,7 млн гектар жер хи­миялық өңдеуден өтті. Әлі 1500 гек­тары уланады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлініп жатыр. Биыл күн салқын, шегіртке кеш шықты. Әлі он күн бойы күресті қарқынды түрде жүргізу керек. Ал қарсы тараптан келген Орын­бор облысының Ауыл шаруашылығы ми­нис­трі Михаил Маслов: «Көктемгі зерттеу бо­йынша Орынбор облысында 300 мың гектар аумақта шегіртке бар деп танылды. Бүгінде 258 мың гектар аумақ өңделді. 6 ұшақ, 7 техника жұмылдырылды. Төтенше жағдай жарияланып, у жеткі­зілді. Техника да сақадай-сай. Бұл – біздің ортақ мәсе­леміз. Қазақстандық шаруалар улайды, шегіртке бізге көшеді, біз улай­мыз зиян­кес қазақ жеріне өтеді. Сон­дықтан бір күн­де, бір мезгілде жұмыс жүргізілетін бо­лады» деді. Бұл – екі елдің ауыл ша­руа­шы­лығы өкілдері қабылдаған ортақ шешім.
Жұмыстың басы-қасында жүрген мамандар мұндай қарақұрым зиянкесті отыз жылдық тәжірибесінде көрмегенін айтады. «Жүзден астам адам жер телім­деріне бақылау жүргізеді. Әсіресе, Ресей маңына қырағы болу керек. Себебі шегіртке сол елден бізге жетті. Енді он күннен кейін шегірткенің қанаты қата­йып, ұшады. Ол кезде зиянестерді тоқтату мүмкін болмайды, шаруаның еңбегі зая кетеді», – дейді бас агроном Геннадий Молюченко.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus