Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Шегіртке шеруіне тосқауыл қойылады

Шегіртке шеруіне тосқауыл қойылады

Жұма, 17 мамыр 2013 1:46

Соңғы жылдары ауа райы қуаңшылықты болып тұр. Бұл егіннің және шөптің шығымсыздығына соқтырып жүр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, мұның ауылшаруашылық дақылдары үшін қауіпті зиянкес – шегірткенің өсіп-өнуіне аса қолайлы жағдай жасайтыны да белгілі. Сол себептен де 2011 жылғы жүргізілген химиялық өңдеу шараларына, агротехникалық әдістің қолданылуына қарамастан, өткен жылы үйірлі және саяқ шегіртке өрісін кеңейтіп, біраз шығынға батырған-ды. Биыл да шегіртке шабуылы болады деген қауіп бар. Алдын ала болжамдарға қарағанда, облыстың бес ауданында шегірткенің балаң құрттарының көлемі бірнеше есе көбейіп, бұрын мұндай жағдай болмаған аудандарда да шегірткелердің пайда болғандығы анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай 2011 жылы Ресей Федерациясының шекаралық аймақтарынан италиялық шегірткенің көп көлемде біздің өңірге қоныс аударуынан туындап отырған көрінеді. Оның үстіне өткен жылы шегірткеге қарсы елеулі көлемде өңдеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан өсімдік зинкесі үйірлер қалыптастырып, біздің облысымыздың да бірқатар аудандарына қоныстанып қалған.

Өсімдік шаруашылығы үшін өзекті мәселе туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымовтың төрағалығымен өткен үлкен жи­налыс­та кеңінен сөз болды. Осы жиналысқа қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов облыс­тың Ресеймен шекаралас екенін, шегірткенің негі­­зі­­нен сол жақтан ұшып келетінін, мұны көршілеріміздің де мойындап отырғанын, сон­дай-ақ, зиянкеспен бірігіп күресуге әзір екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақ­төбе аумақтық инспекциясының бастығы Оразбек Далмағамбетов шегірткемен күреске байла­нысты облыста қазіргі таңда қалыптасып отырған жағдайды жан-жақты баяндады. Ал осы жұмысты тікелей жүргізетін, шегірткемен күрес шараларын атқаруды тендерде ұтып алған операторлар бұл жұмысты ұйымдастырудың жай-жапсарынан хабардар етті.

Шегірткеге қарсы күрес жүргізілетін аумақтың тең жартысы ұшақ арқылы өңделетін болады. Сондай-ақ, агротехникалық әдістің қолданылуы да шегіртке шабуылын шектеуге көмектеседі деп күтілуде. Аумақтағы фитосанитарлық жағдай да әңгіме өзегіне айналды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

http://www.egemen.kz/%D1%88%D0%B5%D0%B3%D1%96%D1%80%D1%82%D0%BA%D0%B5-%D1%88%D0%B5%D1%80%D1%83%D1%96%D0%BD%D0%B5-%D1%82%D0%BE%D1%81%D2%9B%D0%B0%D1%83%D1%8B%D0%BB-%D2%9B%D0%BE%D0%B9%D1%8B%D0%BB%D0%B0%D0%B4%D1%8B/

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus