Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Шаруалар шегірткеге қарсы бірге күреспек

Шаруалар шегірткеге қарсы бірге күреспек


Ақтөбелік шаруалар биыл да егінді қырқып кетер шегірткеден сескенеді. Зиянкеспен күрес көктемде басталды. Мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, біраз жұмыс атқарылды. Алайда, былтырғыдай Ресей аумағынан шегіртке жоғары ауатын болса, бұл еңбектің зая кеткені. Сондықтан, ортақ мәселені бірлесе шешу үшін, Ақтөбе өңіріне Орынбор облысынан ауыл шаруашылығының мамандары келді.

Орынбор облысының жеті ауданы Ақтөбенің бес ауданымен шектеседі. Өткен жылы осы көршілердің бейқамдығынан, біраз шаруа шығынға батты. Үйірлі шегіртке үйіріліп келіп, жолындағыны жайпаған еді. Биыл алдын-ала қамдану керек,-дейді ақтөбелік мамандар. Қауіптенуге себеп жоқ емес, қазір Орынбор облысында төтенше жағдай жарияланыпты.

Сергей Рябых, Орынбор облысы АШМ салаларды дамыту басқармасының бастығы /Ресей/:
– Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық келісімдерге сәйкес, шегірткемен күресу мақсатында Орынбор облысында 17 мамырдан бастап, төтенше жағдай жарияланды. Облыс бюджетінен 47 млн руль бөлінді. Оған қажетті мөлшерде у сатып алдық.

Қаржы бөлінді дегенмен, Ресейде барлық күш шаруалардың өзіне түседі. Алқаптарды улауға қажетті техниканы өздері табады. Орынбор облысының Светлый мен Адамовка ауылдарында зиянкеспен күресті қазірден күшейтпесе, шегірткенің қанаты қатайғанда кеш болуы әбден мүмкін.

Оразбек Далмағамбетов, ҚР АШМ Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының жетекшісі:
– Биыл да шаруаларға бұлар пестицид алып берді. Шарауалар өздерінің күштерімен жұмыс жасап жатыр. Бірақ, ойлап қараңыз, мынандай техника ол шаруаларда жоқ. Біреулерінде аэрозольды генератор, біреулерінде жай у шашқыш деген сияқты. Ал, мынандай қуатты техника жоқ, сондықтан, біз олардан шамалы қорқып отырмыз.

Ақтөбелік шаруалардың жерін шенеунік айтқан қуатты техника улап берді. 781 мың гектар жердің 80 пайызында жұмыс аяқталды. Әйтеке би ауданының шаруасы Александр Чемоданов қандай жағдайға да тас-түйін дайын отыр. Әзірге алқабынан зиянкес байқалмайды. Шекараға қарамайтын жәндік үшін көршіге тас атпаймыз, керісінше, бірлесе жұмыс жасауға әзірміз,-дейді кәсіпкер.

Александр Чемоданов, Кәсіпкер:
– Міне, биыл қатарынан үшінші жыл шегірткемен күресіп жатырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл жұмыстарды ұйымдастыру жағы жаман емес. Алқаптарды улап болдық, көктем айларынан бері еңбек еттік. Шегірткелердің ұяларын анықтап, жойып отырдық.

Ақтөбе жерінде шегіртке ұяларының жойылғанын ресейлік мамандар көрді. У шашатын ұшақтар мен түрлі техникамен де танысты. Жақында біздің мамандар Орынбор облысының алқаптарын аралап қайтпақ.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus