Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар ОҢТҮСТІКТЕ РЕКОРДТЫҢ ҚҰЛАҒЫ ҚЫЛТИДЫ

ОҢТҮСТІКТЕ РЕКОРДТЫҢ ҚҰЛАҒЫ ҚЫЛТИДЫ

Биыл бақша дақылдарынан облыста бұрын-соңды болып көрмеген көлемде рекордтық өнім жиналмақшы. Бұл жерде ешкім көріпкелдік жасап отырған жоқ. 

Бүгінгі күнге дейін жиналған өнім былтырғыдан анағұрлым көп болып отыр. «Оңтүстік Қазақстанда рекордтың құлағы қылтия бастады» деп диқандардың, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандардың өздері айтып отыр.

 

Маусым басталғаннан кешегі күнге дейін облыс диқандары 400 мың тоннаға жуық қауын мен қарбыз жинапты. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен 150 мың тоннадай артық. Еккен қауындары мен қарбыздарын Түркістан ауданындағы Сауран стансасының маңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойына шығарып сатып тұрған келіншек:
– Бұл біздің екінші өніміміз. Бірінші жиын-терімді КамАЗ-ға артып жібердік. Олар қарбыздарымыз бен қауындарымызды Қазақстанның солтүстіктегі облыстарына, ТМД елдеріне алып кетті. Биыл қауын да, қарбыз да мол. Жақсы түйнектеді. Пәлегі жақсы болды. Үлкен қауын-қарбыздардың өзін жапырақтар жауып тұрды. Пәлек дегеніміз – осы. Зиянкестерге қарсы күрес жүргізілді. Соның нәтижесінде мол өнім жинап отырмыз, –  дедi.
–  Қарбызыңыз, қауыныңыз қан­шадан?

– Қарбыздың бір данасын 50, қауынды 100 теңгеден ала қойыңыздар.
Шымкент базарларындағы бағамен іштей салыстырып тұрмыз. Қарбызының келісі шамамен 10 теңгеден, ал қауынының келісі 20 теңгеден түсіп тұр.
Әлгі жерден Түркістан қаласына қарай 8-9 шақырым ұзағанда тағы да алдымыздан үйіліп жатқан қауындар мен қарбыздар көрінді. Тоқтай қалдық. Мұндағы баға әлігіден де арзандау болып шықты.
– Қарбыздың данасын 40 теңгеден, ал қауынды 80 теңгеден, әңгелектердің 3 данасын 100 теңгеден ала қойыңыздар, – дейді жап-жас қыз.
– Қызым, мектепті бітірдің бе? Кімнің қауын-қарбызын сатып тұрсың?
– Мектепті құдай қаласа биыл бітіремін. Біз – отбасымызбен диқанбыз. Әкем, шешем, ағам ана-а-у егістіктің ішінде жүр, – деп иегімен нұсқады. Егістіктері үлкен жолдың жағасында екен.
Қарбыздары да, қауындары да 4-5 келіден таразы тартатындай, біркелкі.
– Өнімді енді жинай бастадыңыздар ма?
– Жоқ, алғашқы өнімді осыдан 15-20 күн бұрын КамАЗ-ға артып жібергенбіз. Бұл екінші рет жинауымыз.
– Сіздердің бағаларыңыз қолжетімді екен. Ал қаладағы базарларда қымбаттау…
– Ол жағын білмедік ағай. Бізден осы айтып отырған бағамен сатып алып, ма­шиналарына тиеп алып кетеді. Өзіміз егісті аралап жүріп жинап береміз. Пәлектерді аяқтарымен жаншып, қор қылмасын дейміз. Қауын-қарбыз қара күзге дейін жинала береді.
Бағаны шамалы да болса қымбаттататын алыпсатарлар, жол шығыны екен ғой, – дедік іштей.
Шымкенттегі базарлар мен дүкендерде де қауын-қарбыз жыртылып-айырылып жатыр. Бағасы шамамен Түркістан жақта көргенімізден 2-3 еседей қымбат. Мысалы, қарбыздың келісі 25-35 теңгеден. Қауын­ның келісі 50 теңгеге дейін барады.
– Біз бұл қауын-қарбызды 250-300 шақырым жерден алып келдік. Көлік шығыны, жанармайымыз бар, бізге де көп болмағанымен, шамалы шай-пұл қалуы керек, – деді кәсіпкерлердің бірі.
Айтқаны құлаққа қонымды. Бәрібір Шымкенттегі баға арзан. Ал егістің ба­сынан тікелей диқандардың өз қолынан сатып алсаңыз, қауын-қарбыз «су тегін» дей­тіндей.
Қазір республиканың кезкелген қаласында «Шымкенттің қауындары мен қарбыздары» сатылып жатыр. Осылай дейді. Іс жүзінде Шымкент – миллион тұрғыны бар үлкен қала. Қаладағы асфальт көшелерде қауын-қарбыз өспейді. Қайда барсаңыз да алдыңыздан «мен мұндалап» шыға келетін Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Шардараның, Отырардың, Түркістанның, Жетісайдың, тағы басқалардың қауын-қарбыздары.
Биыл облыста бүкіл республика тұрғындарын толық қамтамасыз ететіндей қауын-қарбыз өсірілді. Былтыр да солай болған. Облыс тұңғыш рет 1 миллион тоннадан астам бақша өнімдерін жинап, айды аспанға шығарып еді. Ал биыл миллионың бергі жақта қалайын деп тұр.
Биыл облыста 53 мың гектар алқапқа бақша дақылдары отырғызылды. Жыл­дағыдан егістіктің көлемі айтарлықтай көбейе қойған жоқ. Гектар өнімділігі артты. Диқандарға субсидия беру дұрысталды. Егістікті күтіп-баптаудың технологиялары жақсырды. Егістік алқаптың біраз бөлігі тамшылатып суарыла бастады. Диқандардың қолындағы техникалар жаңарып жатыр. Тыңайтқыштар сатып алына бастады.
Енді диқандар қауын-қарбызды жыл бойы сақтап, сата алады. Облыста өнімді сақтауға арналған қоймалар жеткілікті дәрежеде салынды. Ең бастысы, жердің жағдайы жақсарды. Мақталық алқапты қысқартудың есебінен ауыспалы егіс технологиясы пайдаланыла бастады.
Мұның барлығы бірден бола қоятын жетістіктер емес. Соңғы 4-5 жылда жер­гілікті атқарушы билік аталған бағыттар бойынша нақты жоспарлар жасап, соған жету үшін табандылық танытты. Ша­руаларымыз да еңбекқор. Ауыл ­ша­­руа­­шылығында рекордты көрсеткішке жету оңай емес. Оған әрқашан шаруалардың адал еңбегі арқау болады.
«Балапанды күзде санайды». Ендеше, бақша өнімдерін жинаудағы облыстың рекордтық көрсеткішінің жай-жапсарын кейінірек айтамыз. Қазір рекордтың тек қана құлағы қылтиып көріне бастады.

http://www.aikyn.kz/articles/view/26395

Пікір қалдыруға болмайды

Система Orphus