Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Өнімділігі жоғары аграрлық секторды дамыту үшін бүкіл әлеуетті жұмылдыру қажет – апталық шолу

Өнімділігі жоғары аграрлық секторды дамыту үшін бүкіл әлеуетті жұмылдыру қажет – апталық шолу

АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің солтүстік өңірлеріне сапарлады. Оның аясында Елбасы осы аймақтардағы егін орағы науқанының барысымен және бұл облыстардағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен танысты.
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Президент ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерімен жиын өткізіп, бұл өңірге жыл сайын арнайы келетіндігін атап өтті. «Қостанай облысы жалпы қазақстандық астықтың 30 пайызын өндіреді. Бұл жерде өндірістің мықты базасы бар, көлік өндірісі, ірі шикізат кәсіпорындары. Тұтастай алғанда, бұл жердегі жағдайды көңіл толтырарлық деп айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы биылғы жылы елімізде астық өндірісі 16 млн. тонна деңгейінде күтілетіндігін және астық жинау науқаны басты назарда болу керектігін қадап айтты. «Мемлекет бұл үшін елеулі қолдау көрсетуде. Болашақты айтар болсақ, алдағы уақыттарда әлемде азық-түлікке деген сұраныс 50 пайызға дейін артпақ, 2030 жылға қарай жер шарындағы адамзат саны 1 миллиардқа көбейеді. Бізге өңдеу кәсіпорындары ұйымдарын ұйымдастыруды күшейту қажет. Біздің жерімізде не өсірілетін болса, соның барлығы да осы жерде өңделу қажет», – деп есептейді Президент. Атап айтқанда, бұл тек астыққа ғана қатысты емес, сонымен қатар мұнай мен кен өндірісіне де қатысты болса керек. Өнім өңдеу жолға қойылса, экономикалық көрсеткіштер де жоғарылайтыны анық. Қазіргі кезде ауылды жерлерге мемлекеттік қолдау көрсете отырып, еліміз аграрлық кешенді нарықта бәсекеге қабілетті болуына барынша кірісіп отыр.

Бұдан кейін Елбасының жұмыс сапары Солтүстік Қазақстан облысында жалғасты. СҚО Қазақстанның басты астықты өңірлерінің бірі және республикада өсірілетін жалпы көлемнің үштен бірін береді. Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысының барлық егіс көлемі 4,4 млн. гектарды құрайды. Соның ішінде дәнді дақылдар 3,6 млн. гектарға орналастырылған. Облыста егін шаруашылығын әртараптандыру, оны бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған дақылдар егуге қайта бағдарлауға арналған мақсатты жұмыс жүргізілуде. Биылғы жылы майлы және жемшөп дақылдары егісі ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы өндірісінде мал шаруашылығын, соның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге зор көңіл бөлінуде. 1 тамызға мал басы шаруашылықтың барлық санаттарында 347,5 мың басты құрады немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайыз болды. Қой, ешкі және құс саны өсті.

Бұл өңірге жұмыс сапары барысында ел Президенті Айыртау ауданында аймақтың агроқұрылымдар басшыларымен кездесті. Кездесу барысында СҚО әкімі Самат Ескендіров Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономиканың әртүрлі салалары мен әлеуметтік саланың дамуы туралы баяндады. Н.Назарбаевтың бірқатар шаруашылықтар басшыларымен әңгімелесуі барысында ең алдымен аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы, аграршылар алдында тұрған міндеттер мен проблемалар әңгіме болды, қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, бәсекеге қабілеттілігін көтеру мәселелері қозғалды. Президент аграрлық секторды әртараптандыруға, оның импорттық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді ұлғайтуға және аграрлық секторда жаңа кәсіпорындар құруға баса көңіл бөлді. Президент мемлекет, ең алдымен, көрсеткен қамқорлықтың арқасында өз өндірісін дамытып, алға қарай ұмтылған шаруашылықтарға бұдан былай да көмектесіп отыратынын атап өтті.

Н.Назарбаев аймақтың сыртқы сауда айналымын сынға алып, оның әлеуеті төмен болып отырғанын айта келе: «Облыс ұнды көптеп экспорттайды, астықты өңдеп, дайын өнім шығаруы және оны республикалық және сыртқы нарыққа шығаруы керек», – деді.

Мемлекет басшысы тұтастай алғанда Солүстік Қазақстаннның басты саласы – ауыл шаруашылығы және нақ осы салада жұмыс тиімділігін көтеру қажет екенін қадап айтты. Президент ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, ТКШ-ні реформалау, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысын дамыту және басқа да мәселелерге тоқталып, барлық негізгі бағыттар бойынша мемлекеттік бағдарламалар жасалғанын және қаржыландырылғанын, енді бүгінгі міндет оларды іске асыру екенін атап көрсетті.

«Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасына 1 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарлануда

Ағымдағы аптада өткен Үкімет отырысында «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасы талқыланып, кейін Министрлер кабинеті бірауыздан бұл құжатты қабылдады. Айта кетейік, биылғы қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырған болатын. Құжат бойынша бүгін Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, талқылаулар барысында жергілікті атқару органдарының өнеркәсіптік және тұрғын үй коммуналдық кәсіпорындарының, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, бағдарламаға жаңа энергия тұтыну жүйесін құру бойынша жұмыстардың негізгі бағыттары енгізілді.

«Энергия үнемдеу – 2020» бірнеше бағыт бойынша жаңа қадамдарды қарастырады. Оның ішінде энергия тиімді кәсіпорын бағытында өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия тиімділігін міндетті түрде 30 пайызға арттыру шараларын іске асыру, энергия тиімді құрылыс бағытында 2015 жылдан бастап барлық құрылыстық нормаларды, ережелерді қатаңдатып, энергия тиімді құрылысты қамтамасыз ету, энергия тиімді көлік бағыты бойынша теміржол локомотивтері мен әуе кемелерін жаңартып, отынды пайдалану көлемін 30 пайызға дейін төмендету тұрғысында үнемді көліктерді сатып алуға халықты ынталандыру шаралары ескерілген. Сонымен қатар осының аясында 2020 жылға дейін бюджеттік секторда энергия ресурстарды тұтынуды 25 пайызға дейін төмендету арқылы аталған мекемелердің энергия тиімділігін арттырудың кешенді бағдарламасын жүзеге асыру ескерілген.

Атап айтқанда бағдарлама аясындағы жұмыстардың жоспары 1 триллион 182 млн. теңге көлемінде 78 шараны қарастырады. Республикалық бюджеттен 145624 мың теңге, жергілікті бюджеттен 9 830936 мың теңге, сондай-ақ бюджеттен тыс қаржы көздерінен 1 триллион 177 млн. теңге тартылмақ. «Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өкілетті орган ретінде отандық экономиканың энергия тиімділігін арттыру үшін барлық қажетті талаптарды құрды. Енді барлық тиісті мемлекеттік органдар, әсіресе әкімдіктер мен кәсіпорындар энергия үнемдеу саясатын белсенді жүзеге асыруды бастауы тиіс», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Белгілі болғандай, «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы аясында Қазақстанда жағармай тұрғысында үнемді көліктерді сатып алу ынталандырылылмақ. Бұндай қадамдар шетелдегі тәжірибеге сүйене отырып жасалатынына тоқталған вице-министр, «Еуропадағы кез келген қалада барлық тұрғындар шағын көліктерді пайдаланады. Бұл өз кезегінде автотұрақта тұруға, экология үшін, оның ішінде бензин шығымдылығы жағынан тиімді. Осыған байланысты «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы аясында отынды пайдалануды 30 пайызға төмендету тұрғысында үнемді автокөліктерді сатып алу ынталандырылады», – деді.

Мәселен, бұндай көліктер үшін салық көлемі жеңілдікті болады екен. Атап айтқанда бұл стандартты нормалар, яғни тарифтік және акциздік саясат арқылы іске асырылады. Осыны ескере отырып, салықтар шағын литражды көліктер үшін жеңілдікті етіп жасалмақ. Бүгінде еліміздің халқы негізінен шетелдік үлкен көліктерді қалайтыны анық. Алайда, осы шағын көліктерді алуға көшу үшін жеңілдікті салықпен қатар авомашиналардың сапасы да жоғары болғаны абзал.

2018 жылға қарай халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 24 мың АҚШ долларына дейін жетеді

Атап айтқанда өтіп бара жатқан осы аптада Үкімет 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін қалыптастырды. Яғни, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджетті қалыптастыру бағытында ұсынылған құжаттар топтамасы мақұлданды. Аталған құжатты Министрлер Кабинеті отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев таныстырды.

«Мемлекет басшысы еліміздің 5 жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерінің негізгі болжамдарын қарады. Оның базасында Үкімет 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін қалыптастырды», – деді Премьер-Министр Серік Ахметов құжаттар топтамасын мақұлдау барысында. Бұл ретте Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік органдар 3 жылдық және 2014 жылға арналған бюджетті сапалы қалыптастырғандығын баса айтты. С. Ахметовтың атап өтуінше, олар негізінен министрліктердің, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына негізделген. «Сондықтан да қазіргі уақытта бюджетті өткізудің барлық кезеңдерін атқару және дер уақытында Парламент қарауына беру міндеті тұр. Парламентте жоғарғы және төменгі палаталар депутаттары корпусымен бюджет жетілдіріледі. Осыдан кейін кейін Мемлекет басшысы қабылдайды», – деп атап өтті С. Ахметов.

Мұнымен қоса, Е. Досаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған болжамның көрсеткіштерін жария етті. Осы орайда 2014-2018 жылдары экономиканың нақты өсімі 6-7,1 пайыз деңгейінде болжанып отырған көрінеді. Шикізаттық тауарға сыртқы сұраныстың баяу қалпына келуі жағдайында экономиканың өсімі орта мерзімді кезеңде индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бұл тұрғыда Қашаған кен орнында мұнай өндіру мен халықтың тұтыну деңгейінің өсімі ескеріліп отыр.

Сонымен қатар 2014-2018 жылдары инфляцияның жылдық деңгейі 6-8 пайыз дәлізінде болады деп күтілуде.

«2014 жылғы номиналды ішкі жалпы өнім 38,6 трлн. теңгеден 2018 жылы 65,9 трлн. теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Ал, 2014 жылы халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14,6 мың АҚШ долларын құрап, 2018 жылға қарай бұл көрсеткіш 24 мың АҚШ долларына дейін жетеді», – деді Е. Досаев.

Бұдан бөлек, Мұнай және газ министрлігінің болжамы бойынша 2014 жылы мұнай өндіру көлемі 83 млн. тоннаны құрайды. Ал одан кейінгі мерзімде оның деңгейі арта отырып, 2018 жылы 110 млн. тоннаға дейін жетеді. «Мұнай секторынан салықтың болжамды түсімін есепке алғанда Ұлттық қор қаржысының 2014 жылғы 93,9 млрд. доллардан 2016 жылы 122,1 млрд. долларға дейін артуы болжанды», – деді министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, бюджет қаражатын дұрыс игермеген бірінші басшылар тәртіптік жазаға тартылатынын айтты. Бұрын бірінші басшыларға қатысты тәртіптік жаза қолданылмаған. Енді, осы норма енгізіліп жатқан көрінеді. Екіншіден, жергілікті бюджеттерге аударылған ел қаржысы толығымен игерілмесе, ол республикалық бюджетке қайтарылатын болады. Демек, осындай тетік арқылы жергілікті атқарушы органдарды бюджет қаражатын толығымен игеруге ынталандырылмақ. «Алайда бюджет қаржысы толығымен игеріліп, тиісті мақсат-міндеттер орындалмайтын болса, бірінші басшы тәртіптік жазаға тартылады», – дейді Е.Досаев.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus